Театр — көрер көзге, көңілге ерекше эстетикалық ләззат сыйлайтын өнердің бірегей саласы. Бүгінде өңіріміздегі киелі өнердің қара шаңырағы — Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының ұжымы өзіндік ізденісімен көзге түсуде. Бұл ретте біршама еңбек атқарылғаны мәлім. Биыл отыз бесінші маусымы ашылған өнер ұжымы көрерменге жыл сайын жаңа спектакльдер ұсынып келеді. Одан бөлек, елімізде және шетелдерде өткен театр фестивальдерінде бірнеше рет жүлде алды. Жуырда театрдың басшысы Арман Темірбекпен өнер ордасының тыныс-тіршілігі туралы сұхбаттасқан едік.
— Арман Темірбекұлы, театрдың 35-інші маусымы сіздердің өнер ордаларыңыз үшін сәтті басталды. Үш айға жуық уақыт аралығында екі халықаралық және екі республикалық фестивальге қатысып, көпші-ліктің ыстық ықыласына ие болдыңыздар. Фестивальге дайындық қалай өтті? Әңгімені осыдан бастасақ…
— Иә, бұл маусым өзге маусымдардан қарағанда өзгерек. Өйткені, театр ұжымдарының шығармашылық жұмысын бағалауға арналған 4 фестивальге қатыстық. Мәселен, қыркүйек айында С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында өткен «Сын – шын болсын» атты театр фестиваліне, сол айдың соңы мен қазан айының басында Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрында өткен «BIKEN» І халықаралық театр фестиваліне қатыстық. Сондай-ақ, қазан айының ортасында Петропавл қаласында өткен мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің 125 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстан драма театрларының ХХІХ республикалық фестивалінде өнер көрсеттік.
Ал біз үшін негізгі фестиваль — Ресей мемлекетінің Мытищи қаласының «ФЕСТ» театрында өткен VII халықаралық «Подмосковные вечера» фестивалі. Оған қатысудың өзі біз үшін үлкен жетістік болды. Фестивальдер арасында өзге де нағыз кәсібиліктің көрігін қыздыратын бәсекелер өтіп жатты. Алайда уақыттың тығыздығына байланысты қатысуға мүмкіндік болмады. Бір айта кетерлігі, біздің ұжымның шекара асып, өзге елде қойылым қоймағанына біраз жыл болыпты. Бұл біздің әртістер үшін үлкен тәжірибе болды. Алдағы уақытта маусымның соңына дейін бірнеше фестивальге қатысу жоспарда бар.
— Білуімізше, аталған фестивальдердің барлығында Шәкәрім Құдайберұлының «Ұждан» әфсаналық спектаклін қойдыңыздар. Бұл шығарманы таңдауға не түрткі болды?
— Кез келген фестивальде күнделікті көрермендердің назарына ұсынылып жүрген спектакльдерді көрсете алмаймыз. Керісінше, жоғары сападағы қойылымдарды ұсынуға тырысамыз. Неге «Ұждан» таңдалды? Өйткені, бұл қойылым жоғарыда аталған фестивальдерге қатысу үшін дайындалды. Бұл спектакльдің режиссері Азамат Нығмановты арнайы Ресейдің Мәскеу қаласынан шақырдық. Режиссердің идеясы әрі әртістердің жоғары дайындығының нәтижесінде қойылым үмітімізді ақтады. 4 фестивальде де арнайы аталымдарға ие болдық. Өкінішке қарай, кей қойылымдардың мән-мазмұнын көрермен түсінбей жатады. Ал біздің әмбебап қойылым көрермендердің көңілінен шығып, ыстық ықыласына бөленіп, қазылар алқасының жоғары бағасын алды.
— Өзіңіз басшылық етіп отырған өнер ордасына қандай жаңашылдықтар немесе өзгерістер енгізе алдым деп ойлайсыз?
— Шынымды айтсам, маған дейін осында қызмет еткен басшылардың еңбегін атап өтпей, қандай да бір жаңалық енгіздім деп айта алмаймын. Олар әр кезеңде театрдың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты, қызметтеріне үлкен баға алды. Олардың салып кеткен сара жолын абыроймен жалғастыру — менің басты міндетім.
