Жаз – балалар үшін суға түсіп, шомылатын қызықты маусым. Аптап ыстықта су айдынына бара алмаған жағдайда қала фонтандары салқындауға таптырмас мүмкіндік. Алайда субұрқақта да қауіп бар. Сондықтан ата-аналар балалардың демалыстағы қауіпсіздігін жіті қадағалағаны жөн. Егер кәмелетке толмаған балалар ересектердің қарауынсыз субұрқақтарда шомылып жүрсе, ата-анасы айыппұл арқалайды.

Жыл сайын қала тұрғындарына субұрқақтарда шомылу қауіпті екені ескертіледі. Себебі кейбір фонтандарға музыкалы жарықтар орнату үшін электр тогы тартылады. Оның суына шомылып жүрген балаларды абайсызда ток соғуы мүмкін. Сондықтан барынша қауіпсіздік ережелерін сақтаған жөн.

Жақында Ақсу қаласында осындай оқыс оқиға болды. Үш жасар Настя есімді қызды фонтанда ток соғып, бала аурухананың жансақтау бөліміне түсті. Жағдайы қалпына келген ол қазір дәрігерлердің бақылауында.

Тағы бір қауіп түрі – инфекциялар. Субұрқақтарда ағынды су болмағандықтан, ол әртүрлі ауру қоздырғыштарына қолайлы орта болмақ.

Павлодар қаласында 20 фонтан бар. Жергілікті әкімдік, полиция, білім бөлімінің өкілдері мен қоғам қайраткерлері қалалық субұрқақтарға рейд жүргізді. Тексеру барысында субұрқақтарда шомылып жүрген балалар анықталды. Түсіндіру жұмыстарынан соң балалар ересектердің кеткенін күтіп, қайтадан суға түсуге тырысқан.

— Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық комиссияның бастамасымен коммуналдық меншіктегі 20 субұрқақ бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізудеміз. Аптап ыстықта көптеген балалар қараусыз шомылуға кететіні белгілі. Іні-бауырларын ертіп келетіндер де бар. Павлодарлық ата-аналарға айтарым, үйде балалармен сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Оларға субұрқақтарда шомылуға болмайтын себептерді түсіндіріп, сақтық шараларын ескерту керек. Балалар субұрқақтарға тартылған электр тогының қаупі туралы білуі тиіс, — дейді Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева.

Павлодар қалалық білім бөлімінің мәліметінше, 5 маусымнан бастап мектеп жанындағы лагерьлерге 21 мыңға жуық бала мен жасөспірім барады, 3 мыңға жуық бала еңбек жасақтарында немесе басқа жерде жұмыс істейді. Жазда 25 мың бала үйде болады.

— Ата-аналарға өтініш – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Субұрқақтар ғана емес, ашық су қоймалар да, терезелер де қауіпті. Еріктілер мен құтқарушылар су айдындарында ересектердің қарауынсыз жалғыз шомылып жүрген 15 жасөспірімді үйіне қайтарды, — деді білім бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин.

Ақсуда болған кішкентай Настяның жағдайы қайталанбауы үшін жаз бойы қалалық субұрқақтар бойынша рейдтер жүргізілетін болады.

— Балалар қалалық субұрқақтарда шомылғаны үшін ҚР Әкімшілік кодексінің 127-бабы бойынша олардың заңды өкілдеріне қатысты жауапкершілік көзделген. Ата-аналар балаларды тәрбиелеу және күту міндеттерін тиісті түрде орындамаса, жауапқа тартылуы мүмкін. Осы бап бойынша 10 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған, бір жыл ішінде қайталап тәртіп бұзғаны үшін 15 АЕК айыппұл салынады, — деді аға прокурор Әсел Бейсембаева.

Құрғақ субұрқақтар қарапайым субұрқақтарға қарағанда қауіпсіз болғанымен, ата-аналар сақтық шараларын естен шығармағаны абзал. Гагарин саябағындағы су ағындарының арасында немесе «Батыр моллдың» алдында жүгіріп келе жатып, бала жарақат алуы мүмкін.

Жазда ата-аналар аса мұқият болуы қажет. Өйткені балалар жарық элементтеріне секіріп, аяқтарын торларға қыстырып ойнайды. Сонымен қатар, қараусыз қалған саяжайларға, салынып болмаған нысандарға барады. Мұның бәрі – қауіпті. Балалардың өмірі мен денсаулығы үшін ең алдымен ата-аналары жауапты.

Өз тілшіміз.