Редакциямызға хабарласқан оқырмандардың бірі 2007 жылы туған баласының жеке сәйкестендіру нөмірінің ешбір электронды жүйелерде көрінбей-тінін айтып хабарласты. Айтуынша, салдарынан ұлының шотына «Ұлттық қор — балаларға» жобасы аясында биыл ақша аударылмаған.

Себебін білу мақсатында бірқатар құзырлы органдарға хабарласып, мәселені шешу жолдарын анықтадық. Мұндай жағдайға тап болған жандар мемлекеттік кіріс мекемелерінің көмегіне жүгіну керектігін білдік.

— Жеке сәйкестендіру нөмірлерін бірден құжатпен беру 2011 жылы басталды. Бұған дейін туған балаларға жеке берілді. Ол рас, 2006-2008 жылдары туған балаларға қатысты мұндай мәселелер туындауда. Әділет органдары бұған қатысты мәліметті толық бермеуінен кемшін тұстар бар. Енді олқылықты реттеу үшін ата-аналар баласының туу туралы куәлігін алып, тұрғылықты мекенжайы бойынша мемлекеттік кірістер мекемесіне баруы тиіс. Мұнда құжатты цифрландырады. Бірнеше күннен кейін баланың ЖСН-і бүкіл электрондық жүйелерде көрініп тұрады, — дейді облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Галина Бирюкова.

«Ұлттық қор — балаларға» жобасының алғашқы төлемдері биыл балалардың шотына түскені белгілі. Яғни, бағдарламаның әрбір қатысушысының шоттарына 100,52 АҚШ доллары көлемінде ақша аударылды. Құзырлы органдар Қазақстан бойынша 18 жасқа толмаған 7 мыңға жуық балаға аударымдар жасалғанын мәлім еткені белгілі. «Енді ЖСН-і ешбір жүйеде тіркеусіз болған балаларға бұл қаражат биылғы жыл үшін аударыла ма?» деген орынды сауал туындайды. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржамал Дүйсембаеваның айтуынша, бала 18 жасқа толмаған болса, оның қордан биылғы жылғы аударымды алуға толық құқығы бар. 2024 жылдың соңында 2025 жылы алуы тиіс балалардың тізімі қайтадан құрылымдалады. Сол кезде биыл ала алмағандарға екі жылдың қаржысы аударылады, деді.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.