Photo Valeriy BUGAYEV

Ауыл шаруашылығы саласы жайлы әңгіме қозғалғанда ауыл шаруашылығы техникалары бірден еске түседі. Себебі, ескірген техника бір күн жұмыс істеп, бір ай бұзылып тұрса, бұл — шаруа үшін шығын. Оған қоса, жаңармай жатқандары тағы бар. Негізі, пайдалану мен жөндеудің техникалық шарттары бойынша тракторлар, комбайндар мен басқа да техникалар 15 жылдан кейін есептен шығарылуы тиіс. Алайда қазіргі уақытта қолданылған техниканың 80 пайызға жуығының мерзімі өтсе де, қолданыстан шығарылмаған. Тозығы жеткен техниканың салдарынан өндіріс шығындарының үлесі, өкінішке қарай, жыл санап артып келеді. Жуырда Парламент Мәжілісінің кезекті отырысында депутаттар тарапынан ауыл шаруашылығы техникалары үшін утильалымды алып тастау ұсынылды. Бұл ұсыныс көптен бері күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселеге оң әсер ете ме? Біз де «Алаңның» талқысына салып көрдік.

 

Әли БЕКТАЕВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты (пікір интернеттен алынды):

— Елімізде әртүрлі ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін 10 зауыт және өздігінен жүретін техниканы шығаратын 8 кәсіпорын жұмыс істейді. Өкінішке қарай, қазақстандық қамту деңгейі небәрі 42-44 пайызды құрады. Негізгі бөлшектер импортталады. Сондықтан өнімнің бағасы жоғары және фермерлер үшін қолжетімді емес. Сонымен қатар, көптеген жеңіл ауылшаруашылық құрылғысы мен жем-шөп жинайтын жабдықтар, шөп жинағыштар мен отырғызғыштар шетелде шығарылады.

2024 жылғы жағдай бойынша утиль алымының көлемі бір трактор үшін 370 мыңнан 7 380 000 теңгеге дейін, ал бір комбайн үшін 1 600 000-нан 8 300 000 теңге аралығын құрады. Оны төлеуге шамасы келмеген орта және шағын шаруашылықтар жаңа техника алуды қойды. Ескі техникамен егіс егеді, ескі комбайнмен астық жинайды. Жарамсыз техниканы қосалқы бөлшекке пайдаланады. Ал қалған қаңқасын металға өткізіп күн көреді. Техниканы алып жатқан да, кәдеге жаратып, жойып жатқан да — шаруалардың өздері. Сонда негізгі оператор болып, қаржы жинап отырған «Жасыл даму» мекемесінің үлесі неде? Жалпы, ауыл шаруашылығы техникалары үшін кәдеге жарату алымын алып тастаса мемлекет ұтпаса, ұтылмайды деп ойлаймыз.

 

Есентай МҮРСӘЛІМОВ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы:

— Шынымен, бұл — көп жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселелердің бірі. Осы түйткілге қатысты көп шаруалар біздің бөлімге жүгініп, техникаларын жаңарту мақсатында мемлекеттік субсидияға өтініш береді.

Мәселен, былтыр машина-трактор паркін жоспарлы жаңартуды ынталандыру мақсатында 18 млрд теңге бөлінді. Өткен жылдың басынан бері осы бағдарламалар бойынша 10 миллиард теңгеден астам қаражат игеріліп, 1,4 мың өтінім субсидияланды. Оның 8,3 миллиард теңгесі ауыл шаруашы-лығы техникасын сатып алуды субсидиялауға бағытталды. Сонымен қатар, қосымша «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке 18 миллиард теңге сомасына 192 кредит берілді. Жоспарланған және қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқыны жылына 4 пайызға дейін жеткізілмек.

Осы жылдың басынан бастап «ҚазАгроҚаржы» жаңа лизинг бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама қағидалары бойынша лизингке қазақстандық және шетелдік өндіріс техникасы келесі шарттармен беріледі. Одан бөлек, «Өз жем-шөптері», «Қазақстанда жасалған», «Жасыл өнім», «Жеңілдікті лизинг» бағыттары бойынша қаржы лизингінің жеңілдікті бағдарламаларын іске асыруға жылдық 6 пайызбен сыйақы мөлшерлемесі бойынша 36,8 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр.

 

Қайрат ШАПУОВ, «Қайрат» шаруа қожалығының басшысы:

— Расында, еліміздегі техникалардың көбі ескірген. Президентіміз айтқандай, көптеген шаруашылық кеңес заманындағы техниканы пайдаланып келеді. Төмен пайызбен жаңа ауыл шаруашылығы машиналары берілсе, ауылдағы шаруасын жүргізіп отырған ағайынға тиімді көмек болары анық.

Өзге елдермен салыстырсақ, Қазақстан артта қалып қалған секілді. Мәселен, Германия – цифрландыру бойынша әлемдегі көшбасшы мемлекеттің бірі. Олар қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы жерін өңдеуде цифрлы технологияны қолданады. Белоруссия да ауылшаруашылық техникаларының көбін Германиядан әкеліп жатыр. Олар жер қыртысының, ауа райының жағдайына қарай жұмыс істеуге бейімделген.

Жыл сайын техникаларды жаңарту мақсатында мемлекеттік субсидияға өтініш береміз. Алайда қабылданбайды. Соның себебінен ескі техникалармен жұмыс істеуге мәжбүрміз. Одан бөлек, утиль алымының көлемі де өсіп келеді. Бұл нәпақасын осы саладан тауып жүрген шаруа иелері үшін тиімсіз. Сондықтан ауыл шаруашылығы техникалары үшін утиль алымды алып тастау кезек күттірмеуге тиіс деп санаймын.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана БОРАНБАЕВА.