Биыл қазақ археология ғылымының атасы, академик Әлкей Марғұланның туғанына – 120 жыл. Жақында жерлесіміздің атаулы мерейтойына орай Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

 

Конференция жұмысына облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Айзада Құрманова, Әлкей Марғұланның қызы Дәнел Әлкейқызы, Алматыдағы Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы қатысып, барша қатысушыларды ғалымның мерейтойымен және осы ауқымды конференцияның ашылуымен құттықтады. Сонымен қатар, еліміздегі тарих және археология ғылымымен шұғылданып жүрген белгілі ғалымдар, Франция, Польша, Ресей, Беларусь, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркіменстан және Армения сынды елдерден қонақтар қатысып, баяндама жасады.

Мерейтойлық конференцияға арнайы келген қонақтар алдымен академиктің ескерткіш-мүсініне гүл шоқтарын қойып, ғалымның рухына тағзым жасады. Содан кейін университеттің бас корпусының фойесіне қойылған үлкен көрмені тамашалады. Онда ҚР Орталық мемлекеттік музейінің қорынан жеткізілген аса құнды және сирек кездесетін экспонаттар мен тарихи құжаттар, фотосуреттер қойылды. Көрме мақсаты – академик Ә.Х.Марғұланның ғылымдағы өмір жолын көрсету және оның Қазақстан археология ғылымының қалыптасуы жолындағы көпжылдық еңбегін насихаттау. Соның ішінде ерте көшпелі тайпалар мен ортағасырлық мәдени дәстүрді бейнелейтін артефактілер және ғалымның басшылығымен атқарылған Орталық Қазақстан экспедициясының негізінде жарыққа шыққан материалдар ұсынылды.

Конференцияның пленарлық отырысының шымылдығын Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев ашып, университет қабырғасында академиктің мерейтойына орай атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

— Биыл — Марғұлан университетінің ұжымы үшін айрықша маңызды жыл. Себебі университетке есімі берілген көрнекті ғалым, академик Әлкей Хақанұлы Марғұланның туғанына 120 жыл толып отыр. Бұл — біз үшін үлкен мәртебе және зор жауапкершілік. Марғұланның мерейтойы — бір университет үшін ғана емес, бүкіл Ертіс-Баян өңірі үшін маңызды оқиға. Университет академик жерлесіміздің 120 жылдығын мерекелеуді өткен жылдың соңында бастап кеткен. Атап айтсақ, өткен жылдың соңына қарай университет ауласына академиктің ескерткіш-мүсіні орнатылып, өзге де түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Жалпы, Әлкей Марғұлан —
тарих, археология, этнография, әдебиет, қолданбалы және сәулет өнерi мен металлургия саласы бойынша 300-ден астам ғылыми еңбек, 100-ден аса энциклопедиялық мақала жазған ғалым. Ғылыми еңбектері көптеген шет тiлдеріне аударылды. Ол педагогика бағытында да ауқымды еңбек жазды, қазақ халқының аңыз-ертегілері мен жырларын зерттеп, тұңғыш халық педагогикасының негізін қалады, —
деді Жанбол Октябрьұлы.

Марғұлан еңбектерінде әлі де талай зерттеуге жүк болар қымбат қазына, құнды тарихи деректер бар. Міне, осы бай тарихи мұраның зерттеп-зерделенуіне ұйытқы болған және осы саладағы тарихшы ғалымдардың басын қосқан университет ұжымына алыс-жақыннан келген қонақтар да өз алғыстарын білдірді.

Осы күні Әлкей Марғұлан атындағы университетке тарих және археология саласын зерттеумен айналысып жүрген елге есімдері белгілі тарихшылар ат  басын тіреп, өз бастамаларын және ұсыныстарын ортаға салды. Алматыдағы Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы «Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының 2023 жылғы жұмыстарының кейбір қорытындылары мен даму перспективалары» тақырыбында баяндама жасап, ел аумағындағы археологиялық мұраларды зерттеу және сақтау жұмыстарын жеткізді. Сонымен қатар, Марғұлан университеті жанындағы археологиялық зерттеулер институтының директоры Тимур Смағұлов «А.Х.Марғұлан және Ертіс өңірінің археологиялық мұрасы» тақырыбында,  т.ғ.к., доцент, К.Ақышев атындағы археология ғылыми-зерттеу институтының директоры Марал Хабдулина «К.Ақышев еңбектеріндегі дала өркениетін зерттеу мәселелері» тақырыбында, т.ғ.к., Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінен келген жерлесіміз Марван Хамитова «Академик Әлкей Марғұлан және Алаш қайраткерлері. Рух биіктігі» тақырыбында баяндамалар жасады. Одан бөлек, алыс-жақын шетелдерден келген ғалымдар да өз зерттеулерімен бөлісті. Т.ғ.к., Варшава университетінің ғалымы Олена Черненко (Польша), PhD, Әзірбайжан ұлттық тарих мұражайының өкілі Лачин Халидоглы Мұстафаев, т.ғ.к., Беларусь Ұлттық ғылым академиясының өкілі  Анастасия Костюкевич сынды шетелдік қонақтар халықаралық тарих және археология саласына қатысты маңызды тақырыптарда баяндама жасап, өз тұжырымдарын ортаға салды.

Осы күні конференцияға келген қонақтар университет жанындағы археологиялық зерттеулер институтына арнайы барып, Әлкей Марғұлан ғылыми мұрағатының ашылуына қатысты.

— Соңғы үш жылда Әлкей Марғұланның қызы Дәнел Әлкейқызымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Соның нәтижесінде біздің қорымыз Әлкей Марғұланның көптеген жеке заттарымен және құжаттарымен толыққан болатын.  Біз академикке тиесілі  құжаттарды ғылыми тұрғыда зерттеп, соның қорытындысы бойынша ғалымның ғылыми мұрағатын құрдық, — деді «Марғұлантану» оқу-зерттеу кешенінің меңгерушісі Еңлік Әбеуова.

Сонымен қатар, қонақтар үшін Әлкей Марғұланның жеке заттары қамтылған көрме ұсынылды. Оған  Баянауыл ауданындағы Құндыкөл мектебінен, Екібастұз ауылдық аймағына қарасты Марғұлан мектебі музейінен әкелінген академиктің жеке заттары қойылды.

Нәбира ТӨРЕЖАНОВА, ҚР Мемлекеттік орталық музейі археология бөлімінің жетекшісі:

— Біздің музейде академик Әлкей Марғұланға тиесілі өте құнды экспонаттар, тарихи құжаттар сақталған. Сол жәдігерлердің бірқатарын осы конференция аясында ұйымдастырылған көрмеге әкеліп отырмыз. Атап айтар болсақ, Әлкей Хақанұлының  фотосуреттері, жеке заттары мен құжаттары бар. Сондай-ақ, 1946-1950 жылдары Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының материалдары да қойылды. Мысалы, көрмеге жиналғандар Беғазы өзенінің аңғарынан табылған қола дәуіріне тиесілі артефактілерді, орта ғасырдың Сарайшық қалашығына тиесілі заттарды, құмыралар мен қыш ыдыстарды тамашалады. Сол секілді Сырлытам, Болған Ана және Жошы хан кесенелерінің архитектуралық қаптамалары да қойылды.

Тілеуберді САХАБА