Аймағымыздың іскерлік әлеуеті ашық алаңда кеңінен талқыға түсті. Алқалы жиынға облыс әкімі Асайын Байханов пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Райымбек Баталов қатысты. Өңіріміздің шағын және орта бизнес өкілдері, жалпы кәсіп иелерінің қоғамдастығы жиналды. Бизнесті дамыту жолында кездесетін кедергілер мен жасалып жатқан жағдайлар сөз болды.
Инвестициялық аймақ ашылады
Ашық алаңда аймақ басшысы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласындағы өсім, оң нәтижелерді атап өтті. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі жағынан Қазақстанда — 4-орында. Яғни, 3,1 трлн теңгенің өнімі шығарылған. Өңдеу өнеркәсібінде 1,9 трлн теңгенің тауары өндіріліп, үшінші орынды иеленіп отырмыз. Нәтижесінде, бүгінде өңіріміз еліміздің шикізаттық емес экспортының 12 пайызын өндіріп отыр. Облыста 140 мыңнан астам азамат шағын және орта бизнесте, 80 мың тұрғын өнеркәсіп саласында еңбек етуде.
Облыс басшысы кәсіпкерлерді қолдау бағытындағы жұмыстар еселенгенін атап өтті. Мәселен, соңғы үш жылда бизнес несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау көлемі 2,5 есеге, яғни, 12 млрд теңгеге дейін өскен. Мұндай қолдау 3 мыңнан астам кәсіпкерді қамтып өтті. Ал жас кәсіпкерлерге берілген жеңілдікті несиелер 820 млн теңгеге жеткен. Бұл демеудің өз нәтижесі байқалуда. Бір жылдың ішінде шағын және орта бизнес нысандары 173 млрд теңгенің өнімін шығарған.
Облыс әкімі арнайы экономикалық аймақ әлеуетін арттыру жалғасатынын айтты. Павлодар және Екібастұздағы арнайы аймақтардан бөлек, 2025 жылы Ақсуда инвестициялық аймақ құрылмақ. 200 гектарлық жер телімі бөлінген. Неміс технологиясы типінде қолға алынады. Мұнда 52 жобаның басын бірік-тіру көзделген. Аймақ басшысы мұндай жобалар Қарағанды облысының Саран қаласында, Германияның Ганновер қаласында жүзеге асып жатқанын атап өтті. Инвесторларға мұнда дайын көліктік, инженерлік және коммуникациялық инфрақұрылым ұсынылады. Қазірдің өзінде үш жоба аясында жұмыстар басталып кеткен. Сонымен қатар, Екібастұзда ферроқорытпа өндіретін ірі жобалар қолға алынғанын, соның бірі биыл іске қосылмақ. Мұндай алып кәсіпорын жұмысын бастаса, Қазақстан ферросилиция өндірісі бойынша әлемде алтыншы орыннан бірден екінші орынға көтерілмек.
Кәсіпкерлердің өтініш-тілегін тыңдап, ұсыныстарын қабылдауға аймағымызға арнайы келген «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Райымбек Баталов бизнесмендердің құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында Үкіметпен бірлесіп, қолға алынған жұмыстар жайында баяндады. Ұлттық палата бизнестің тілін билікке жеткізу жолында аянбайтынын атап өтті. Құқықтық тұрғыда қаралып жатқан жаңашылдықтарға да тоқталды. Әр өңір үшін басымдық берілетін бағыттар айқындалғанын, Павлодар облысы үшін өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнеске басымдық берудің маңыздылығын атады. Жалпы, кәсіпкерлердің жаңа толқыны әкелу үшін қолайлы бизнес-климат тудыру қажеттігін тілге тиек етті.
— Павлодар облысы дамуда айтарлықтай әлеуетке ие ғана емес, оны іске асыруда да – алда. Алайда, мүмкіндіктер әлі де жетерлік. Біздің палата мемлекетпен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бізге түскен ұсыныстарды зерделеуде. Кәсіпкерлерге өздерінің инвестициялық жобаларын іске асыруына барынша жағдай жасауға күш салып келеді. Қолда бар тетіктерді жетілдіруге мән бері-луде, — деді Р.Баталов.
