Бүгінде нарықтағы жалдамалы пәтерлердің бағасы шарықтап тұрғаны белгілі. Сондықтан кейбір студенттер мен өңірімізге уақытша жұмыс істеуге келетін тұрғындарға хостелдерді жағалауға тура келеді. Спорттық, шығармашылық сайыстарға басқа аймақтардан облысымызға ат терлетіп келетін балалар мен оның жетекшілері де қонақ үйлердегі нөмірлер қалтаға салмақ салатындықтан сол хостелдерде тұрақтайды. Ал олар қаншалықты қауіпсіз?

Амалдауға тура келеді

Осыдан бір апта бұрын Алматы қаласындағы хостелдердің бірінде 13 адамның газдан уланып, өмірден өтуі күллі елдің қабырғасын қайыстырғаны рас. Айдың-күннің аманында жас азаматтардан қапыда айырылып қалдық. Олардың қатарында төрт шетелдік азамат бар. Олардың ешқайсысы жертөледегі уақытша баспанаға еріккеннен барған жоқ. Көрпесіне қарай көсіліп, қалтасына қарай пана табу үшін бөлмелерді жалға алудан басқа амал қалмады. Қаза тапқандардың ішінде студенттер де бар. Өкінішке қарай, қазіргі замандағы жалдамалы пәтерлердің, қонақ үйлердегі бөлмелердің бағасы қауіпсіз жағдайда өмір сүруге мүмкіндік бермей отыр. Уақытша баспаналардың сұрайтын ақысы аз емес. Сол Алматыда бір бөлмені жалға алудың бағасы 150 мың теңге төңірегінде. Мұндай ақша енді ғана студент атанған, жақында жұмысқа орналасқан жастарда қайдан болсын? Сондықтан хостелдерді жағалап, жеті-сегіз адаммен бөлме бөлісіп, анағұрлым аз ақша төлеудің жолын табуға тура келеді. Бұл оқыс оқиғадан соң біздің облыстағы хостелдердің жағдайын білмек болдық. Облысымызда ресми түрде тіркелген 30-ға жуық жатақхана мен хостел бар. Байқағанымыздай, хостелдегі бір төсек-орынның бағасы 1500 теңгеден басталып, 3500 теңгеге дейін жетеді. Усолка шағын ауданындағы сондай уақытша баспаналардың біріне хабарласқан едік.

– Бір бөлмеде сегіз төсек-орын бар. Әрқайсысы үшін тәулігіне 1500 теңге төленеді. Көп жағдайда ер адамдар бөлме жалдайды. Олардың қатарында бірнеше аптаға бір-ақ орын алатындар бар. Біз өз кезегімізде оларға жайлы жағдай жасауға тырысамыз. Жуынатын, ас ішетін бөлмелер қарастырылған, – дейді хостел қызметкері. Ал кейбір хостелге деген сұраныстың көп болғаны соншалық, бірнеше жылға жалдап қоятын көрінеді. Сондай уақытша баспаналардың біріне хабарласқаны-мызда, алдағы үш жылдың өзінде орынның босай қалуы екіталай екенін алға тартты. Себебі мұнда көбінесе отбасылар тұрады. Табысы аз жұмыс орындарында еңбек ететіндіктен, толыққанды пәтерлерді жалдауға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан шарасыздықтан жатақханаларды паналайды. Мұнда ай сайын 30 мың теңге төлейді. Басқа көршілермен тамақтанатын, жуынатын бөлмелерді бөліседі. Ара-тұра орындар босай қалса, тәуліктік жалға береді. Онда бір күндік бағасы 3 мың теңге болады. Осындай хостелдердің бірінің тұрақты тұрғынын әңгімеге тартқан едік. Өзін Серік деп таныстырған елуден асқан азамат мұнда қаржыдан қысылғандықтан келгенін айтты.

– Осыдан біраз уақыт бұрын ажырасқаннан соң жалғыз тұратын болдым. Бастапқыда бір бөлмелі пәтерді жалға алатын едім. Ол кезде ай сайынғы бағасы 50-60 мың теңге төңірегінде болды. Қазір кемінде 90-100 мың теңгеге жалдауға тура келеді. Мұндай сома маған ауыртпалық салады. Әсіресе, жұмыс азаятын қысқы уақытта тиыннан теңге құрауға тура келеді. Өзім құрылыста жұмыс істегендіктен бұл уақытта тапсырыстар аз болады. Сондықтан таныстарымның айтуы бойынша осыдан бір ай бұрын хостелден орынды жалға алдым. Айына 25 мың теңге төлеймін. Әрине, мұндағы жағдай пәтердегі сияқты емес, бірақ тек қонуға келетін маған жарап жатыр, – деді ол. Байқағанымыздай, хостелдердің барлығындағы жағдай бір-біріне ұқсас. Бір ұзын бөлмеде екіқабатты төсектердің төрт-бесеуі тұрады. Яғни бір бөлме 8-10 адамға арналған. Мұнда тек төсектер мен киім қоятын шкаф бар. Қалғанының барлығы ортақ. Төсек-орынның иелері көбінесе кешкі уақытта ғана келетін көрінеді. Таң ата әркім өз шаруасымен шығып, кешке қайта бастары қосылады.

