Павлодар облысында электрмен қамтитын желілердің 60 пайызға жуығы ескі. Соның салдарынан қатты жел, дауыл тұрса болғаны, көптеген елді мекенде жарық жалп етіп сөніп қалады. Бұл олқылықтың орнын толтырудың жолы қандай? Жаңа желілер қашан тартылады?

Осы және өзге де мәселелер облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен қалалар мен аудандарды үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етуге қатысты жиын барысында талқыланды.

Белгілі болғандай, облыс аумағындағы электр желілерінің жалпы ұзындығы 17,5 мың шақырымды құрайды. Сондай-ақ, 4349 қосалқы станция бар. Электрмен жабдықтау желілерінің тозу деңгейі 59,2 пайызды құрап отыр.

Ауа райының қолайсыздығы кезінде өңірде электр қуатының жаппай өшірілуі және энергия-мен жабдықтау желілерінде ақаулардың туындауы жиі орын алатын болды. Осы қыстың өзінде дауылды желдің салдарынан
491 апаттық өшіру тіркелді. Ең көп өшірулер Ақсу қаласына қарасты ауылдық аймақтарда, Баянауыл, Павлодар, Ақтоғай және Ертіс аудандарында тіркелді. Бұл ретте аймақ басшысы тұрғындар тарапынан жарықты ескертусіз және ұзақ уақытқа сөндіруге қатысты шағымдардың көбейгеніне де назар аударды.

Жиын барысында энергиямен жабдықтаушы кәсіпорындардың басшылары электр желілерін қайта қалпына келтіру бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарларын баяндады. Биыл 55,9 шақырым жаңа желілер салу, 41,8 шақырым қолданыстағы желілерді қайта қалпына келтіру, 140-тан астам негізгі жабдыққа күрделі жөндеу жүргізу көзделген. Асайын Байханов мәселенің стратегиялық тұрғыдан емес, ситуациялық түрде шешілетінін атап өтті.

— Павлодар облысы — энергиямен өзін-өзі қамтамасыз ете алатын өңір. Дауылды желді ескергеннің өзінде жарықтың өшуіне жол бермеу керек. Электрмен жабдықтау желілерінің орташа тозу деңгейі 59,2 пайызды құрайды, ал кейбір аудандарда 70 пайыздан да асады. Инфрақұрылымның әбден тозғанын күтіп отыруға болмайды. Жыл сайын электр қуатын тұтыну көлемі артып келеді. Энергиямен жабдықтаушы кәсіпорындардың инвестициялық бағдар-ламалары есебінен де, жергілікті бюджет қаражаты есебінен де негізгі жабдықтарды, кабельдік желілер мен трансформаторлық қосалқы станцияларды күрделі кешенді жөндеу және ауыстыру қажет, — деп атап өтті аймақ басшысы.

Жиын соңында Асайын Қуандықұлы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына электр энергиясының өшуінің барлық негізгі мәселелері бойынша егжей-тегжейлі талдау жүргізуді және электр желілерінің, көп-пәтерлі тұрғын үйлердегі үй-ішілік желілердің ағымдағы жай-күйін тексеруді тапсырды. Сонымен қатар, энергия беруші компаниялармен бірлесіп, 2 апта аралығында қалалар мен аудандар бөлінісінде желілерді жөндеу бойынша Жол картасын дайындап, осы жылға арналған жұмыс-тардың тізімін айқындау және келесі жылы басымдық берілетін жобалар пулын қалыптастыруды жүктеді.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.