Биылғы жиын-терім науқаны жергілікті диқандар үшін қиындықтарға толы болғаны белгілі. Ала жаздай бір тамбаған ақ жауын мен толассыз құйған күзгі жаңбыр астық алқаптарындағы жиын-терім жұмыстарына айтарлықтай кедергі келтірді. Алайда еңбекқор шаруалар қырмандағы астықтың шашауын шығармауға барынша күш салып, қамбаны толтыруға тырысты. Жалпы, қолайсыз ауа райы астық сапасына қалай әсер етті? Өңірдегі элеваторлардың егіс алқаптарынан түскен астықты қабылдауға мүмкіндігі жетті ме? Келесі жылға тұқым дайын ба? Ендеше осы сұрақтар төңірегінде ой өрбітіп, ерте көктемнен басталған тынымсыз әрі адал еңбектің, татқан бейнет пен төккен тердің нәтижесін шығарайық.

Жиын-терім қорытындысы

«Қыр астынан қылышын сүйретіп қыс та келді». Осымен, алтын күздің нағыз берекелі шағы – биылғы жиын-терім науқаны да аяқталды. Ертіс-Баян өңірінің еңбеккерлері осынау сындарлы шақты абыроймен аяқтап шыққанын айта кетейік. Қуаңшылық салдарынан қуаныштары сейіл-генімен, олардың әрқайсысы еселі еңбегінің жемісін көруге асықты. Көктен берген, жерден өнген өнімді төкпей-шашпай жинап алған шаруалардың тынымсыз тірлігінің нәтижесінде ел қамбасы астыққа толды. Әрине, биылғы егін орағының түсімін былтырғы жылмен салыстыруға келмейді. Шығымдылықтан гөрі шығын көп. Десек те, кейбір астық түрлерімен таразының басы теңескен тұстар да бар. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл бункерлік салмақта 380 мың тоннадан астам астық жиналды. Бұл былтырғы жылдың көрсеткішінен екі жарым есеге аз. Нақтылап өтсек, биыл жергілікті диқандар гектарынан орташа есеппен 3,9 центнерден жалпы 255,8 мың тонна бидай жинады. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 61,2 мың тонна арпа, 13,5 мың тонна сұлы бастырылды. Мұнда да жиналған өнімнің жалпы көрсеткіші  көңіл көншітпейді. Ал дәнді дақылдарға келер болсақ, биыл орташа өнімділігі гектарына 6,6 центнерді құраған 16 мың тонна тары және 23,8 мың тонна қарақұмық өнімі жиналды. Майлы дақылдар, оның ішінде күнбағыстың орташа өнімділігі гектарына 6 центнерді құрады. Бүгінгі таңда 202 мың гектар алқаптан күнбағыстың 116 мың тонна тұқымы бастырылды. Былтыр бұл көрсеткіш 167 мың тоннаға жеткен болатын. Жалпы, өткен жылы барлық айналымнан орташа есеппен алғанда 11,3 центнерден өнім алынған еді. Алайда биылғы жылдың «базынасы бөлек», түсімділік айырмашылығы басқа. Әрине, мұның бәрі жаздағы қуаңшылықтың салдарынан екені мәлім. Бұдан бөлек, мал азығын дайындау науқанының нәтижесі де белгілі болды. Жалпы, ағымдағы жылы мал қыстауына 1 млн 219,3 мың тонна шөп қамбаға жөңелтіліп, 1 млн 119,5 мың тонна жем-шөп шабындыққа тасылды. Онымен қоса 59,8 мың тонна пішендеме, 165,3 мың тонна жүгері сүрлемі, 218,9 мың тонна сабан дайындалды. Жиналған жем-шөп биыл өңірдегі төрт түліктің түгелін азықтандыруға жеткілікті болуы тиіс.

Ендігі міндет — сақтау

Бейнет кешкен адамның берекеге кенелетіні белгілі. Бұл таңмен таласа тұрып, күн батқанша дамыл таппайтын диқан қауымына қарата айтылған сөз іспетті. Қазіргі уақытта олардың алдында жаңа егіннің астығын жетік өңдеуді және сақтауды тиімді ұйымдастыру міндеті тұр. Себебі жиналған астықты кептіріп, сақтау мәселесі де үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Облыстық ауыл шаруашы-лығы басқармасының мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылдың 5 желтоқсанындағы жағдай бойынша өңірдегі қамбалар мен астық сақтау қоймалары 120 424 тонна ауыл шаруашылығы тұқымдарымен толтырылды. Бұл тұқыммен жарақтану жоспарының 82 пайызын құрайды. Оның ішінде дәнді дақылдар 72 пайыз (69 989 тонна), майлы дақылдар 96 пайыз (2 774 тонна) және картоп 102 пайызды (45 902 тонна) құрайды. Қалған тұқым қорларын жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер көршілес облыстардан және Ресей Федерациясының шекаралас аумақтарынан сатып алуда. Сонымен қатар, ауыл шаруа-шылығы басқармасының өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімі бөліскен ақпаратқа сүйенсек, қазіргі уақытта өңірде жалпы сыйымдылығы 277,3 мың тоннаны құрайтын 6 элеватор жұмыс істеп тұр. Оның ішінде Жолқұдық элеваторы 65 мың тонна, «АТО Шарбақты элеваторы» 48,5 мың тонна, «Павлодар нива» 50 мың тонна,  «Арго» фирмасы 30 мың тонна, «Ертіс Агро» ӘКК 46,8 мың тонна және  «Group KSM» 37 мың тонна астық сақтауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде сыйымдылығы 912 мың тоннаны құрайтын 261 бірлік қойма үй-жайлары бар.  Сондай-ақ, картоп пен көкөніс өнімдерін сақтау үшін жалпы сыйымдылығы 495 мың тонна болатын 149 көкөніс қоймасы бар. Оның ішінде сыйымдылығы 455 мың тонна болатын 130 қойма заманауи құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Ал сыйымдылығы 58 мың тоннаны құрайтын 13 қойма тоңазытқыштармен жарақтанған.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.