Көктем келісімен қаладағы қармен қоса асфальттың да «еритін» әдеті бар. Кейбір көлік жүргізушілері шаһардағы даңғыл жолдардың жай-күйіне шағымданып, темір тұлпарларының «тағасы» сына беретінін айтады. Бүгінгі таңда күре жолдағы күрмеулі мәселені шешу мақсатында Павлодар қаласында жол төсемін жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.
Жалпы, қалада ұзындығы 30 шақырымды құрайтын барлық басты көшелердің жолдарын орташа жөндеу жоспарланған. Биыл облыс орталығында жол жөндеу жұмыстары жылдағыдан ерте басталды. Нақтылап айтсақ, ағымдағы жылдың алтыншы ақпанынан бастап облыс орталығында арнайы бригадалар қала көшелеріндегі жолдарда пайда болған шұңқырларды МАС-асфальт жабындысымен төсеу жұмыстарын бастап кеткен болатын. Нәтижесінде, бүгінгі таңда 740 шаршы метр жол жамылғысының зақымдануы жойылды. Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мамандарының мәліметінше, қазіргі уақытта жөндеу бригадаларының саны екі есе көбейді.
— МАС-асфальт технологиясын қолданған кезінде битумның концентрациясы ұлғаяды. Осылайша, ауа райының салқындығы кедергі келтірмейді. Біз де осы МАС-асфальт төсеу тәсілін қолданудың арқасында күннің жылынуын күтпедік. Ауа райы температурасы нөлден төмен болған кезде де жұмыстар тоқтамады. Қазіргі уақытта облыс орталығында төрт бригада жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, жөндеуді қажет ететін қала ішіндегі шағын жол учаскелері де анықталуда, — деді қалалық ТҮКШ бөлімінде.
Қала әкімі Хасар Хабылбеков жөндеу жұмыстары жүріп жатқан бірнеше учаскеге барып, көліктердің кедергісіз жүруін қамтамасыз ету үшін мердігер компанияларға жұмыстарды уақытылы әрі сапалы орындау міндетін қойды. Айта кетейік, қазіргі уақытта қаладағы бес көше бойынша мердігерлер анықталды, қалған көшелердегі жол жөндеу жұмыстары бойынша конкурстар аяқталу сатысында.
— Ең күрделі және ауқымды жұмыстар қаланың басты көшесінің бірі — Назарбаев даңғылында жүргізіледі. Бұл көшедегі жолға соңғы жөндеу жұмыстары 2019 жылы жүргізілді. Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес жөндеуаралық мерзім 5 жылды құрайды. Сәйкесінше ағымдағы жылы бұл мерзім аяқталады. Сол себепті аталған көше бойындағы жолды орташа жөндеуден өткізбекпіз. Бұдан басқа, биыл бір мезгілде 14 көше жөндеуден өтеді. Қалада мұндай ауқымды асфальттау жұмыстары ешқашан жүргізілмеді, — деді шаһар басшысы.
Сонымен қатар, қала әкімі Хасар Хабылбеков облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте Павлодарда қандай көшелер бірінші кезекте жөндеуден өтетінін айтып, асфальт жабындысы жарамсыз болып қалған 14 учаске анықталғанын
атап өтті.
— Барлық жұмыстар бірінші кезекте көшелердің құрғақ бөліктерінде жүргізілмек. Қазіргі уақытта Назарбаев даңғылы, Қайырбаев және Луговая көшелерінде жөндеу жүргізілуде. Жолдар құрғаған сайын жұмыс көлемі артады. Қалада жөндеуді қажет ететін көшелердің бірі – Циолковский-Катаев көшесінен Жібек жолы көшесіне дейінгі аралық. Мұнда жол жөндеу жұмыстары шамамен 4,4 шақырымды құрайды. Сондай-ақ, үш шақырымға жуық асфальт Мәшһүр Жүсіп көшесі бойында (Олжабай батыр — М.Горький қиылысы) жаңартылады. Иса Байзақов көшесі бойындағы Р.Люксембург пен Қайырбаев көшелерінің арасындағы екі шақырымға жуық жол да жөндеуден өтеді. Бұдан бөлек, биыл тротуарларды жөндеу жұмыстары жалғасады. Атап өтсек, 28 учаскеде 22 шақырымды ретке келтіру жоспарланып отыр, — деді Х.Хабылбеков.
Күре жолдағы күрмеулі мәселелер осылайша кезең-кезеңімен шешіліп, тозығы жеткен асфальт жабындылары жаңаруда. Тіпті, асфальт жабыны мүлде болмаған кейбір жеке секторларға биыл алғаш рет тас жол төселмек. Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылы Горторг және Дачный шағын аудандарының 9 көшесінде жеті шақырымға жуық жол жөнделеді.
— Биыл аталған шағын ауданында 9 көшеде асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі. Айта кету керек, бұл көшелерде бұрын-соңды асфальт жабыны болмаған еді. 2023 жылы аталған көшелерде кәріз жүйесі құрылысы жүргізілді. Енді биыл құм жолдардың орташа жөндеуі аясында осы көшелерге асфальт төселетін болады. Бұл Волочаевская, Азовская, Онежская, Ладожская, Қамзин көшелерінен Ворушинге дейін, Ворушин — Қаз. Правдадан Ладожскаяға дейін, сонымен қатар, Новосібір, Шамкенов, Тульская және Томская көшелері, — деді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы Оразбек Саяхат.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы жолдарды орташа жөндеу аясында облыс орталығында 8 магистральдық көшені жөндеу жұмыстары орындалды. Атап айтсақ, Баян батыр — Ледовский көшесінен Солтүстік өнеркәсіптік ауданға дейінгі жол, Циолковский көшесінен (кіші айналма жол) — Малайсары батыр көшесіне дейін, Теплов — Ак.Сәтбаев көшесінен — Мәшһүр Жүсіп көшесіне дейін, Ворушин — Ломов көшесінен – Циолковский көшесіне дейін, Нұркин — Ломов көшесінен – Амангелді көшесіне дейін, Гагарин — Ак.Сәтбаев көшесінен – Жамбыл Жабаев көшесіне дейін, Щедрин-Камзин көшесінен — Жібек жолы көшесіне дейін және Жібек жолы-Ломов көшесінен қалалық қоқыс үйіндісіне дейінгі аумақтар орташа жөндеуден өтті.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.