Әлбетте, заманның ағымына, қоғамның дамуына байланысты әр басшының жеке көзқарасы, жоспарлары немесе идеялары болары сөзсіз. Мүмкіндігінше өзге театрлардан барлық жағынан ерекшеленуге тырысамыз.
Бүгінде елімізде 70-тен астам театр болса, соның 10-ға жуығы үнемі ізденісте әрі қозғалыста жүреді. Олардың қатарында біздің ұжым да бар. Театр фестивальдеріне қатысады, өзге өңірлерге гастрольдік іс-сапарлармен шығады. Мәселен, Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры жоғарыда атап өткен фестивальдерге бір қойылыммен қатысып, бас жүлдеге ие болды. Бізде өз қазанымызда қайнай бермей, мүмкіндігінше театр көшінен кейіндеп қалмауға тырысамыз. Республикалық, халықаралық фестивальдерге қатысып, өзге өңірлерге гастрольдік сапарлармен барып, олармен жиі пікір алмасып тұрамыз. Біздің келесі мақсатымыз – шет елдерді аралап, олардың театр өнерімен танысып, пікір және тәжірибе алмасу.
— Сіздің ойыңызша, қазақ көрермендері азайып бара жатқан па? Жаңа көрермендерді театрға тартуда қандай істер атқарудасыздар?
— Жоқ, керісінше, көбейіп келеді. Оған сүйенер негіз де бар. Мәселен, біздің театрымыздың бір қойылымына бірнеше рет келіп тамашалайтын тұрақты көрермендеріміз бар. Бұдан көрермендердің спектакльді қайталап тамашалаудан жалықпайтынын, керісінше, әр көрген сайын ерекше әсер алатынын байқауға болады. Бұл өте жақсы, себебі ондай адамдар театрдың, шынайы өнердің қандай екенін жақсы түсінеді. Яғни, қазір театрға көрерменнің келуі көбею үстінде. Ол театрдағы жақсы қойылымдардың сахналанып жатқанының белгісі деп түсінеміз. Әрине, Алматы, Астана секілді ірі қалалардағы өнер ордаларымен көрермен тартудан бәсекеге түсе алмаспыз. Дегенмен, еріксіз күштеп әкелген 500 адамнан, өнерді бағалайтын шынайы 50 көрермен болса, бұл — театрдың үлкен жетістігі.
Кезінде филология ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының басшысы және театр сыншысы Еркін Жуасбекке «Балаларды несіне театрға тартамыз? Олар қойылымның сюжетін түсінбейді» деген пікіріме ол «Алғашында түсінбеуі, балалықпен шулауы мүмкін. Бірақ жиі баратын болса, спектакльдің мән-мазмұнын санасына сіңдіре алады» деп жауап берген болатын. Осыдан соң театр балалардың көркем қабілеттіліктерін жетілдіріп қана қоймай оларды тұлғааралық қарым-қатынасқа, өнерге деген қызығушылықтарын арттыратынын түсіндік.
— Әңгімемізді театр сынына бұрсақ. Жалпы, театр сынсыз өмір сүре ала ма?
— Сынсыз өмір сүруге болады. Алайда сын естімеген театрдың жұмысы өрге баспасы анық. Атын айтып, түсін түстеп айтпай-ақ қояйын, дегенмен елімізде сыншы-лармен бірлесіп қызмет атқар-майтын өнер ордалары бар.
Жалпы, сын – театрдың деңгейін көтеруге, бағыт-бағдарын анықтауға арналған құрал. Алғашында сахна барысында бойымызды қорқыныш билеп, кейін сын естіген соң көңіліміз түсіп қалатын. Бүгінде ол қалыпты жағдайға айналды. Керісінше сын естігенді қалап тұрамыз. Олардан қай жерден ақсап тұрғанымызды білген сайын, оны қайталамауға, одан жақсы өнер көрсетуге тырысамыз.
Театр тізгінін ұстаған 6 жылымды алып қарасақ қазіргі уақытта театрда осы сыннан өсу бар. Иә, кейде қателіктер болуы мүмкін. Бірақ нәтижесінде әртістеріміз кәсіби тұрғыдан шыңдала алды.
