Ертіс-Баян өңіріндегі өнер саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, есімі құрметпен аталатын белгілі тұлғалардың еңбектерін ұлықтау ұрпаққа парыз. Сондай абзал жанның бірі туғанына биыл 75 жыл толып отырған Қайырбек Мұфтанұлы Сәтиев еді.

Өмірін өнерге арнаған сазгер көзі тірісінде 100-ге тарта ән жазды. Олардың арасында бала-ларға, патриоттық, махаббат тақырыптарына арналған лирикалық әндер баршылық. Негізі, сазгер әндерінің басым бөлігін балаларға арнап жазғаны байқалады. Солардың арасында «Жауқазын», «Бала тілегі», «Бал дәурен», «Бөбегім», «Өсіп келе жатырмын» және тағы басқа әндері. Ал туып-өскен жеріне деген сағынышы мен сүйіспеншілігін білдіретін «Ай-келбет Павлодарым», «Ақшиман — ардағым», «Кең далам» әндері жастардың арасында кең тарады. Қайырбек Мұфтанұлы 1948 жылы 1 қазанда Ресейдің Новосібір қаласында дүниеге келген. 1956 жылы Май ауданына қоныс аударады. Сазгердің өнер шыңына бастайтын даңғыл жолы бала кезден-ақ басталған, сырнай мен баян аспаптарында ойнап, «Гармоншы бала» атанады. 1974 жылы Павлодар қаласында Чайковский атындағы музыка училищесінде, кейін Шығыс Қазақстан университетінің «Музыкалық білім» факультетінде білім алады. Еңбек жолын өзінің балалық шағы өткен Май аудандық мәдениет үйінде көркемдік жетекші болып бастап, кейін сол мекеменің директоры болып қызмет істейді. Ал 1977 жылы жұмыс бабымен Павлодар совхоз-техникумына ауысып, мектепте ән-күй пәнінен оқушыларға дәріс береді. Аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Қарлығаш» ән-би ансамбліне жетекшілік ете жүріп, музыка мектебінің ашылуына күш салып, сол мектептің алғашқы директоры болып қызмет атқарады. Болашақ композитор мұнымен шектеліп қана қоймай, 1998 жылы «Шаңырақ» облыстық қазақ халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызмет орталығы ашылған жылы көркемдік жетекші болып қызметке тұрды. Мұнда «Жас қанат» атты балалар эстрадалық студиясын ашады. Сазгердің әндері өңірі-міздегі белгілі әншілердің, ансамбльдердің орындауында, сондай-ақ телеарна, радио арқылы көпшілік арасында кеңінен тарады. 1992 жылы Шымкент қаласында өткен Шәмші Қалдаяқов атындағы сазгерлер сайысында жүлдегер, 1994 жылы ұйымдастырылған облыстық композиторлар байқауында жеңімпаз атанды. Сол жылы Бейсен Ахметов атындағы педагогикалық колледжіне ауысып, шығармашылығын ұстаз-дықпен жалғастырды. Зейнет жасына шыққанға дейін көптеген жас талапкердің талабын ұштауда да көп еңбек сіңірді. 1997 жылы республикалық «Айналайын» фестивалінде оның үш бірдей әні орындалып, орындаушылар лауреат атанды. Өмірін өнерге арнаған сазгерге 2018 жылы «Май ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Сонымен қатар Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай өткен облыстық форумда «Ең үздік сазгер» номинациясына, 2000 жылы «Жыл композиторы» аталымына ие болды. Ал 2009 сазгердің «Әнім әнге жалғассын» атты әндер жинағы жарыққа шықты. Бұл кітапқа автордың 60-тан астам әні енген болатын. Сазгердің өнер саласында сіңірген еңбегі бағаланып, ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталды. Сазгердің қайталанбас әндері тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленіп, жүректердің төрінен орын алған еді. Өз жерлестерінің қошеметіне ие болған сазгердің туындылары әрқашанда халық жадында сақталады.

 

Сәуле Арынғазина,

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі өнер бөлімінің меңгерушісі.