Биыл Ертіс-Баян өңірінің байырғы басылымдарының бірі, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» бола білген «Saryarqa samaly» газетінің 95 жылдық мерейтойы! Осыған орай ертең, 7 маусым күні, облыс орталығындағы «Ертіс Promenadе» сахнасында «Елмен етене басылым» атты мерекелік кеш өтпек. Концерттің басталуы кешкі сағат 19.00-де.

«Saryarqa samaly» газетінің мерейтойы – бір өңірдің ғана емес, бүкіл қазақ баспасөзінің мерейлі белесі. Бұл басылымның ел өміріндегі тарихи рөлі өте зор. Тоқсанның төбелі төріне шыққан басылым өзінің өткір де батыл мақалаларымен егемен елдің еңсесін тіктеп, аймақтың тыныс-тіршілігін, жаңалықтары мен жетістіктерін өз беттерінде жариялап, өңірінің айнасы бола білді.

Бүгінгі таңда өңірдің өмірін, экономиканың барлық салаларының аяқ алысын, еңбек адамдарының ерен істерін, өнегелі тұлғалардың сара жолын, қоғамның бет-бейнесін – барлығын да газеттің сарғайған парақтарынан табуға болады. Заманның жаршысы болу ұстанымынан танбаған басылым бүгінгі күні де тәуелсіз еліміздің табысты жылдарының шежіресін тасқа бастырып, сөзбен айшықтап келеді.

Осы мерейлі шақты редакция алқасы Ертіс-Баян жұртшылығымен бөлісіп, қалың оқырмандарымен көрісуді жоспарлап отыр. Орталық жағалаудың бас сахнасында өтетін «Елмен етене басылым» атты мерекелік кеш барысында Иса Байзақов атындағы облыстық филармониясы мен «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының өнерпаздары ән шырқап, өнер көрсетпек. Сонымен қатар, кеш аясында ұтыс ойындары ойнатылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталады. Сондай-ақ, газет өміріне белсене араласқан бірқатар авторлар марапатталады. Мерейтойда кездесейік, мәртебелі оқырман!

 

Өтетін орны: «Ертіс Promenadе» сахнасы

Уақыты: 07 маусым, сағат 19.00.