Облыста шомылу маусымы алдағы айдың 15-іне дейін ашылады деп жоспарлануда. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары Ертістегі су деңгейінің төмендей бастағанын айтады. Осы орайда, шомылу маусымына дайындық жұмыстары бастау алған.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Темірлан Жапалбай мәлім етті. Оның айтуынша, Ертістегі су деңгейінің жылдағыдан едәуір жоғары болуы шомылу маусымын жоспарланған уақытта ашуға кедергі болмайды. Себебі
15 маусымға дейін өзендегі су деңгейі қалыпқа келмек. Ағымдағы айдың ортасынан бастап жағажайларда абаттандыру жұмыстары басталған.

– Аймағымызда жаз мезгілінде 47 жағажай жұмыс істейді. Оның 27-сі – коммуналдық, 20–сы – жекеменшік. Шомылу маусымы кезінде қауіпсіздіктің алдын алу үшін жауапты органдар еріктілермен бірлесіп, су айдындарында рейдтік профилактикалық іс-шаралар жүргізеді. Өткен жылы облыста 6 адам суға кетті. Өкінішке қарай, оның үшеуі – бала. Жантүршігерлік оқиғалардың орын алуына ата-аналардың салғырттығы себеп болған еді, – дейді Темірлан Мейрамбекұлы.

Биыл жағажайларды абаттандыру және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 92 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Оқыс жағдайлардың алдын алуда орталық жағалаудағы «Ertis Promenadе» сахнасында «Бақытты балалық шақ» шарасы жалғасын табатын болады. Оның аясында құтқарушылар балалар мен ересектерге суда жүзуді, алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйрететін болады. Облыс аумағында жалпы саны 122 бассейн бар. Өткен жылы 9,5 мың оқушы жүзуді үйренген.

Брифинг барысында Аққулы ауданында суға батып кеткен кеме капитанының жағдайы да сөз болды. Темірлан Мейрамбекұлының айтуынша, капитанның денесі әлі табылмады. Іздестіру жұмыстарына судың тасуы кедергі келтіруде. Іздестіру жұмыстары жалғасуда.

Еске сала кетейік, жыл басынан бері өңірде 2 адам суға кеткен. Екібастұз қаласында балықшы суға кетіп жан тапсырса, екіншісі – кеме капитаны.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.