Биыл облыста шамамен 2 мың шақырым электр желілері жөнделеді. Қатты жел тұрса жарықсыз қалатын ауылдар әлі де бар. Бұл ретте, осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі жалғасуы маңызды.
«Павлодарэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 1950-1960 жылдары салынған электр желілерінің әбден тозығы жеткен. Тіпті, мерзімін 3 есе артық атқарып үлгеріпті. Олқылықтың орнын толтыру үшін ескірген желілерді кезең-кезеңмен жаңарту жоспарланып отыр.
Электр желілерінен бөлек, 22 шақырым кабельдік электр желілері жөнделмек. Күрделі жөндеу жұмыстары 40 қосалқы станцияда жүргізіледі. Биыл маусым айында облыс орталығында 10 трансформаторлық қосалқы станция күрделі жөндеуден өткізілсе, 19 трансформаторлық қосалқы станция мен кешенді трансформаторлық қосалқы станцияда ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғасын таппақ.
Белгілі болғандай, облыста электр желілерінің тозуының орташа деңгейі 60,5 пайызға жеткен. Қосалқы станция жабдықтары – ажыратқыштар, релелік қорғаныс сияқты қондырғылар әбден ескірген. Кейбір қосалқы бөлшектерді сатып алу былай тұрсын, өндірілмейтінін де атап өткен жөн.
Былтыр жүргізілген техникалық аудит электр беру желілері мен жабдықтарының тозуын 12 пайызға азайту үшін 68,7 миллиард теңге инвестиция қажет екенін көрсетті. 2023 жылға арналған инвес-тиция көлемі 2,6 млрд теңгені құрап отыр. Монополист бұл соманы бірнеше жобаны жүзеге асыруға бағыттауды көздеп отыр. Оның ішінде «Северная городская» жаңа қосалқы станциясының құрылысы да бар.
Сонымен қатар, «Ленинская» қосалқы станциясын қайта құру жоспарланып отыр. «Промышленная» қосалқы станциясының жабдықтарын қайта жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленбек. Ұзындығы 23,6 шақырымды құрайтын «Қызыл-Құрама – Белогорье-1» электр желісінің құрылысы басталады. Павлодар қаласында, сондай-ақ аудандарда 52 шақырымдық электр тарату желілерін салу және қайта жаңарту көзделіп отыр.
Өз тілшіміз.