Жердің құнарлы, егіннің бітік шығуы үшін фитосанитарлық жағдайға айрықша мән берілуі керек. Бұл ретте, аймақтағы ахуал қалай? Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? Бұл сұрақтар аппараттық жиында талқыланды.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалық етуімен өткен аппараттық жиында аймақтың фитосанитарлық жағдайы жан-жақты сөз болды. Бұл жөнінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік көшендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Павлодар облыстық аумақтық инспекция басшысы Арман Шүйкенов баяндады. Оның айтуынша, фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өсімдік шаруашылығы өнімдерінің жойылуының алдын алу мақсатында сала мамандары тынымсыз еңбектенуде. Қазіргі таңда өңірімізде аса қауіпті және зиянды организмдер бойынша 3,6 млн гектар алқапқа зерттеу жүргізілген. Оның ішінде шегірткелік зиянкестерге арналған химиялық өңдеу шаралары 116,7 мың гектарға, үйірлі шегірткелерге (итальяндық прус) қарсы 16,8 мың гектарға, ал саяқ шегірткелерден құтылу үшін 99,8 мың гектар жерге залалсыздандыру жұмыстары жасалған. Нәтижесінде жоспар 100 пайыз орындалғаны белгілі болды.
— Бүгінгі күні аса қауіпті зиянды организмдер бойынша ауылшаруашылық тауарларын өңдірушілер есебінен шалғын шатырқанатына қарсы 12,8 мың гектарға, дәнді дақылдар ауруларына жол бермеу үшін 7,1 мың гектарға және зиянды организмдерді жою мақсатында 23,8 мың гектар алқапқа химиялық өңдеу жүргізілді. Ал арамшөптерге қарсы химиялық отау жұмыстары 369,8 мың гектарға, соның ішінде ресурс үнемдеуші технологиялар арқылы 97,8 мың гектар егіс алқабы өңделді. Осы бағыттағы жұмыстар мен шекаралас аймақтардағы фитосанитарлық жағдай инспекцияның тұрақты бақылауында. Ресей Федерациясының Омбы, Новосібір облыстары мен Алтай өлкесінің 13 ауданының «Россельхознадзор» мамандарымен бірлескен зерттеу жұмыстары 55,5 мың гектар жерге жасалды. Ол жақтағы мамандармен фитосанитарлық жағдай бойынша үнемі ақпарат алмасып отырамыз. Сонымен қатар, Абай, Қарағанды, Ақмола облыстарымен шекаралас аудандарда да бірлескен зерттеу жұмыстары жалғасуда. Облыс аумағында және шекаралас аймақтарда зиянкестер бойынша фитосанитарлық жағдай тұрақты, — деп атап өтті инспекция басшысы. Сондай-ақ, ол қарағайдың қара мұртты қоңызын жою үшін 61 гектар және пепино мозайка вирусы бойынша 7,5 гектар аймақта карантиндік режим енгізілгенін айтты. Әзірге мұндай вирус түрі аймағымызда анықталмаған. Сондықтан күзгі зерттеу шараларынан кейін карантиндік режимді алып тастау жоспарланып отырғанын мәлім етті.
— Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының мәліметі бойынша 2024 жылы облысымызда жатаған укекіремен залалданған алқап көлемі 64,4 мың гектарды құрап отыр. Мұндай карантиндік арамшөптің салдарынан Ертіс ауданында 21,6 мың гектар, Тереңкөлде 8 мың гектарға жуық, ал Шарбақтыда 7,4 мың гектар алқап зардап шеккен. Ағымдағы жылы жатаған укекіреге қарсы 733,1 гектар жер химиялық өңдеуден өтуі тиіс. Бұл бағыттағы шаралар үздіксіз жалғасуда, — деді Арман Шүйкенов.
Алқалы жиында фитосанитария саласындағы бақылау бекеттерінің жұмысы да баяндалды. Осы жылдың басынан бері 13 883 жүк көлігі тексеріліп, 65 мың тонна карантинге жатқызылған өнім бақылауға алынған. Оның ішінде Ресей Федерациясынан жыл басынан бері теміржол көлігі арқылы 35,3 мың тонна азықтық бидай, автокөлік арқылы 9014 тонна тұқымдық бидай әкелінген. Карантинге жатқызылған өнімдер облыстық карантиндік зертхана мен «Фитосанитария» республикалық кәсіпорнының сараптамалары арқылы тексерілмек. Жалпы, осы жылдың қаңтарынан бері карантиндік фитосанитариялық 1949 сараптама жасалып, 8 карантиндік ныcан анықталған. Фитосанитариялық талаптарды бұзған 3 жүк автокөлігі импорттаушы елге кері қайтарылған.
Атап өтерлігі, ағымдағы жылдың 11 сәуірінде елімізде автомобиль, су және теміржол көлігімен бидай әкелуге тыйым салуды енгізу туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығы шыққан болатын. Соның аясында облыстық аумақтық инспекция құқық қорғау органдарымен бірлесіп, заңсыз бидай өнімін тексеру жүмыстарын жүргізген. Рейд нәтижесінде заңсыз бидай тасымалдап әкелу фактісі тіркелген жоқ, деді инспекция басшысы.
Жиында шекара бететтерінде еңбек ететін мамандардың тапшы екені де тілге тиек етілді. Бүгінде әр бөлімде бір басшы мен бір маман ғана жұмыс істеуде.
Облыс әкімі Асайын Байханов егіс алқаптарын сақтап қалу үшін зиянкес-терден болатын ауруларға бақылау жүргізіп тұру керектігін тапсырды. Сондай-ақ, жауапты мекемелерге келесі жылы химиялық өңдеудің болжамды көлемін анықтау үшін шегірткелік зиянкестердің қоныстарын тексеруді және көрші облыстар мен елдердегі фитосанитарлық жағдайды ерекше назарда ұстау керектігін қадап айтты.
Нұржайна ШОДЫР.