«Кенжекөл жастары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Жастар бастамаларын дамыту орталығында «Өнеге» атты жас отбасылардың байқауы өтті. Аталмыш шарада облыстың түкпір-түкпірінен жиналған 23 жанұя сынға түсті.

Байқаудың негізгі мақсаты – еліміздегі үлгілі жанұяларды дәріптеп қана қоймай, олардың өнегелі өмірін кейінгі жастарға кеңінен насихаттау, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру. Қазылар алқасының құрамында болған Қазақстан халқы Ассамблеясы төра-ғасының орынбасары Аурика
Дяктың айтуынша, мұндай шараларды халықаралық деңгейге шығарып, отбасылық қарым-қатынастың маңыз-дылығын көрсету қажет.

– Осындай үлгілі отбасыларымыз көп болсын. Біздің өңірімізде де тату, дарынды жанұялар бар екенін дәлелдеу мақсатында халықаралық деңгейде байқаулар өткізер едім, — дейді А.Дяк. Байқау барысында барлық отбасы ән айтып, би билеп, жиналған қауымға өз өнерлерін көрсетті. Аталмыш байқауға «Жебе» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Мұзафар Әлімбаев атындағы мектептің ұстазы Оразбек Бақытхан да қатысты.

– Мұндай отбасылық байқауға екінші мәрте қатысып отырмыз. Өткен жылы облыстық фото-байқаудың жеңімпазы атанған едік. Бұл сайыс дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп отырады. Бір қуантатыны, осы жылы қатысқан отбасылардың саны артқан. Тіпті, алыстан ат терлетіп келіп отырған жанұялар да бар, – дейді ол. Байқаудың қорытындысы бойынша, 3-орынға Сапаровтар жанұясы, 2-орынға ұстаздар әулеті Бақытхандар жайғасты. 1-орын Аққулы ауданының бес бала тәрбиелеп отырған Мәуітхан әулетіне табысталды. Ұлттық нақыштағы киіммен ерекшеленген отбасы жұрттың сүйіспеншілігіне бөленді. Түрлі аталымдарға ие болған қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан түрлі сыйлықтар табысталды.

Өз тілшіміз.