Биылғы қуаңшылық Ертіс-Баян өңірінің диқандарына оңай тиген жоқ. Ертіс өзеніне судың жылдағыдан аз мөлшерде түсуі де егін шаруашылығына айтарлықтай қиындық туғызды. Сол себепті жергілікті диқандар мемлекет тарапынан қолдау сұрап, жаз бойы еткен еңбегі мен кеткен шығыны өтелсе екен дейді.

Өткен аптада Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасында  өткен жиын барысында төлемдерді ұзарту және ірі қара малды субси-диялауға қосымша қаражат бөлуге қатысты түйткілді мәселелер қаралды. Отырыста облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы және «ҚазАгроҚаржы», «Агрокредиттік корпорация» секілді каржы институттарының өкілдері Ақтоғай,
Железин, Тереңкөл, Успен және Шарбақты аудандарының диқан-дарымен кездесіп, несиелерді ұзарту, өсімдік шаруашылығы бойынша субсидиялау шарттарын түсіндірді. Осылайша, жергілікті билік те ахуалдың күрделі екенін жасырып отырған жоқ. Нәтижесінде, диқандардың мәселесін шешуге бағытталған лайықты шаралар қабылдануда. Облыстық ауыл шаруашы-лығы басқармасының басшысы Марат Ақтаевтың айтуынша, қазір облыстың барлық аудандарында бекітілген кестеге сәйкес бидай, арпа және сұлы дақылдарын жинау жұмыстары аяқталып, мал азығы, картоп, көкөніс және майлы, бақша дақылдарын жинау жұмыстары жүріп жатыр. Биыл облыс бойынша 980 мың гектарға дән себілген. Алайда соның 13 пайызы ғана жақсы өнім беруде.

— Облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен жергілікті бюджеттен ірі қара мал мен қой және ешкінің аналық басының азығына жұмсалған шығындарының құнын арзандату бағыты бойынша субси-диялауға 2 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, алдағы уақытта тағы да қосымша 1 млрд теңге бөлінбек. Етті бағыттағы ІҚМ үшін субсидиялау нормативі — 1 және одан жоғары басқа 15 мың теңге, қой мен ешкі үшін 1 және одан көп басқа жоғары 5 мың теңгені құрайды,- деді басқарма басшысы. Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылдың  15 қыркүйегінен бастап қолданыстағы Қағидалар шеңберінде «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидия-лау» бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдау және оларды төлеу жүзеге асырылады. Өтінімдерді қабылдау ағымдағы жылдың 20 желтоқсанына дейін (қоса алғанда) жүргізіледі. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер «subsidy.plem.kz» сілтемесі арқылы субсидия көлемдерімен танысып, өтінім бере алады. Сонымен қатар, жиын барысында мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға өтініш білдірген диқандар қауымы құжаттардың санын қысқартуды, көктемгі егіске алған несиені жабу мерзімін ұзартуды сұрады. Шаруалардың айтуынша, биылғы күзде комбайндарға жұмыс жоқ. Топырағы құнарлы деген аудандардың өзінде егін бітік шықпай, сабағы семіп қалған. Осылайша алқап басындағы ағайын табысқа шығамыз деп тақырға отырдық деп күйінуде. Құрғақшылықтың қыспағында қалған олар облыс басшылығынан төтенше жағдай жариялауды сұрайды.

— Табиғат құбылыстарына төтеп беру мүмкiн емес. Бұл қуаңшылықтың ауыртпалығы ең бiрiншi шаруаға түседi. Қолға алатын мәселелердiң алғашқысы соның жағдайы болуы керек. Бізге төтенше жағдай жарияласа, мемлекет тарапынан қолдау-көмек алуға зор мүмкіндік туар еді. Биылғы қуаңшылық барлығымызды қыспаққа алды. Сол себепті диқандар қауымы несиелерін жаба алмай қиналуда. Бұл бір ауданға ғана қатысты емес, облыс бойынша осындай жағдай. Төтенше жағдай жарияланса, несиемізге немесе басталған ісімізге демеу болар еді, — деді «Замандас» шаруа қожалығының басшысы Балғабай Бәкішев. Отырыста шаруалар жергілікті мекеме басшыларымен түйткілдің шешімін қарастырып, аймақ басшысынан төтенше жағдай жариялауды сұрады. Алайда, әкімдік бұған ешқандай негіз жоқ екенін алға тартады. Десе де, диқандар мен шаруаларға көмек қолын созатынын жеткізді. Биыл алғаш рет шаруаларға мемлекет тарапынан малдың қысқы азығын дайындауға 3 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат шаруалардың қуаңшылықтан шығуына септігін тигізбек.

А.МҰҚЫШЕВ.