Бүгінде қала ішіндегі қоғамдық көліктермен қатынайтын жолаушылар мобильді қосымша арқылы автобустың қай жерде келе жатқанын көре алады. Ендігі ретте тұрғындарды тасымалдауға жауапты кәсіпорын өкілдері жүргізушілердің шаршауын, олардың телефонмен сөйлесуін, шылым шегуін – барлығын қашықтан бақылайтын болады.
Таяуда қоғамдық көліктердегі «Avtobys» жүйесіне жауапты «Смарт Автобус ПВ» ЖШС өкілдері жергілікті билікке бірқатар тың ұсынысын таныстырды. Аймақ басшысы Асайын Байхановтың қатысуымен өткен жиында қоғамдық көлік операторының жұмысын жақсартуға бағытталған жобалар талқыланды.
«Смарт Автобус ПВ» ЖШС операторы нақты уақыт режимінде қоғамдық көліктің аралық уақытының сақталуын, автобустың орналасқан жерін қадағалауды, яғни көліктің кестеге сай келер-келмесін бақылайтын заманауи форматын ұсынды. Бүгінде №1 автопарктің №21 және 22 бағыттарында пилоттық режимде «Magnetic» диспетчерлеу жүйесі іске қосылып үлгерді. Оның интерфейсі нақты уақыт режимінде жүргізушінің шаршауын, оның ұялы телефонмен сөйлесуін, шылым шегуін анықтайды.
Аймақ басшысы «ақылды» шешімдер қоғамдық көліктің орналасқан жері мен оның желіде болуын қадағалаумен шектеліп қалмауы тиіс екенін атап өтті.
— Жолаушы барлығынан хабардар болуы керек. Ол аялдамадағы жарық тақталарынан немесе телефонынан қажетті автобусты қанша уақыт күту керек екенін білуі қажет. Өз кезегінде қызмет көрсетуші компаниялар тұрғындарға ыңғайлы әрі жайлы жағдай жасауы тиіс, — деп атап өтті аймақ басшысы.
Еске сала кетейік, осыдан үш жыл бұрын Павлодар қоғамдық көліктердің 75 пайызы шағын класты болған жалғыз облыс орталығы саналды.
2022 жылдан бастап авто-кәсіпорындарды жаңартуға және электрондық билеттеу жүйесін енгізуге арналған субсидиялар енгізіліп, ол автобус парктерін жаңартуға және жеңілдікпен жол жүруге құқығы бар азаматтардың шығындарын өтеудің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, сөйтіп соңғы екі жылда 218 автобус жаңартылды. Бүгінгі таңда облыстың үш қаласындағы қоғамдық көліктердің 75 пайызы — заманауи талапқа сай келетін үлкен класты автобустар.
Өз тілшіміз.