— Театрда бүгінде жас әртістердің еңбек етіп жатқаны көңіл қуантады. Оларға театр тарапынан қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
— Біз мүмкіндігінше жастарға қолдау көрсетуге тырысамыз. Мәселен, көп жас осы саланың дипломын қолына ала салып Алматы, Астана секілді ірі қалалардағы театр-ларда өнер көрсеткілері келеді. Алайды олар сахнада көптің бірі болып, тұншығып қалып жатады. Өйткені, ол шаһарлар мегополис болғандықтан, бәсекелестік өте жоғары. Сондай-ақ, кез келген мекеме тәжірибесі жоқ жас мамандарды жұмысқа қабылдамайтыны қалыпты жағдай. Ал біздің ордада оларға ұсынар мүмкіндіктер мол. Біріншіден, жатақханамен қамтамасыз етеміз. Екіншіден, тәжірибе барысында жас әртістер шығармашылығын шыңдай отырып, өзі қалаған кейіпкерді сомдай алады. Тіпті, басты кейіпкердің де рөліне ене алады.
Маусымның басында театрымыз 8 жас маманмен толықса, жақында қатарымызға Ресей елінен Қазақстанға қоныс аударған Сергей Левицкий деген кәсіби режиссер қосылды. Ол көптің қолы жете бермейтін театр әлеміндегі ірі жүлделердің бірі — «Золотая маска» атағын алған өз саласының білгірі. Ғ.Мүсірепов атындағы театрда еңбек етіп жүргенде біздің өнер ордасында қызмет етуге ұсыныс тастаған едім. Араға бір ай салып, ұсынысымды қабылдады. Бұл — біздің жастарға үлкен тәжірибе.
Тек, бір «әттеген-айы» — жатақхана берілгенімен, оларды жеке баспанамен қамти алмай отыр-
мыз. Бірақ болашақта бұл мәселе оң шешімін табады деп үміттенеміз.
— Өнер ұжымы өзге өңір-лерге және облысқа қарасты аудан мен ауылдарға көрермен-дермен байланысты нығайту мақсатында жылына бірнеше мәрте гастрольдік іссапарлармен аттанады. Биыл да бұл дәстүрді жалғастыратын боларсыздар…
— Әрине. Театрымыз жыл сайынғы өзінің келелі дәстүрі бойынша, республикамыздың бірнеше қаласына гастрольдік сапармен барды. Одан бөлек, аудандардағы көрермендерді де ұмытқан емеспіз. Расын айту керек, өзге облыстардағы театрларға қарағанда біздің театр аудандарға гастрольдік сапармен баруда алдыңғы қатарда. Өйткені, шалғай елді мекендердегі ағайынның қойылымды тамашалау үшін қалаға келуге мүмкіндіктері болмайды. Сол себепті, өзіміз барып көптің сұранысына ие болған спектакльдерді қойып береміз. Дегенмен, қойылым кезінде түрлі қиындықтар орын алып жатады. Кейде кей аудандардың мәдениет үйінде жарықтандыру, сахнамен мәселелер болып жатады. Осыдан соң қойылымның сапасы төмендеп кетеді. Бірақ соған қарамастан біз мүмкіндігінше аудандар мен ауылдардағы ағайынмен қарым-қатынасты үзбеуге тырысамыз.
— Алдағы жоспарлармен бөліссеңіз…
— Осы маусымның соңына дейін композитор Шәмші Қалдаяқовтың өнерін дәріптеу мақсатында «Шәмші» спектакль-концертін көрермен назарына ұсынбақшымыз. Қазіргі уақытта театрдың көркемдік жетекшісі Әділет Ақанов қойылымның жұмысына кірісті. Бұйырса, сәуір айының соңында немесе мамыр айының басында премьерасы болмақ. Одан бөлек, Сергей Левицкий «Сказка для взрослых», яғни балалар ата-аналарымен бірге айтар ойы терең ертегіні көре алатындай қойылымды қолға алды. Аталған спектакльді халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен қазақтың көрнекті жазушысы, драматург әрі жерлесіміз Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына орай «Ертіс-Баян» атты театр фестивалін ұйымдастыру жоспарда бар.
— Сұхбатыңызға рақмет! Келе жатқан халықаралық театр күнімен құттықтаймыз. Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.