Жуырда әлеуметтік желіде Павлодар ауданының тұрғыны Жаңақала және Набережное ауылдарында мобильді байланыстың жоқтығына қатысты облыс әкіміне өтініш білдірді. Айтуынша, ұялы телефонмен бір-бірімен байланысу, жедел жәрдем шақыру мұңға айналған.
Өркениет жемісінсіз өмір сүруге мәжбүр екендіктерін жеткізген автор бейнежазбасында интернетке тек үйдегі Wi-Fi-роутермен ғана мүмкін екенін алға тартты.
— Былтыр көшіп келдім. Бірден мобильді байланыс мәселесіне тап болдым. Мұндағы тұрғындар бұрын мұндай түйткіл болмағанын айтады. Жаңақала және Набережное ауылдарында байланыс жоқ. Адамдар жедел жәрдем шақыра немесе балаларына хабарласа алмайды. Ұялы байланыс операторлары сырғытпа жауап қатып, уәде берумен келеді. Бірақ, іс жүзінде еш өзгеріс жоқ. Тариф күннен- күнге өсіп жатыр, ал байланыс сапасы мүлдем жоқ. Байланыс нашар деуге келмейді, мүлдем жоқ деген дұрыс болар. Сонда біз не үшін ақша төлеп отырмыз? Осы мәселені шешіп беріңіздерші, — деді ауыл азаматы. Байланыстан тыс қалған тұрғынның шағымына аймақ басшысы Асайын Байханов Instagram парақшасында жедел жауап беріп, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әміриннің аталмыш ауылға аттанғанын мәлім етті. Сонымен қатар, байланыс операторларымен бірлесіп, мәселенің шешу жолдарын табуды тапсырды. Жағдайды аудан әкімі Дидар Ибраевқа тікелей бақылауына алуды жүктеді.
Мәселенің қандай жолмен шешілетінін білу мақсатында облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Қойшыбайұлына хабарластық.
— Бұл ауылдарда былтыр күзде де болғанбыз. Набережное ауылында байланыс қондырғылары орнатылатын мұнара бар. Бірақ, аласа болып тұр. Оған қоса, көптеген тұрғындар үйлеріне репетир деген байланысты күшейткіш құрылғылар орнатып алған. Ал мұндай құралдар байланысты өзіне тартып, өзге-лерге залалын келтіріп отыр. Жалпы, мәселені шешу үшін Жаңақала және Набережное ауылдарына бір-бір мұнарадан орнату ойлас-тырылуда. Олардың әрқайсысы шамамен 5-7 млн теңге тұрады. Бұл қаражат аудандық бюджетті нақтылауда табылса, мұнара орнатылса, байланыс операторлары ертеңінде-ақ өздерінің базалық станцияларын қоюға әзір. Бір мұна-раға 2-3 байланыс операторының станциясын орнату мүмкіндігі бар, — дейді Ағыбай Әмірин.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.