Павлодар қаласындағы Центральная көшесі, 6 мекенжайындағы 24 пәтердің тұрғындары бүгін-ертең көшуі тиіс. Себебі, бұл үй апатты деп танылды. Қабырғалары сөгіліп, төбесінің түсу қаупі бар. Сондықтан төтенше жағдай қызметінің мамандары белгіленген уақытта тұрғын үйді босатуға кеңес берді.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтылды. Үйлерінің қабырғасының сөгіле бастағанын тұрғындар биыл тамыз айында қалалық әкімдікке хабарлаған. Дереу комиссия құрылып, тексерілді. Мамандар Центральная көшесіндегі 6-үймен қатар дәл сондай технологиямен салынған 2-ші және 8-ші үйлерді де қарап шыққан. Жан-жақты тексеру үшін сараптама жасайтын ұйым тартылған. Сөйтіп, тамыз айының соңында үш мекенжай бойынша жергілікті деңгейдегі техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. №6 үйде қауіп жоғары болғандықтан осында тұратын тұрғындарды дереу көшіру шешімі қабылданып отыр.  Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышеваның мәлімдеуінше, тұрғындар тұрғын үйді және оның орналасқан жерін мемлекеттік қажеттілікке қайтарып алу іс-шаралары аяқталғанға дейін жалдамалы пәтерлерге көшіріледі. Жалдамалы пәтерлердің жалдық құны мемлекет тарапынан төленеді. Оған қаржы қалалық әкімдіктің төтенше жағдай резервінен бөлінді. Тұрғындарға жалдамалы пәтер ұсынуға мемлекеттік сатып алу бойынша конкурста «Кусаинов» жеке кәсіпкерлігі анықталған. Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Кенжегүл Жолжақсынованың айтуынша, кәсіпкер көшетін азаматтарға қала ішінен үш бөлмелі пәтерлер тауып беруі тиіс. Ол пәтерлердің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келуі қадағаланады. Немесе тұрғындар тапқан пәтерге шарт жасасады. Алайда қазірдің өзінде тұрғындар жеке кәсіпкерліктің ұсынып отырған жалдық құнымен келіспейтіндерін алға тартуда. Яғни, бөлінетін жалдық құнның жайлы пәтер жалдауға жететіндей болуын талап етуде.  Павлодар қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма бастығының міндетін атқарушы Тілекжан Галямов №6 үйдің тұр-
ғындарына уақытылы пәтерлерін босатуға кеңес берді. Бұл үйлер 1989 жылы салынған. Яғни, аса ескі деп саналмайды. Алайда, блоктарының арасындағы дәнекерлеу тігістерінің ажырай бастауы кезінде құрылыс нормаларының бұзылуынан болуы мүмкін деген болжам айтты. Тұрғындарға 16-қазанға дейін көшу қажеттігі туралы хабарлама қолдарына ұстатылған. Осы мерзімнен кейін мамандар электр қуатынан ажыратып, үйдің кіреберістері мен терезелерін бекітетін болады. Қазіргі таңда бес пәтер иесімен жалдамалы баспанаға көшуге келісімшарт жасалды. Ал Центральная көшесі 2 және 8-үйлерінің тұрғындарына келетін болсақ, олар әзірше көшірілмейді. Мұнда әлі де қосымша тексеру жүргізіліп, үйлерді сақтап қалу мүмкіндігінің бар-жоғы, қауіптілігі жіті қаралады. Содан кейін шешім шығарылады. Тұрғындар жалдамалы пәтер-лерде жеке баспана берілгенге дейін тұрады. Сондай-ақ, оларға пәтердің нарықтық бағасы бойынша ақшалай өтемақы немесе альтер-нативті пәтер ұсынылады. Ол пәтердің шаршы метрі қазіргіден кем болмауы және үйдің жылы 1989 жылдан ескі болмауы ескеріледі. Сонымен қатар, бұл үйлерді реновация бағдарламасына енгізу де мүмкін емес екен. Себебі, бағдарлама арқылы республикадан тек саман үйлердің тұрғындарын баспанамен қамтуға бөлінеді. Ал кірпіштен, блоктан салынғандары кірмейтін көрінеді. Дегенмен, қала билігі құзырлы министрлікке хат жолдап көрмек ниетте. Айта кетейік, Павлодардан республикалық тізімге 68 үй кірген. Жалғыз баспанасы апатты деп танылған Центральная көшесі, 6-үй мекенжайының тұрғындары қашан жеке пәтерге ие болатынын нақты айту қиын. Өйткені, үй орналасқан жерге егжей-тегжейлі жобалау жоспары, одан кейін құрылыс жобасы жасалғаннан кейін жер телімі мен үйді мемлекеттік қажеттілікке қайтару мүмкін болады. Содан кейін ғана тұрғындарға пәтерінің нарықтық бағасы мөлшерінде өтемақы немесе балама баспана беріледі. Айта кетейік, бұл үйдің орнына әлеуметтік нысан салу көзделуде.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.