Бүгінде еліміздің бірнеше облысында жылыту маусымы кезең-кезеңімен тоқтатылып жатыр. Десе де, маусымдық жұмыс мәресіне жетпеген аймақтар да бар. Олардың арасында біздің өңіріміз де бар. Облыста жылыту маусымы қашан аяқталады? Жылумен жабдықтау желі-лерінде қандай гидравликалық сынақтар басталады? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповты аз-кем әңгімеге тарттық.
— Ержан Бейбітұлы, облыста жылыту маусымы қашан аяқталады?
— 2023-2024 жылдардың жылыту маусымы 2024 жылдың 22 сәуірінен бастап аяқталады. Жылыту маусымын тоқтату туралы шешім Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңы негізінде және сыртқы ауаның тұрақты оң орташа тәуліктік температурасына байланысты қабылданды. Жылу беру маусымы аяқталғаннан кейін жылумен жабдықтау желілерінде гидравликалық сынақтар жүргізіледі. Естеріңізде болса, Павлодарда 2023-2024 ж.ж. жылыту маусымы 2023 жылғы 18 қыркүйектен басталған еді.
— Тұрғын үйлерден бөлек әлеуметтік нысандар да жылытудан ажыратыла ма?
— Иә, тұрғын үйлерден бөлек денсаулық сақтау, балабақша, білім беру секілді нысандарда да 22 сәуірден бастап жылу маусымы аяқталады. Павлодар облысында 2023-2024 жылдар аралығында жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Жылыту маусым бойы облыстың энергия көздерінде негізгі жабдықтың қажетті құрамы қамтамасыз етілді. Жалпы, әлеуметтік мәдени тұрмыстық және тұрғын үй қорының барлық объектісі қолданыстағы температуралық кестелерге сәйкес сенімді жылумен қамтамасыз етілді.
— Жылыту маусымы аяқталған соң қандай жұмыстар атқарасыздар?
— Облыстың үш қаласының 2 239 көп пәтерлі тұрғын үйінде орындалу мерзімін көрсете отырып, жүйелерді сығымдау, жуу және т.б. жұмыстар жүргізіледі. Бүгінде егжей-тегжейлі жоспар-дайындық кестесі әзірленді. Сондай-ақ, шағын аудандар бойынша жауапты тұлғалар анықталды. Павлодар қаласының оңтүстік желілік ауданында 15-22 сәуір аралығында, солтүстік желілік ауданында 26-30 сәуір аралығында гидравликалық сынақтар жүргізіледі.
— Келесі жылыту маусымына қандай жоспарларыңыз бар?
— Биыл 2024-2025 жылдардағы жөндеу науқаны аясында облыстың энергия көздерінде 39 негізгі жабдықты (8 энергия блогы, 21 қазандық, 8 турбина және 2 түтін құбыры) жөндеу жоспар-ланған. Оның ішінде қазіргі уақытта 2 энергия блогы және 4 қазандықта жөндеу жұмыстары басталды. Электрмен жабдықтау желілерінде 2196,4 шақырым желі мен 791 жабдықты күрделі жөндеу көзделген. Сондай-ақ, жылумен жабдықтау желілерінде ұзындығы 41,7 шақырымды жаңғырту бойынша 12 жобаны іске асыру жоспарлануда. Нақтылап айтқанда, Павлодар қаласы бойынша ұзындығы 16,6 км 4 жоба, Екібастұз қаласында ұзындығы 10 км 6 жоба, және Ақсу қала-сында ұзындығы 15,1 км 2 жобаны іске асыру жоспарланған.
Бүгінгі таңда барлық 12 жоба бойынша қаржыландыру ҚР Өнер-кәсіп және құрылыс министрлігінде қаралу сатысында тұр.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.