Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясында Ақмола облысының Үкілі Ыбырай атындағы үрмелі аспаптар ұжымы өнер көрсетті. Көрермендердің назарына танымал джаз композиторларының туындылары, сондай-ақ фанк және рок музыкасы ұсынылды.

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрі 1982 жылы құрылды. Ұжымның жетекшісі және бас дирижері Ерназар Оразалиннің айтуынша, аталмыш оркестр Павлодарда 2-ші рет өнер көрсетіп отыр.

— Алғаш рет Павлодарға 2018 жылы «Осенняя палитра» деген джаз фестиваліне келдік. Екі облыс арасындағы серіктестік меморандумының арқасында өзге қалаларға концертпен шығуға мүмкіндік бар. Бізге де жуырда Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясынан камералық хор келіп кетті. Осылайша, ұжымдар арасында тәжірибе алмасудың жақсы үлгісі бар, — деді бас дирижер.

Үкілі Ыбырай атындағы үрмелі аспаптар ұжымының ерекшелігі – репертуарларында түрлі музыкалық жанр тоғысқан. Оның ішінде, ең алдымен, заманауи өңдеудегі қазақтың халық әндері, джаз, ретро және тағы басқаларын атап өтуге болады.

Кешті К.Дүйсекеев пен Ш.Сәриевтің «Домбыра туралы баллада»-сы ашты. Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық оркестрінің концертінде швед музыкалық поп-тобы ABBA-ның, америкалық танымал әнші Frank Sinatra-ның, ресейлік эстрада әншісі Алла Пугачеваның әндері шырқалды. Ұжым өзінің фирмалық әні деп танитын «Саржайлау» да орындалды. Бүгінде оркестрдің өзіндік ерекше қолтаңбасы мен стилі бар және әртүрлі бағыттарда жұмыс істейді.

Эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрі музыканың құдіреті арқылы көрермендерге керемет көңіл-күй, ерекше эмоция сыйлады.

 

Арай МАРАЛБАЕВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.