Қазақстан халқы Ассамблеясы — елімізді мекен еткен көптеген ұлт өкілдерін бір арнаға тоғыстырып, татулық пен достықты нығайтуға негізделген институт. Этномәдени бірлестіктер Ассамблея аясында әрбір өңірде ашылған «Достық үйі» атты шаңырақ астына шоғырланып, тілдері мен мәдениеттерін жаңғыртып, салт-дәстүрлерін дәріптеуде. Этномәдени бірлестіктер жастары да аға буын салған үрдісті жалғастырып келеді. Облыста түрі өзге болса да, тілегі бір жастардың басын қосып, жүйелі жұмыс жүргізіп отырған облыстық Ассамблея жастар қанатының тыныс-тіршілігі туралы қоғамдық ұйым жетекшісі Рамиль Смаиловпен сұхбаттасқан едік.

— Рамиль Русланұлы, жастар үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының мәні мен маңызы қандай?

— Бүгінде жастар үшін Қазақстан халқы ассамблеясы маңызы өте зор деп толық сеніммен айта аламын. Жылдар бойы ҚХА өңіріміздегі түрлі этностық топтарының жастарын ұлттық бірлікті, ел саясаты мен толеранттылықты, сонымен қатар қоғамдық келісімді нығайту бағыты негізінде бастарын қосып, топтастырып келеді. Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар бірлестігі 2001 жылы құрылды, қазір «Павлодар облысындағы Жастар Ассамблеясы» РҚБ өкілдігі, яғни Павлодар облысындағы жастар Ассамблеясы.

Жастар Ассамблеясының басты мақсаты – жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, Павлодар облысының көпұлтты жастарын тарихи-мәдени мұраны зерделеу, түрлі ұлт өкілдерінің достық қарым-қатынастарын, ынтымақтастығы мен өзара көмегін нығайту бойынша мақсатты бірлескен жұмыс үшін біріктіру болып табылады. Бұл ретте дәстүрлі түрде жүзеге асырылып келе жатқан әртүрлі заманауи форматтағы жобаларымызды атап өтуге болады.

Мәселен, этномәдени бірлес-тіктер жастары арасында «Бірлік — Единство.KZ» форумы, «Әнім сенсің, Қазақстан!» патриоттық әндер фестивалі, т.б. ұйымдастырылады. Бұл жобалар жастарымызды еліміздің мәдени құндылықтарын бағалауға баулу, моральдық-адами бағдарлардың сабақтастығын қамту, жастардың азаматтық және патриоттық тұрғыда дамуын ынталандыруды көздейді.

Қазіргі уақытта Павлодар облысының жастар белсенді қоғамдық қызметке тарту бойынша үлкен жұмыс жүргізуде. Жастар Ассамблеясы 18 жастар құрамасы және екі студенттік Ассамблеяны (Торайғыров университеті және Павлодар сервис және тамақтану колледжі) біріктіреді. Павлодар облысының Жастар ассамблеясының құрамына ЭКО жастар бірлестіктерінің көшбасшылары кіреді. Қоғамдық ұйым қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, жастарды қазақ-стандық патриотизмге тәрбиелеу және жастар арасында мемлекеттік тілді дәріптеу арқылы еліміздің дамуына үлес қосуда. Біздің қызметіміздің тағы бір басым бағыты – колледж және жоғары оқу орындары студенттерімен жүйелі жұмыс жүргізу. Осы орайда, республика бойынша өңірімізде алғашқылардың бірі болып Студенттік Ассамблеялар мен ҚХА орталықтары қалыптасып, жүйелі жұмыс атқаруда. Жыл сайын белсенді жастар үшін ҚХА оқу гранттары тағайындалып тұрады.

— Әрбір ұлт өкіліне ұлттық құндылықтарын сақтап, насихаттауға мүмкіндік беріп отырған елдің саясатына байланысты не айтар едіңіз?

— Тәуелсіз Қазақстан – бейбітшілік мекені. Еліміздің негізгі ұстанған бағыты – ел ынтымағы мен бірлігін сақтау. Біз – көпұлтты мемлекетпіз. Егемен еліміздің даму қағидалары алдымен бейбітшілік пен тыныштықты сақтауды мақсат тұтады. Қазақ халқы өз жеріне тағдыр айдап келген барша ұлт өкілдерін сыртқа теппей, ерекше бауырмалдылық қасиетінің арқасында құшақ жайып, баршасымен біте қайнасып, туыс болып сіңісіп кеткен. Барлық ұлт пен ұлыс бірлесе жүріп басқа түскен тағдырдың қасіретін бірге арқалай білген. Соның арқасында бүгінгі бейбіт күнге жетіп, оны көздің қарашығындай сақтап отырмыз. Біз бүкіл әлемге осы тұрғыдан үлгі екенімізді естен шығармауымыз керек. Халықтар достығын нығайтып, туысқандық қатынасты сақтау, бәрімізді ортақ мақсатқа жетелейтін жетекші күш ретінде мемлекеттік идеологияны қолдау – әр қазақстандық үшін маңызды міндет.

— Өзге елдерде болып жатқан келеңсіз оқиғалардан, саяси қақтығыстардан қандай сабақ алу қажет?

— Әлемде болып жатқан түрлі жағдайларды бағамдай отырып, сан ұлттың өкілін бір шаңырақ астына сыйдырып отырған Қазақстан Республикасының азаматы болғанымды мақтан етемін. Бүгінгі таңда орын алып жатқан қандай да бір сыртқы факторлардан, саяси қақтығыстардан үлкен сабақ алып, мұндайға ешқашан жол бермеуіміз керек.

— Ұлтаралық татулықты нығайтуға өзіңіз қандай үлес қосудасыз?

— Өз басым ес білгелі өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қ.Б.Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебінде тәлім алдым. Кейін Жастар орталығының белсендісі, төрағаның орынбасары, бүгінгі күні төрағаның міндетін атқарып жүрмін. Өмірімді Ассамблеясыз елестету мүмкін емес. Менің мақсатым – мемлекеттік тілді дәріптеп, жастар бойына патриоттық тәрбиені сіңіріп, елдегі тұрақтылықты сақтауға ат салысу. Осы бағытта еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесімді қосу мен үшін зор мәртебе.

Сұхбаттасқан — Т.ОРАЗАЛЫ.