Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жұмағали Қоғабайдың қос бірдей кітабының тұсауы кесілді. Ертіс-Баян жұртының көзіқарақты оқырманы «Сәтбаевтар әлемі» және «Сақ дәуірімен сабақтас оқиғалы оюлар» кітаптарымен танысты. Жаңа туындылардың тұсаукесері Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы аясында С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада өтті.

 

Қазақ ғылымының атасы атанған Қаныш Имантайұлының туған күні және еліміздегі Ғылым қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған шараға аймағымыздағы зиялы қауым өкілдері қатысты. Кездесуді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан ашып, Қаныш Сәтбаев мерейтойына орай жоспарлармен бөлісті.

— Бұл жиынды Қаныш Сәтбаевтың мерейтойының бастуы деуге болады. Тойдың үлкені туған жері Баянауыл төрінде өтеді. Яғни, халықаралық дәрежедегі ғылыми-практикалық конференция өтеді. Онда жеті бірдей жас ғалымға жүлде тағайындасақ деп отырмыз. Бұл шараларға сіздер де бір кісідей үлес қосасыздар деп ойлаймын. Ал бүгінгі күннің басты оқиғасы — өңірімізге белгілі қаламгер Жұмағали Қоғабай ағамыздың екі бірдей кітабы жарыққа шығып, оқырманды қуантып жатыр. Біріншісі Қаныш атамызға арналған болса, екіншісі Сақ дәуірінен бергі жалғасқан оюлар мәдениетін ерекше шеберлікпен суреттеген екен. Бұл — сөзбен жеткізе алмайтындай ерекше өнер, ерекше дарын. Бұл еңбек қазақ даласында өмір сүрген өркениеттер мәдениетінің қаншалықты жоғары болғанын анық көрсетеді. Ағамызға әлі де зор шығармашылық табыс тілейміз, — деді Медет Алпысбайұлы.

Сонымен қатар, оқырман үшін орамды ой теріп, ұлы ғалымның әулеті туралы тың еңбек жазып, оны оқырманға ұсынған қаламгер Жұмағали Қоғабайға оқырман атынан шапан жауып, риясыз ризашылығын білдірді.

Осы жиын барысында Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры Серік Елікбай сөз сөйлеп, барша Ертіс-Баян өңірінің қаламгерлері атынан құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-журналист Сайлау Байбосын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-аудармашы Айбек Оралхан және басқа да қатысушылар қос бірдей жаңа туындының келер ұрпақ үшін мәні мен маңыздылығына, мазмұндық тұрғыдан ерекшелігіне тоқталды.

— Мен Қаныш Сәтбаев және оның айналасы туралы кітап жазуға ұзақ уақыт дайындалдым деуіме болады. Яғни, қай жерде жүрсем де, Сәтбаевтар туралы құнды деректер көрсем, жинастырып жүретінмін. Мысалы, түрлі газеттер мен журналдардың қиындылары көзге түссебірден архивіме сақтап қоямын. Міне, осы еңбегім Қаныш Сәтбаев туралы тың деректер қамтылған кітап шығаруыма сеп болды. «Сәтбаевтар әлемі» кітабына ғалымның қиыншылық көрген, зобалаңға ұшыраған, құрбандыққа шалынған ағалары туралы, нағашылары туралы тың мәліметтер беруге тырыстым. Міне, сол арқылы Сәтбай айналасының сабақтастығын, бір-біріне туыстық қарым-қатынастары мен ғылымдағы жолын айтқым келді, — деді Жұмағали Қоғабай.

Жиын SU Түлектер қауымдастығының басшысы, «Сәтбаев университеті Эндаумент» Жеке қорының Комитет төрағасы және Қордың бас атқарушы директоры Шынар Қоғабай және Сәтбаевтардың ұрпағы Райхан Қоғабаеваның «Өрнектерді сөйлеткен шебер» жеке көрмесі өтті.

Тілеуберді Сахаба.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.