Бірнеше күн бұрын Павлодар қаласындағы №14 мектепте орын алған оқиға қоғамда резонанс тудырды. Білім ордасында сыныптасы мен мұғаліміне пышақ салған жасөспірімнің бұл әрекеті әлеуметтік желіде әлі де қызу талқылануда.
Сонымен, дүйім жұртты дүрліктірген жайсыз жағдайға не себеп болған? Жапа шегушілердің хал-жағдайы қалай? Жауапты мекеме өкілдері не айтады? Көпшілікті мазалаған сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.
Қалай болған?
Сөз басында атап өткеніміздей, жалпақ жұртқа жаға ұстатқан жайсыз оқиға облыс орталығындағы №14 мектепте болған. Нақтырақ айтар болсақ, 13 мамыр күні түске таман 9-сыныпта оқитын екі жасөспірім жанжалдасып, бір-бірімен келіспей қалады. Екеуара болған текетірес соңы пышақ сұғуға дейін әкеліп соққан. Яғни, 16 жасар жасөспірім қалтасындағы суық қаруды алып шығып, қарсыласып тұрған сыныптасының арқасы, жауырын тұсы мен иығын жарақаттаған. Оларға араша түспек болған 59 жастағы мұғалім де сол жерде жапа шегіп, иығы мен кеудесіне пышақ тиеді. Осы жағдайдан кейін облыстық полиция департаментіне дереу хабар беріліп, жедел жәрдем шақырылады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиға орын алған күні сағат 10.24-те жедел жәрдем қызметіне №14 мектептен шақырту түскен. Бригада 8 минутта жетіп, жапа шегушілерге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, науқастарды ауруханаға жеткізген. Сөйтіп, травматолог пен хирург дәрігерлер 1965 жылы туған математика пәнінің мұғалімі мен 2008 жылғы ер баланың жарақатын жіті қарап, жараларын емдеп, асептикалық таңғыштар қойып береді. Бұдан кейін әйел адам амбулаториялық ем алу үшін №1 қалалық ауруханаға, ал жасөспірім облыстық балалар ауруханасына жіберілген. Абырой болғанда, пышақ жарақатын алған ұстаз бен оқушы дін аман. Бастысы, олардың денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ, дейді мамандар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышеваның айтуынша, бүгінде зардап шеккен екі адам да өз үйлерінде ем алуда екен.
Ал бұзақылық жасап, сыныптасымен қатар, ұстазына да пышақ жарақатын салған бозбала тергелуде.
— Полиция Павлодар қаласының мектеп оқушысын ұстады. Ол сыныптасына, сондай-ақ мұғалімге пышақ салды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, — дейді облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Жасқайрат Қайыров. Сонымен қатар, ол тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейтінін де мәлім етті.
Текетіреске не түрткі?
Дәл осы сұрақтың жауабы көпшілікті мазалауда. Себебі, бұл — ұлдар арасындағы ұсақ-түйек ұрыс-керіс немесе жай төбелес емес. Оқушының суық қару қолдануы қоғамды қорқытып отыр. Жасөспірімнің осындай әрекетке баруына не себеп? Бұл сауалымызға тиісті мекемелер жарытып жауап бере алмады. Себебі, құқық қорғау органдарының өкілдері тергеу жұмыстары жүріп жатқанын айтып, іс барысы аяқталғаннан кейін ғана ақпарат ашық жарияланатынын мәлім етті. Оқиға орын алған №14 мектеп ұжымы да аталған жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартты. Облыстық балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясы төрағасының орынбасары Наталья Покидова да бұл жағдайдың себебі әлі белгісіз екенін айтып, тергеу жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді.
Осылайша, ресми органдар әзірге әліптің артын бағып, жақ ашпай отырған жайы бар. Яғни, мәселенің мән-жайы тергеу амалдары аяқталғаннан кейін ғана белгілі болмақ.
Ал әлеуметтік желіде пікір білдірушілердің сөзіне қарағанда, біреулер бұзақылық жасаған баланың қатыгездікке баруына сыныптасының марқұм болған анасына қатысты айтқан ауыр сөзі себеп болғанын айтады. Енді біреулер мұны әлімжеттік деп түсініп, қазіргі оқушылардың тәртібіне баса мән беру керектігін жарыса жазуда.
Қандай жұмыстар жүргізілуде?
