Мемлекеттік тіл — сол елдің халқын біріктіретін және елге деген перзенттік ықыласты қалыптастыратын құрал. Бір тілде сөйлемеген халық біріге де алмайды, өздерін бір шаңырақтың мүшесімін деп те сезіне алмайды. Тарихтан да белгілі, қандай ел болмасын бостандық алғаннан соң ең бірінші мемлекеттік тілінің мәселесін шешеді. Қазіргі әлемдік бәсеке жағдайында мықты ұлт қана өз мүддесі үшін күресе алады.

 

Қазақ тілін мектеп бағдар-ламасынан білемін. Ден қойып оқыған балаға оны меңгеріп кету үшін сол да жеткілікті деп ойлаймын. Бәрі мұғалімнің кәсіби шеберлігі мен шәкірттің ынтасына байланысты. Ұлы Абай тіліне деген сүйіспеншілігімді Павлодар қаласындағы М.Әуезов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Альмира Қамзина оятты. Сол үшін де алтын ұстазыма алғысым шексіз. Ол кісінің сабағы басқа ұстаздардікіне ұқсамайтын.

Күн сайын балаларға жаңа тақырыпты қызықты етіп жеткізудің түрлі әдісін табатын. Әр сабақ ерекше, қызықты өтетін еді. Сабақ үстінде қазақтың ұлы ақыны Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін жаттап, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің әңгімелерін оқып жүрдік. Арасында қазақ тілінде мазмұнын айтып жүрдік. Одан бөлек, Мағжан Жұмабаевтың, Жамбыл Жабаевтың және басқа да классиктердің шығармаларын оқи отырып, ұлы шығармаларды көпке дейін есімде сақтадым. Сөйтіп, мектеп аяқтағанға дейін қазақ тілін толық меңгердім.

Қазақ тілін үйренудің мен үшін жақсы жақтары көп болды. Тілді меңгеру арқылы қазақтар арасында достарым пайда болды. Қазақтың әр өңіріне өзімнің жақындарыма барғандай барамын. Олар мені жақсы қарсы алады.

Жалпы, шын ниет болса, тіл меңгеру қиын емес. Еркін сөйлеу үшін 4 ай жеткілікті. Әсіресе, қазақ тілін білу үшін грамматиканы үйрену керек. Тәжірибе де өте маңызды, тілді жаттықтырып, сөйлеу қабілетін қалыптастыру үшін тілді күнде қатынас құралы ретінде пайдалану керек. Ағылшын тілімен салыстырғанда әлдеқайда оңай.

Қазақ тілін меңгеру қазақ ұлтының өкілдеріне ғана міндетті емес. Қазақ жерінде тұрып жатқан әр ұлт өкілі мемлекеттік тілді өз ана тіліндей білуі тиіс. Себебі, біз қазақ жерінде өмір сүрудеміз. Біз не істесек те, осы еліміз үшін еңбек етеміз. Келешек — біз секілді жастардың қолында.

 

Эльвин МАГАРРАМОВ,  облыстық «Ассамблея жастары» ұйымының «Әзербайжан» этномәдени бірлестігінің мүшесі.