Сондай-ақ, ол әр облыстың өзіндік басым бағыттары барын айтты. Өңіріміз үшін өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда саласы екенін мәлімдеді.
Баға бәсекелестігі
Облыс басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға барынша қолдау барын айтты. Тек соңғы үш жылда аталмыш саланы дамытуға 200 млрд теңге бағытталған. 600-ден астам шаруашылық субсидияға қол жеткізді. 4 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Биыл аграрлық секторда 54 млрд теңгенің 32 жоба іске аспақ. Шарбақты ауданында күнбағыс майын өңдейтін зауыт құрылысы басталды. Бұл жоба іске асса, облыстың күнбағыс майына сұранысы толық қамтылып, шетелге шығаруға мүмкіндік туады.
Осы орайда, облыс әкімі еліміздің шекаралас аймақтарының сүт өндірушілерінде туындап отырған мәселеге тоқталды.
— Қазіргі таңда Ресей Федерациясынан арзан сүт өнімдерінің жеткізілуі күрт өсуіне байланысты жергілікті сүт өңдеушілер тауарын өткізуге қиындықтарға тап болып отыр. Бұл мәселе біздің өңірге ғана тән емес, өзге де шекаралас аймақтарда орын алуда. Түйткілді шешу үшін кешенді шаралар қажет, соның ішінде Үкіметпен бірлесіп, қолға алатын тұстар бар, бұл бағытты мықтап қолға алып жатқан жайымыз бар, — деді Асайын Қуандықұлы.
Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында еліміз бойынша ілгері басқан бағыттар бар. Мәселен, елімізде қарақұмықтың 65 пайызы, картоптың төрттен бір бөлігі, қазақстандық сәбіздің әрбір екі келісі өңірімізде өсіріледі. Суармалы алқап көлемі жыл санап артуда. Биыл мұндай 15 жоба іске аспақ.
Жиында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалының директоры Ерқанат Әбенов дәл осы аграрлық сектор кәсіпкерлері аймақ басшысына риза екенін атап өтті. Былтыр қуаңшылық кезінде малдың жем-шөбін даярлау, өнім шығымдылығының төмендігінен туындаған мәселелерді шешуге қаржы бөлуді сұраған шаруалардың ұсынысы қолдау тауып, облыс қазынасынан қосымша 1 млрд теңге жем-шөп әзірлеуге бағытталған. Одан бөлек, палатаның ықпал етуімен бөлшек сауда салығының пайызы 4-тен 2-ге түсірілген. Бұл мәселеде де облыс басшылығы тарапынан қолдау болған.
Жалпы, өңірлік палатаға 2022 жылдан бері кәсіпкерлерден 8 мың өтініш түскен. Оның үш мыңы оң шешім тапса, қалғандарына тиісті мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Осылайша, екі жылда 233 млрд теңгенің құқығы қорғалған.
Ашық алаңда кәсіп-керлер кәсіп жүргізуде кездесетін кедергілерді, жалпы ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Мәселен, «Искаков клиникасы» жекеменшік медициналық мекеменің құрылтайшысы МӘМС қорынан бөлінетін қаржының аздығын алға тартты. Айтуынша, мұндағы медициналық көмекке мұқтаж жандар айлап кезек күтуде. Бірақ, қордың өкілі аталмыш мекемеге биыл бөлінген қаржы былтырғыдан 9 пайызға көп екенін атады. «Агромед» ЖШС-нің басшысы
отандық өнімге жекеменшік кәсіпорындардың басымдық беруіне ықпал етуді сұрады. Облыс әкімі кездесу ұйымдастырып, өнімін ұсынуға мүмкіндік жасауға болатынын, бірақ, міндеттеу заңға қайшы екенін кесіп айтты. Нарықтық экономикада бәсекелесу қажеттігін еске салды. Ал «Экодом» жеке кәсіпкерлігінің иесі супермаркеттерде жергілікті өнімдерден ұсталатын ретробонустарды төмен-детуге жәрдемдесуді өтінді.
Барлық кәсіпкерлер көтерген мәселелерді «Атамекен» палатасының өңірлік филиалының сарапшылары мен облыс әкімдігі назарға алды. алдағы уақытта әрқайсысымен жеке жұмыс жасалмақ.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.