Қазақ халқы талай ауыр кезеңді бастан өткізген. Өткен ғасырға көз салып, тарих бетін парақтасақ, халқымыздың басынан небір алмағайып заман кешіргенін аңғарамыз.

 

Талайлы тағдыр тоғысынан өткен қазақ халқының осы кезге жеткізген аманаты біздің ұлттық құндылықтарымыз, ұлттық кодымыз болмақ. Біздің ұлттық кодымызға тіліміз, діліміз, салт-дәстүріміз, мәдениетіміз, әдебиетіміз, әдет-ғұрпымыз, көне жәдігерлер мен тарихымыз жатады. Қазақ баласының тағылымы мол тарихында мәдени-рухани болмысы ізгілікпен, әдептілікпен, қарапайымдылықпен шыңдалып, парасатпен шырайланған.

Ұлттық кодымызда ізгілік, адалдық, перзенттік инабаттылық, адамгершілік, парыз, этикет, ақыл-парасаттылық кеңінен қамтылған. Осының бәрі — біздің ең басты құндылықтарымыз, баға жетпес асыл қазынамыз. Солардың ішінде мен ұлттың ана тілі мен ұлттық мәдениеті туралы сөз қозғамақпын.

Жалпы, тіл мәселесі қазақ үшін қай заманда да өзекті мәселе болған. Ұлттың  негізгі  көрсеткіші – тілі. Тіл — қасиетті де қастерлі ұғым. Ол ананың ақ сүтімен, бабаның қаны арқылы бойға дарып, бесікте жатқанда-ақ жүрегінде орын алады. Көне заманның ойшыл ғалымы Махмұд Қашқари: «Тәрбиенің басы — тіл» деп бекер айтпаған. Дәл осы тіл туралы қазақ қоғамының, әдебиеттің зиялы өкілдері түрлі пікір айтқан. Мәселен, ұлтымыздың біртуар перзенті, ағартушы Ахмет Байтұрсынов: «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі» деп тілдің құдіреттілігін айтқан. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы: «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту…» деп туған тілдің маңызын ұғындырған. Жазушы Мұхтар Әуезов: «Кімде-кім ана тілін, әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды» деген. Осы ұлт жанашырларынан артық не айтуға болады. Олардың заманында ана тіліміз, ұлттық мәдениетіміз қылыштың жүзінде тұрғандай еді, алақанға от ұстағандай күйде болатын. Сондай сындарлы уақытта осы тіл мен мәдениетімізді сақтауға күш салмағанда, тілімізден айырылып қалғанда ұлт болып қалыптасуымыз екіталай болар ма еді?

Бүгінге дейін елдігімізді жоғалтпай, егемен ғұмыр кешіп жатқанымыз тіл мен мәдениетімізді ұмытпағаннан деп нық сеніммен айта аламын. Бізді басқа ұлттан ерекшелеп тұратын басты құндылықтар. Бабалар аманатына қиянат қылмау үшін не істемек керек? Ол үшін отбасында басталатын тәрбие деген киелі ұғымға зор мән беру керек. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» деген қазақ даналығын естен шығармау қажет. Отбасында қазақша сөйлеп, қазақ мектебінде білім алған оқушы ұлттық болмысты сақтай білетін, Отанына қызмет ететін ұлт перзенті болары хақ.

Аймөлдір ДӘУЛЕТХАН,  Торайғыров университетінің студенті.