Болар іс болды, бояуы сіңді. Ендігі мақсат – болашақта мұндай сұмдық оқиғаның қайталануына жол бермей, қауіпсіздік шараларын күшейту. Осы ойды бетке алған облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина да бірден жайсыз жағдай орын алған мектепке барып, ондағы тұла бойларын қорқыныш билеген оқушылармен жүздесіп қайтқан. Бұл жөнінде 13 мамыр күні өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырған аймақтың бас ұстазы:
— Құрметті ата-аналар, әріптестер! Бүгін Павлодар қаласының №14 мектебінде болған оқиға өздеріңізге мәлім. 9-сынып оқушысы сыныптас қолынан пышақ жарақатын алды, болған жағдайға араласқан мұғалім де зардап шекті. Оқиға орын алған бойда мектепке барып, оқушылармен кездесіп әңгімелестім, оқиғаға қатысушылардың жеке істерімен таныстым. Мән-жайды анықтағаннан кейін Павлодар облысының балалар құқықтарын қорғау өкілі Н.С.Покидовамен бірге зардап шеккен оқушы мен мұғалімнің үйлеріне барып хал-жағдайларын білдім. Олар медициналық көмек алып, үйлеріне амбулаториялық емге жіберілді, олармен тікелей байланыстамын. Сонымен қатар, осы жағдайға байланысты кезектен тыс ведомствоаралық комиссияның отырысы өткізілді. Отырыстың қорытындысы бойынша мектептер мен техникалық және кәсіптік ұйымдардың қауіпсіздігіне мониторинг жүргізілетін болады, жағдай болған мектептің тәрбие жұмысына тексеріс жүргізіледі. Облыс прокуратурасы білім беру ұйымдарының басшыларымен жиналыс өткізеді, сынып жетекшілерімен қосымша семинарлар өткізу жоспарланған. Мектеп психологы тарапынан жасөспірімдер мен мұғалімге жан-жақты көмек көрсетіледі, — деген.
Аталмыш оқиға Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековті де бей-жай қалдырмады. Шаһар басшысы да әлеуметтік желідегі парақшасында:
— №14 орта мектепте болған оқиғаға қала әкімі ғана емес, екі оқушының әкесі ретінде де үнсіз қала алмадым. Оқиға болған жерде болдым, мектеп басшылығымен, мұғалімдермен сөйлестім. Зардап шеккен балаға барып, оның тезірек сауығып кетуін тілеп, қандай көмек қажет екенін білдім. Ертең мен Павлодар мектептеріндегі қауіпсіздік мәселелері бойынша үлкен жиналыс өткізбекпін. Біз болған оқиғаның қайталануын болдырмауға мүмкіндік беретін шаралар кешенін келісіп, жедел жүзеге асырамыз деп үміттенемін. Павлодарлық ата-аналар білім беру ұйымдарының қабырғасында балаларының өмірі мен денсаулығына ештеңе қауіп төндірмейтініне сенімді болуы тиіс, — деген пікірін жария етті.
Сонымен, әкім айтқандай, бұрнағы күні прокуратура, полиция, мектеп басшылары, басқа да жауапты мекеме өкілдері бас қосып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін жан-жақты талқылады. Нәтижесінде, Хасар Хабылбеков №14 мектепте болған оқиға жауапты қызметтердің кемшіліктерінен орын алған болуы мүмкін екенін мәлім етті.
— Сыныптасы мен мұғалімін жарақаттаған бала психологтар мен мұғалімдердің көмегіне мұқтаж болғаны қазір белгілі болып отыр. Мектеп басшылығы мұны аңғармаған. Жасөспірім сабаққа пышақты қалай алып кіргенін де ешкім байқамаған. Айта кетерлігі, білім беру мекемесі бұрын террористік лаңкестікке бейім нысан ретінде тексерілген, оның күзетіне қатысты маңызды ескертулер жасалған, бірақ ешкім кемшілікті жоймаған, — деді қала әкімі. Сондай-ақ, ол бейнебақылау камераларының жұмысына қатысты да мәселелер бар екенін алға тартты. Сонымен қатар, мектептердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарына егде жастағы адамдарды тарту, білім саласындағы шенеуніктер мен директорлар тарапынан оқушылармен болған келеңсіздіктерді жасыру және жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың алдын алу бойынша мемлекеттік органдармен бірлесе үйлестірілген нақты жұмыстың жоқтығын атап өтті.
Алқалы жиын қорытындысы бойынша білім беру бөліміндегі қорғаншылық және қамқоршылық қызметтің штаты кеңейтіліп, прокурорлар қолайсыз отбасылары мен агрессия танытатын балаларды бақылауға алатын болады. Ал қала мектептерімен полицияның жедел уәкілдері жұмыс жасайды.
Шаһар басшысы сөз соңында бұл бағыттағы іс-шаралардың орындалуына кепілдік беретінін кесіп айтты. Бұдан қандай нәтиже шығатыны уақыт еншісінде!
Өкініштісі, соңғы уақытта елімізде кәмелет жасына толмаған балалар арасындағы қылмыстық оқиғалардың саны артуда. Оның себеп-салдары да әр түрлі. Психолог мамандар көп жағдайда жан дүниесі жараланған жасөспірімдер қатыгездікке жиі баратынын алға тартуда. Олардың осындай күйге түсуіне не себеп? Оқуға аман-сау кеткен баланың қауіпсіздігіне кім жауапты? Мектеп инспекторлары мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары тәртіпсіз балаларды тезге салуға қаншалықты қауқарлы? Көкейде сұрақ көп… Бастысы, балалар аман, ата-аналар алаңсыз болса екен дейміз.
Нұржайна ШОДЫР.