Олқылықтар аз емес

Алматыдағы соңғы жағдайдан соң жергілікті төтенше жағдай өкілдері де сақтық пен алдын алу шараларын күшейтті. Павлодар қаласы төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары, Азаматтық қорғау подполковнигі Тілекжан Галямовтың айтуынша, бүгінде облыс орталығында ресми тіркелген 30-ға жуық жатақхана мен хостелдің барлығы өрт қауіпсіздігі бойынша тексеруден өтуде. Оларда тіркелген заңбұзушылық фактілері бір-біріне ұқсас келеді. Мәселен, өрт дабылының жоқтығы, алғашқы өрт сөндіру құралдарының дұрыс жұмыс істемеуі, электр желілерінің тозуы, апаттық шығу есіктерінің жабық күйде болуы және желдету жүйесінің жұмыс істемеуі.

– Адамдар көп жиналатын орындарда өрт қауіпсіздігі бойынша қатаң талаптар қойылады. Мұндай ғимараттарға жатақханалар да жатады. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар сақтық шараларын ұстану қажет. Сонымен қатар, хостел мен жатақхананың әрбір тұрғыны өрт туындаған жағдайда қалай әрекет ету керектігін білуі тиіс. Азаматтарды хабардар ету арқылы қайғылы жағдайлардың алдын алу мүмкін. Осыған орай, өңірдегі жатақханалар мен конақүйлер толығымен тексеріліп, жатақхана тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша нұсқамалар беріледі. Ал өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу жағдайлары бойынша кемшіліктер анықталған мекемелерге ұсыныс жолданатын болады, – деді ол. Сондай тактикалық оқу-жаттығу жиындарының бірі Павлодар қаласы Толстой көшесі, 136/1 мекенжайында орналасқан «Айя» хостелінде де өтті. Мұнда жоғарыда аталған кемшіліктердің бірнешеуі анықталды. Алайда, төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері аталмыш орынның иесін бұл үшін жауапқа тарта алмайды.

– Азаматтық қорғау органдары хостелдерді пайдалануға рұқсат беруге қатыспайды. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес өкілдерін тексеруге уақытша мораторий жарияланғандықтан, біз тек алдын алу шараларын жүргізе аламыз. Шара барысында «Айя» хостелінде дабыл беру сигналының жоқтығы, эвакуация-лау жолдарында кедергілер бар екені анықталды. Кәсіпкерге өрттің алдын алуға бағытталған өрт қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіп ережелерін сақтау бойынша өткізілген нұсқаулықтардан басқа, өртті тудыруы мүмкін бұзушылықтарды жою бойынша ұсыныстар берілді. Тұрғындардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі бірінші кезекте болуы шарт. Сол себепті анықталған заңбұзушылықтар дер кезінде түзетілуі керек, – деді Т.Галямов. Құтқарушылар өрт қауіпсіздігін сақтамаған мұндай жеке кәсіпкерлерді жауапқа тарта алмайтындықтан, ескертумен шектелуге мәжбүр. Бұл мәселе төңірегінде жақында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров өз ойын білдіріп, елдегі барлық хостелге аудит жасау керектігін айтты. Өйткені панажайлардың көбі тұрғын үйлердің техникалық қабатында немесе жертөле-лерде орналасқан. Ал жауапты органдардың тексеру жүргізуге құзыреті шектеулі.

– Заңнан өрт сөндіру қызметінің барлық бақылау функциялары алынып тасталған. Бүгінгі таңда тұрғын үй салған кезде, сонымен бірге ғимараттар тұрғызған кезде өрт сөндіру қызметінің бірде-бір шешім қабылдау функциясы жоқ. Бұл елдегі қанша адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі әбден мүмкін. Сондықтан бүгінгі таңда өрт сөндіру қызметінің құзыретін арттыру керек, – деді Е.Саиров. Олай етпеске болмайды. Төтенше жағдайлар басқармасының тексерістері көрсетіп отырғандай, хостелдердің барлығы бірдей қауіпсіз емес. Мұнда да өрттің алдын алуға қатысты шараларды атқаруда олқылықтар бар. Сондықтан Алматыдағы жағдай біздің өңірде де қайталануы бек мүмкін. Жатақханалар мен хостелдердің тұрғындары әр тәулік үшін аз да болсын ақша төлегендіктен, оны жалға берушілер қауіпсіздікті толығымен сақтауға жауапты болуы тиіс. Сонда ғана оқыс оқиғалардың бетін қайтаруға мүмкіндік туады.

Қ.ҚАБЫЛДЕНОВА,

А.МҰҚЫШЕВ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.