Елімізде «QAZAQ TILI» қоры құрылды. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілді дамытуға арналған Qazaq tili қорына алғашқы болып 7 миллион теңге аударды.

Бұл туралы «Қазақ тілі» қоғамының президенті, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлы хабарлады. Рауан Кенжеханұлы президенттің қабылдауында болғанда мемлекеттік тілді дамытуға арналған эндаумент қорын құруды ұсынған. Оның айтуынша, Президент бұл ұсынысты қолдаған. «QAZAQ TILI Endowment» қорын құру, тіркеу, рәсімдеу шаралары жақында аяқталып, бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлы сол қорға бірінші болып 7 миллион теңге көлемінде жеке жарна аударды. Президент көрсеткен үлгіні ел азаматтары, тіл жанашырлары, кәсіпкерлер кеңінен қолдайды деп сенеміз, – дейді ол. Қордың басты міндеті – мемлекеттік тілді қолдау және дамытумен айналысатын еліміздегі ең ірі ұйым – «Қазақ тілі» қоғамының тұрақты әрі ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету. Эндаумент қорының ерекшелігі – қорға жиналған қаржы жұмсалмайды. Қордағы қаражат басқаруға беріледі және инвестицияға құйылады. Инвестициялық қызметтен түскен табыс «Қазақ тілі» қоғамының жарғылық міндеттеріне жұмсалады. Рауан Кенжеханұлы әлем елдерінде білім беру мен әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың тұрақты әрі ұзақмерзімді қызметін қамтамасыз ету үшін эндаумент қорын құру тәжірибесі кең таралғанын атап өтті. Қазір Жапониядағы ғылым мен технология қоры, сонымен қатар, Стэнфорд, Гарвард университеттерінің қорлары дүние жүзіндегі ең ірі эндаумент қорларының қатарына кіреді. Қазақ-станда да ірі университеттер, мектептер мен коммерциялық емес ұйымдардың эндаумент қорлары сәтті жұмыс істеп келеді. Оның айтуынша, «Qazaq tili Endowment» қорын беделді қоғам қайраткерлері, ғалым-лингвистер мен мемлекет өкілдерінен құралған тәуелсіз қамқоршылар кеңесі бақылайды. Мемлекет басшысы «Қазақ тілі» қоғамына қазақ тіліндегі медиа және баспа контентін көбейту үшін нақты жобалар мен шаралар кешенін жүзеге асыру, тілді оқыту мен үйрету әдістемесін жетілдіру, оқу сауаттылығы мен жазу мәдениетін дамыту, сонымен қатар, қазақ тілін қолдау мен тілді қолданатын қауымдастық аясын кеңейту мақсатында заманауи технологиялық шешімдерді кеңінен пайдалануды тапсырды.

Өз тілшіміз.