Кеше облыс орталығында орналасқан Достық ықшам ауданы, Ладожская көшесі, 17 мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қоныс той иелерін құттықтап, салтанатты түрде пәтер кілттерін табыстады. Баспаналы болғандардың қатарында көпбалалы отбасылар, аз қамтылған, жетім балалар және әлеуметтік осал топтағы басқа да азаматтар бар.
Бұл күні тоғыз қабатты жаңа үйдің ауласында көңілді әуен қосылып, жүзінен қуаныштың лебі сезілген тұрғындардың қарасы көп болды. Ұзақ жылға жалға берілетін жаңа пәтерлерге қол жеткізгендердің дені — халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтар. Салтанатты шарада аймақ басшысы Асайын Байханов жаңа пәтер иелерін қуаныштарымен құттықтап, 10-15 жылдан астам кезекте тұрған азаматтардың сабырлық пен түсінушілік танытқандарына алғыс білдірді. Айтуынша, бүгінгі күні мемлекеттік бағдарламалар аясында облыста тұрғын үй салу бағытында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Халықты баспанамен қамту өңірдің экономикалық жағдайын жақсартуға, жергілікті тұрғындардың тұрмыс мәселесін шешуге септігін тигізері анық.
— Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар қазақстандықтардың жайлы өмір сүруіне, әркімнің баспана және жұмыспен қамтылуына бағытталған. Бүгінгі қоныс тойы – соның айғағы. Павлодар облысында құрылыс қарқыны жыл сайын артып келеді. Жаңа баспаналарға бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарындағы отбасылар қол жеткізуде. Баршаңызды осынау қоныс тойларыңызбен құттықтап, шаңырақтарыңызға бақ-береке, ырыс-ынтымақ тілеймін, — деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, Асайын Байханов аталған шағын ауданда алдағы уақытта оңалту орталықтары, емхана, балабақшалар, 1200 оқушыға арналған заманауи мектеп, концерттік зал және зәулім мұз сарайы бой көтеретінін жеткізді. Яғни, қолданысқа берілген жаңа тұрғын үйлердің қасында келер жылдары әлеуметтік нысандар пайда болмақ.
— Қазіргі таңда облысымыздың инфрақұрылымы дамып, күн санап көркейе түсуде. Үкіметіміздің халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде, оның ішінде біздің өңірде тұрғын үй мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Бүгінде жаңа пәтер иелері атанған 300-ге жуық отбасы қоныс тойын тойлағалы отыр. Алдағы уақытта Достық ықшам ауданында әлеуметтік нысандар салынып, аталмыш аумаққа дейін трамвай желісін ұзарту мәселесі пысықталуда, — деді А.Байханов.
Осындай жаңа тұрғын үйлердің бірінен баспаналы болған көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері Айгүл Ақжанова осы қуанышты сәтті он жылдан астам күткенін айтты.
– Осыған дейін біз он жылдан астам кезекте тұрып, баспана жалдап келдік. Биыл бізге жаңа пәтер берілетінін білгенде қатты қуандым. Бұл — менің отбасым үшін үлкен көмек. Жеті баланың анасымын. Баларымның да қуанышында шек жоқ. Арманымыз орындалды! Енді біздің өзіміздің кең әрі әдемі үйіміз болады. Бізге қамқоршылық көрсеткен мемлекетімізге алғысымыз шексіз, көп рахмет! – деп қуанышымен бөлісті ана.
Жаңа қоныстанушылардың жай-күйімен танысқан облыс әкімі алдағы уақытта да осы бағытта жұмыстар жалғасын табатындығын жеткізді. Айта кетейік, облыста тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында жыл сайын құрылыс көлемі ұлғайып келеді. Жыл соңына дейін аталмыш ықшам ауданындағы бірнеше тұрғын үй пайдалануға берілмек.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.