Облыстық басылымда үш жылдай қызмет етіп, біраз тәжірибе жинап қалған уақыт. Шолушы деген лауазымның буына мастанып, әкімдіктің жиынынан етектей-етектей материалдарды күн сайын бас редактордың орынбасары Өскенбай Тастемхановтың алдына тастай береміз. Өсекең — өмірі шаршамайтын адам, қашан барсаң да материал түзетіп, болмаса газеттің баспа алдындағы беттерін оқып отырады.

Өскенбай аға демекші, ол кісімен біраз уақыт бір кабинетте отырдық. Мәдениеттілігінде мін жоқ, кез келген адамға сіз деп тұратын. Марқұм ағаның аялы алақанын, жұмысқа келгенде жан аямай жапырып істейтінін әлі күнге ұмытпаймын. Ол тұста интернет пошта арқылы хат алмасу өмірімізге дендеп ене бастаған. 2009 жылы болуы керек, Баянауылда жаңа мектеп ашылғанда іс-шарадан сол жерде материал әзірлеп, кетіп бара жатқан газет нөміріне электронды пошта арқылы материал жөнелтіп жібердім. Келесі күні редакцияға келсем, газетте материалым тұр. Ғаламтордың ғаламаты алда екенін мен тұрмақ, сол тұста Өсекең болжап қойған екен. «Бұрын мұндай мәтінді тек телетайппен немесе факспен алдыратынбыз. Ал терілген дайын мәтінді іс-шара болған жерден компьютермен қаз-қалпында жібере салу деген рахат дүние екен. Мұндай тәжірибе біздің редакцияда бірінші болып отыр, енді журналистика осыған көше бастайтыны анық. Жеделділік бірінші орынға шығады» деді. Айтса айтқандай, осы уақытта елде сайт ашу тенденциясы белең алды.

2010 жылдың наурыз айы болуы керек. Бас редактор Мұхит Омаров пен Өскенбай аға кабинетке шақырып алды. «Газеттің жеке сайтын ашуымыз керек. Бұл газеттің электронды мұрағатына айналады. Соны қолға аласың. Ол үшін бас редактордың веб-сайт жөніндегі орынбасары деген лауазым ашып отырмыз. Соған сені лайықты санадық», деп тапсырманы төтесінен қойды Мұхит аға. Әуелі бас тарттым. Алдымда басылымға келуіме түрткі болған Асыл Әбішев пен менен бір-екі көйлек ерте тоздырған Нұрбол Жайықбаев ағаларым тұрғанда, олардан асып қайда барамын. Бірақ бас редактордың талабы қатал. Шешім шығарып қойса, айтқанын бәрібір орындатпай қоймайтын. Ақыры тәуекел деп келісуіме тура келді.

Ол кезде басылым «Аналитикалық ақпарат орталығы» мекемесі құрамына еніп үлгерген. «Аймақ айнасы» атауымен веб-портал құрылып, газеттің сайты соның бір құрылымы болатын болды. Сайт дегенді интернеттен пайдаланып жүргенімізбен, оны құру, оқырмандар үшін оңтайлы етіп жасау деген бір бітпейтін машақат шаруа екен. Газет сияқты емес, әр ұсақ-түйегіне дейін ойластыру керек. Порталдың алғашқы редакторы Жұлдыз Сейсенбекова мен әкімгер Алмас Жүсіпбеков екеуі энтузиаст мамандар екен. Сайтты екі айдың ішінде әзірлеп, мамыр айында іске қосып жібердік. Газеттен көру бір бөлек, сайттағы материалды оқитын оқырманда шекара жоқ. Жұмысымыз ақырындап жүріп кеттік. Алғашқы сайтымыз қарапайымдау болғанымен, картасы мазмұнды жасалды. Күнделікті газет айдарларынан бөлек, Павлодар мен Екібастұз қалаларының жаңалықтарын беріп тұратын бөлімдер, тоғызқұмалақ ойынын сырттан оқытатын мектеп жасадық. Әсіресе, «Қойын дәптер» — журналистердің жеке блогы сол тұста қазақ блогосферасының дамуына айтарлықтай үлес қосты деп ауыз толтырып айтуға болар. Журналистердің қоғамдық мәселелерге қатысты ой-пікірі өріс алып жүре берді.

Сол уақыттарда сайтқа күніне орташа есеппен 3000 адам кірді. Материалдар мазмұнына көңіл бөлгеніміздің нәтижесі болар, 2012 жылы облыстық байқауда «Мемлекеттік тілдегі ең үздік сайт» аталымын жеңіп алды. Бұған қоса сол жылы еліміздегі қазақ тілді сайттардың үздік алтылығына еніп, Қазнет пайдаланушылар оның жұмысын жоғары бағалады.

Кейін бірнеше мәрте өзгеріске ұшырап, дизайны мен тақырыптық тұрғыдан заманға сай жетіле түскені анық. Алғашқыда Joomla деген қарапайым платформада құрылғаны себепті, бір материал орналастырудың өзі үлкен машақат болатын. Біртіндеп заманауи платформаларға көшірілді. Сөйтіп қазіргі уақытта кескін-келбеті келісті, аймақтың қазақ тілді ақпарат кеңістігін мазмұнды контентпен толтыра алатын іргелі ресурсқа айналып отыр.

Иә, заман талабына орай, қазір ақпараттың басым бөлігін әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы алатынымыз анық. Өңірлік газет ұжымының бұл игілікті де орнымен пайдаланып, ақпарат жарысында өзінің салмақты орнын иеленіп отырғаны қуантады.

Редакцияға кейінгі толқынмен қосылған Нұржайна Шодыр, Гүлжайна Түгелбай, Әсемгүл Қабдуахит, Фархат Әміренов, Тілеуберді Сахаба, Данияр Жұмаділ, Жарқынбек Амантай, Ақмарал Есімханова, Алпысбай Хонж, Оралхан Қожанов, Құндыз Қабылденова, Айдана Қуанышева, Қарлығаш Хашым және тағы басқа әріптестермен газеттің жүгін бірге көтерістік. Қазір есімдері аталған «сарыарқалықтардың» басым бөлігі шабысынан танбай, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүр.

Мерейлі 95 жас құтты болсын, құрметті әріптестер!

 

Мұрат Аяғанов, басылымның бұрынғы қызметкері, «Egemen Qazaqstan» газетінің Павлодар облысындағы тілшісі.