Жуырда Кенжекөл ауылының 95 жылдығына орай аталмыш елді мекенде ұлан-асыр той өтті. Мерейтой аясында «Шайқы ата» мешіті ашылып, жалғасы спорттық ойындармен және мерекелік концертке ұласты.

Шара кезінде емшілік қасиетімен елге белгілі болған Шайқы атаның есімімен аталған мешіттің ашылуымен басталды. Оған ауыл тұрғындары және қонақтары қатысты. 95 жылдық тарихы бар Кенжекөл ауылы сұрапыл соғыс жылдарын да, қуғын-сүргін мен ашаршылықты да, мұңға толы тауқыметті де, түрлі машақатты да басынан өткерді. Иә, Кенжекөлдің тарихы – еліміздің тарихы. Өйткені, тарихтың үлкен-кішісі болмайтыны заңдылық. Мешіттің ашылу салтанатына арнайы қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов ауыл тұрғындарын атаулы күнмен құттықтап, ауыл тарихына көз жүгіртті.

— Алдымен осындай игі істің бастаушысы болған Талғат Жаңбырбайұлына алғысымды білдіремін. Осы және өзге азаматтардың қатысуымен бір жылға жуық уақытта мешіт салынды. Сондай-ақ, демеушілік еткен адамдарға көп рақмет! Осы маңайда Көктөбе деген жер бар. Жанында Шегірен деген өзен ағып жатыр. Сол жерде Сұлтанмамбет ханның билік жүргізген жері болған. Алайда ол тарихта жазылмаған. Бірнеше жыл бұрын ел азаматтары Алтынбек Нұхұлы, Жұмабек Қамзиннің қолдауымен тарихқа енгізілді. Естеріңізде болса, Кеңес Үкіметі кезінде бұл жерде совхозтехникум деген мықты шаруашылық болды. Одан қаншама шәкірт шықты. Бүгінде 10 мыңнан аса тұрғын тұратын ауыл қалаға қосылды. Әкімшіліктің қолдауымен бірқатар жұмыс жүргізіліп, көркейіп келеді. Кенжекөлдің мерейтойы құтты болсын! – деді Н.Әшімбетов. Облыстың бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы мешіт салудың игі іс екенін атап өтіп, қасиетті ғимараттың салынуына үлес қосқан бірнеше азаматты марапаттады.

— Біріншіден, биыл Кенжекөл ауылының құрылғанына – 95 жыл. Екіншіден, атаулы күнге орай жаңадан салынған мешіт салтанатты түрде ашылды. Бұл жерде кезінде Шайқы атаның есімімен аталған мешіт болды. Онда адамдар намаз оқып, құлшылық етіп жүрді. Алайда тарлық етіп, бір жылдың ішінде елді мекен азаматтары және жергілікті кәсіпкерлердің бастамасымен осындай қасиетті ғимарат салынды. Осы іске барша тұрғын қатысты. Игі іс жасап жарысайық! — деді Ж.Қоспақұлы. Ал Кенжекөл ауылдық округінің әкімі Медет Сансызбаев бүгінге дейін атқарылған жұмыстарды атап өтті.

— Кенжекөл ауылында осы уақытқа дейін көптеген жұмыс жүргізілді. Мәселен, мәдениет үйі, мектеп және амбулаторлық орталық ашылды. Жолдар асфальтталды. Әлі де атқаратын істер бар. Ауылдық әкімдіктің және ел азаматтарының қолдауымен Шайқы атаның мешіті қайта ашылды. Қасиетті орын заманауи үлгіде салынған. Мешіт есігі күні бойы ашық болады, — деді М.Сансызбаев.

— Мешіттің ашылғанына қуаныштымыз. Осындай жаңалықтар көп болсын! Ауылымыз күннен-күнге гүлденуде. Дегенмен, мәселелер де жоқ емес, – дейді ауыл тұрғындары. Аталмыш шара қазақтың ойындары – аламан бәйге, көкпар, асық ату, қазақша күреспен жалғасып, эстрада жұлдыздары Меруерт Түсіпбаева, Гүлнұр Оразымбетова және аймақтың өнерпаздарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен аяқталды.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген — Константин Шелков.