«Субсидиялау агроөнеркәсіп кешеніндегі өнімділікті арттыруға ықпал етуге тиіс. Субсидияны бөлу кезінде өңірлік ерекшеліктерді, егіс алқаптарының көлемін және ауыл шаруашылығы дақылдарын таңдауды ескерген жөн. Субсидияны рәсімдеу тәртібі түсінікті әрі толығымен ашық болуы қажет. Шағын және орта шаруашылықтар үшін субсидия толығымен қолжетімді болуы керек»

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасында аса маңызды рөл атқаратын салалардың бірі екені белгілі. Десе де, бұл саланың өз түйткілдері аз емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дамыған агроөнеркәсіп кешенін құру мәселесін жиі көтеруі де бұл салада әлі де атқарылатын жұмыстардың бар екенін аңғартып отыр. Президент бағаны тұрақтандыру және отандық өнім экспортын екі есе ұлғайту мақсатында субсидия көлемін ұлғайтуды тапсырған болатын. Ендеше, бұл бағытта облыс бойынша қандай жұмыстар жүргізілді? Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ілгерілеушілік бар ма?

Демеуқаржыны алу жолы

Қазіргі уақытта мемлекеттік бағдар-ламалар шеңберінде ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің қажеттіліктеріне бағдарланған егіс жұмыстарын жүргізуге, ауылдық тұтыну кооперативтеріне жеңілдетілген несие беру, ауылшаруашылық техникасы мен технологиялық жабдық лизингі, ауылдық несие серіктестіктері жүйесі, шағын несие беру, астық қолхаттары және оларды кепілдік ретінде пайдалану секілді қаржы құралдарының жүйесі қалыптасты. Сондай-ақ, бүгінгі таңда «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру мақсатында республикалық бюджеттен жеңілдетілген несие берілуде. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы секторын қолдауға арналған субсидиялар да жеткілікті. Соның бірі – мал шаруашылығын қолдауға арналған субсидия. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ережесіне сәйкес, асыл тұқымды жануарлар мен құстарды (сүт және ет бағытындағы қой-ешкі, жылқы, түйе, мүйізді ірі қара малдарының аналығы мен аталығын) сатып алғаны, мал өсімін көбейту үшін күтіп-баққаны және селекциялық жұмыстар жүргізген шаруаларға субсидиялар беріледі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, субсидиялауға өтінімдерді қабылдау «GozAgro.kz» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Субсидия-лау тәртібі бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы бюджетке қарамастан өтінімге реттік нөмір бере отырып, «күту парағы» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Бюджет «күту парағында» өтінімдердің кезектілігі бойынша ғана бөлінетін болады, оған фермердің тарапынан қосымша іс-әрекеттер қажет емес. Бұл тәсіл қаражатты бөлудің ашықтығын қамтамасыз етеді және субсидияларды төлеу кезінде адами факторды болдырмайды. «Күту парағына» келіп түскен өтінім мақұлданған болып есептеледі және тек тиісті қаржыландыруды күтеді.

— Бүгінгі таңда сапалы мал шаруашылығы өнімінің өндірісін арттыру, орта-ірі тауарлы өндірістер құру және соның негізінде импорттың үлесін төмендетіп, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету мақсатында мал шаруашылығы өнімін өндіру және маңыздандырылған азықтың құнын арзандатуға бағытталған бірқатар бюджеттік бағдарламалар іске асырылуда. Мәселен, биыл Павлодар облысына «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 7,2 млрд теңге қаражат бөлінді. Бүгінде 3,8 млрд теңге сомасында өтінімдер төленді. Қалған қаржы жыл соңына дейін толық игерілетін болады, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Қазақстанда субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы субсидия алуға өтінімді негіздеу үшін ауыл шаруашылығы жерлері бойынша геокеңістіктік деректерді беру үшін «agrospace» платформасы жұмыс істейді. Аталмыш платформада ауыл шаруашылығы өндірісінің шекаралары мен алаңдарын растауға, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің дербес деректерін енгізуге және түзетуге байланысты бизнес-процестер жолға қойылған.

 

Өтінім қабылдау жалғасуда

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаевтың айтуынша, ағымдағы жылы Павлодар өңірі бойынша өсімдік шаруашылығын қолдауға жалпы сомасы – 5,9 млрд теңге (2023 жылы 7,6 млрд) көлемінде субсидиялар бөлінді. Бүгінгі таңда жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне оның 2,3 млрд теңгесі төленді. Қалған қаржылай қолдау кезең-кезеңімен жүзеге аспақ.  Нақтылап өтсек, бұл субсидиялар сатып алынған тұқымдардың, тыңайтқыштардың, пестицидтердің, биоагенттердің (энтомофагтардың) шығындарын өтеу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге немесе ауыл шаруашылығы кооперативтеріне төленеді.

— «Тұқым шаруашылығын дамытуды қолдау» бағыты бойынша 1930,8 млн теңге бөлінді. Осы бағдарлама аясында тұқымның түпнұсқа, элиталық 70 пайызы және бірінші репродукциялы тұқымдардың 50 пайызы субсидияланады, бірақ шетелдік немесе отандық өндіріске қарамастан бекітілген нормативтен аспайды. Өтінімдерді қабылдау жер учаскесінің орналасқан жері бойынша ағымдағы жылы және өткен жылдың төртінші тоқсанында сатып алынған тұқымдар үшін тиісті жылдың 1 ақпанынан 1 желтоқсанына дейін жүзеге асырылады. Яғни, 2023 жылы сатып алынған тұқымдар үшін өтінімдерді қабылдау 2024 жылғы 1 ақпаннан 1 желтоқсанға дейін жалғасады, — деді басшы орынбасары.

Бұдан бөлек, «Минералды тыңайт-қыштардың құнын субсидиялау» мақсатында облыс бойынша 2 002,6 млн теңге демеуқаржы қарастырылған. Аталған бағытта тыңайтқыштардың ең төменгі нарықтық құнының 50 пайызы — облыстың жергілікті атқарушы органы айқындайтын, тыңайтқыштардың тиісті түрлері бойынша ең төменгі нарықтық құны субсидияланады. Сонымен бірге, «Пестицидтердің құнын субсидиялауға» 1642,7 млн теңге бөлінді. Пестицидтер үшін 1 литрге (килограмға) арналған субсидиялар нормасы гербицидтің немесе аналогтың ең төменгі құнының (баға ұсынысының) жартысынан аспайды. 2023 жылы сатып алынған пестицидтер, биоагенттер (энтомофагтар) үшін өтінімдерді қабылдау 2024 жылғы 1 сәуірден 1 желтоқсанға дейін жүзеге асырылады.

Елімізде ауыл шаруашылығы саласы бойынша өндіріс шығындарын төмендету мақсатында қаржылай субсидиялау қолға алынғанына біраз жыл болды. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында облыста жыл сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы ұлғайып, экспортқа бағдарланған дақылдардың егіс алаңдарының кеңіп, машина-трактор паркі жаңарып, қайта өңдеу кәсіпорындары, бордақылау алаңдары, заманауи тауарлы сүт фермалары бой көтеруде.

 

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.