Бүгінде бұқараның басты мәселесі – баспана алу. Бірақ жеке үйге қол жеткізу тұрғындарға, әсіресе әлеуметтік осал топ өкілдеріне айтарлықтай ауыртпалық салады. Жылдар бойы пәтер кезегінде тұратын адамдар да көп. Ендігі ретте бұл түйткілді тарқатудың тың жолдары қарастырылмақ.

 

Өңірде ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келген өзекті мәселелердің бірі — мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету. Аталған мәселені шешу жолдары облыс әкімдігінде аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен жиын барысында жан-жақты қаралды. Қазіргі уақытта жергілікті әкімдіктерде барлығы 27 мыңнан астам адам осы кезектің келуін күтіп жүр. Олардың 90 пайызы облыстағы үш қаладан баспана алудан үмітті. Алайда жыл сайын шаһарларда салынып жатқан көпқабатты үйлердің құрылысы көпшіліктің сұранысын өтеуге аздық етеді. Яғни, қолданысқа берілетін пәтерлердің саны кезекте тұрған азаматтардан едәуір аз. Бұл мәселені шешу үшін облыс басшылығы мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана беру тұжырымдамасын қайта қарамақ. Бұдан былай пәтер кезегінде тұрған азаматтар үшін үйлер құрылыс кәсіпорындарынан тікелей сатып алынатын болады. Соның нәтижесінде тұрғын үй алу мерзімі айтарлықтай қысқармақ. Мәселен, облыс орталығында келесі жылдың алғашқы тоқсанында әлеуметтік осал топтар санатындағы азаматтар үшін жалға берілетін 400-ден астам пәтер сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар, шағын аудандардағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс қарқыны арта түсуі тиіс. Биыл облыс орталығындағы «Сарыарқа» шағын ауданының құрылысы аяқ-талады. Мұнда ағаштан салынған ескі екіқабатты үйлердің орнына барлығы 3500 пәтер болатын 42 көпқабатты баспана салынған-ды. Жыл соңына дейін тағы бесеуі қолданысқа тапсырылуы тиіс. Олар «Алюминстрой» шағын ауданынан қоныс аударған 286 отбасыға беріледі. «Достық» шағын ауданында да баспаналардың құрылысы жалғасады. Қазіргі уақытта 1014 пәтерлі 8 үй бой көтеруде. Сол сияқты алдағы Екібастұзда 180 пәтерлі екі, Ақсуда 522 пәтерлі бес үйдің құрылысы жүріп жатыр. Асайын Байханов құрылыс басқармасы мен қала әкімдіктеріне атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын бақылауды жүктеді. Сондай-ақ, құрылыстың уақытылы аяқталуын, пәтерлерді меншік иелеріне тапсыру ісінің созбалаңға салынбауын назарда ұстау қажет. Аймақ басшысы тұрғын үймен қамтамасыз етудің әлеуметтік маңыздылығын атап өтіп, облыстың аудандарында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында тұрғын үй салу жобаларын қарастыруды да тапсырды. Бүгінгі таңда Ақтоғай, Железин, Ертіс, Успен, Тереңкөл аудандарында 24 пәтерлі 12 үйді салуға арналған жобалар бар. Бұл жобалар республикалық бюджет комиссиясының қарауына ұсынылды. Аталмыш бастама қолдау тапса, ауылдық аймақтарда баспана кезегінде тұрған 288 адам тұрғын үймен қамтылады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген — Валерий Бугаев.