10 тамыз – қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туған күні. Бұл күн 2020 жылдан бастап Қазақстанда мереке ретінде аталып
келеді.
Абай әлемі – мәңгілік мұра, қымбат қазыналар қатарына жататындықтан, ғасырдан астам уақыт бойы сөз етіліп, әр алуан бағытта зерттеулер жүйесіне айналып келеді. Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеу шын мәнінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы мақалаларынан басталды. Одан кейін Б.Байғалиев, М.Мырзахметұлы, Қ.Салғарин, Т.Жұртбай секілді ғалымдар жалғастырды.
Аймағымызда Абайдың еңбегін ұлықтап, шығармаларын көпке насихаттап жүрген азаматтар да баршылық. Мәселен, Ертіс-Баян өңіріне танымал абайтанушы, сахнада ұлы ақынның рөлін талай ойнаған Даниял Әсенов шағын спектакль жазып, оны көрерменге ұсына білді. Туынды авторы Абай шығармаларын жатқа айтумен қатар, облыстағы ауыз әдебиеті үлгілерін насихаттаған жалғыз жыршы болды. Одан бөлек, ақынның шығармаларын ғылыми тұрғыда зерттеп жүрген философия ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Ғарифолла Есімді де атап кеткеніміз жөн. Ғалым Абайдың өлеңдері мен қара сөздеріндегі философиялық тұжырымдарын нақтылы ұғымдар түрінде қарастырып бірнеше ғылыми еңбек жазды.
Ұлы тұлғаның күнін әр жыл сайын ерекше еске алып, кемеңгер ұлы ақынның қасиетті аруағына тағзым етіп, құрмет көрсету – өңіріміздің қадірлі дәстүрі. Мәселен, атаулы күнге орай дәстүрлі түрде облыстық деңгейде рухани-ағартушылық шаралар өткізіліп, ұлы ақынның ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылады, өлеңдерін оқу бойынша түрлі челлендж ұйымдастырылады. Одан бөлек, соңғы 4 жылда мектеп, мұражайлардың жанынан Абай бұрышы ашылып, түрлі деңгейдегі жобалар жүзеге асырылуда.
Осы жылы да атаулы күн кең көлемде аталып өтілмек. Ұлы ақынның туған күніне арналған шаралар легі Павлодар қаласы Сәтбаев көшесінде орналасқан Абай Құнанбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталады. Кейін облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі кітапханалар мен музейлерде поэзия сағаттары, әдеби-сазды кештер, мәнерлеп оқу байқаулары және кітап көрмелері ұйымдастырылады.
Абай өлеңдері бай философиялық, күрескерлік қасиетке ие. Ол алдымен қазақтың телегей-теңіз ауыз әдебиетінен сусындап, батырлар жыры мен ғашықтық жырларының үрдісіне мұрагерлік етті. «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» — Абайдың шығармашылық мұрасындағы поэмалары да зерттерушілердің назарында. Абай қазақтың өлең үлгісін жаңаша тұрғыдан байыта түсті. Сондықтан Абайды қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы деп атауға болады.
Абай тек ақын емес, сонымен қатар сазгер екенін де атап өту керек. Абайдың ән шығармашылығы қазақтың музыкасында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» әндері әлі күнге халық жүрегінде. Одан бөлек, ақынның өзінің шығармашылығында қара сөзге ерекше мән берген. Абай поэзиясының арқауы ғылым, білім, еңбек – осы қара сөздерде жалғасып дамиды.
Абай – біздің ұлтымыз бен жұртымызды танудың төте жолы. Ұлы ақын бізге мазмұндық тұрғыдан өлшеусіз, халықтың рухани азығына айналған мұра қалдырды. ХХІ ғасырға қадам бассақ та, Абайдың көзқарасы заманауи ізгілік қағидаттарына және Қазақстан қоғамының басты құндылықтарына, оның бірлігі мен берекесіне толықтай сай келетіндігіне тағы бір мәрте көз жеткіземіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады», – деп дара перзенттің даналық орнын айқындап көрсеткен еді.
Расында ұлы ақын өз шығармаларында насихаттаған еңбексүйгіштік, білімге деген құштарлық, ізгілік пен парасатқа зейін қойып, тәрбие алу – бүгінгі күні алға қойған міндеттердің бірі. Хәкім Абай айтқан ізгі құндылықтар өміршеңдігін жоймақ емес.
Өз тілшіміз.