Жақында Алматы қаласында Қазақстанның барлық аймақтарынан келген алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушылары арасында әскери-қолданбалы спорт түрлерінен республикалық турнир өтті. Жарыстың қорытындысы бойынша атыс қаруын бөлшектеу бағытында павлодарлық мұғалім Нұрлан Нұрпейіс жоғары нәтижелер көрсетіп, бірінші орынға ие болды.

Нұрлан Талдыбекұлын «білек пен жүректің жарысындағы» кезекті жеңісімен құттықтай барып, алғашқы әскери дайындық пәні жайлы, сондай-ақ, бүгінгі жастардың әскери өмірі туралы толығырақ сұрастырдық. Біздің бұл сұхбатымыз оқытушының кабинетінде, студент-тердің ортасында өтті. Барлық сұрақтарымызға Нұрлан Нұрпейіс сабақ барысында жауап беріп отырды. Алғашқы әскери дайындық сабағында «Калашников» автоматының құры-лымы назарға алынды. Атыс қару-ының әрбір бөлшегін оқытушы Нұрлан Нұрпейіс студенттерге жіті таныстырып шықты. Қару-жарақ ұстау тәртібі, оның түрлері мен Отан қорғау тақырыбы колледж студенттеріне бірінші курстан бастап үйретіледі. Оқу құралы болғандықтан, автомат қауіпсіз. Алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы сабақта пайдаланатын оқу құралының осындай болуы шарт екенін айтады. Мұндағы гранаталар да жасанды. Яғни, темірден құйылған макет. «Біздің мақсат – әскери өмірдің әліпбиін үйрету», – дейді ұстаз.

– Менің анам да, әкем де –    өздерінің саналы әрі санаулы ғұмырларын оқу мен білімге арнаған педагог адамдар. Екеуі де – тарих пәнінің ұстаздары. Мен де ата-анамның жолын қуып, оқытушылық қызметке орналастым. 2022 жылдан бастап Павлодар қаласындағы Ақпараттық технологиялар колледжінде Алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беремін. Осылайша, жас балаларды әскери өмірге баулып, ел алдында еңселі азамат болып қалыптасуына бар күш-жігерімізді салудамыз. Шәкірттерімнің жалпы саны 500-ден асады. Олардың арасында облыстық, республикалық, тіпті халықаралық байқаулардың жүлдегерлері де бар. Екі жыл аралығында колледж қабырғасында құрылған «Сұңқар» әскери-патриоттық клубына жетекшілік етіп, студенттер қауымынан болашақ жас сарбаздарды даярлап шығарудамыз. «Болат – қайнауда, ер жігіт майданда шынығады», – дейді ғой дана халқымыз. Сол себепті жастарға айтарым, себепсіз сылтау айтып, Отан қорғаудан, әскери қызметтен қашпаған жөн. Әскерге бару абырой арқалаумен қатар үлкен жауапкершілікті жүктейді. Кешегі бозбала шақырылушы әскерден үйіне аптал азамат әрі нағыз Отан қорғаушы болып оралады. Міне, біз сабақ барысында осы ұғыммен жастардың бойына патриоттық рух қалыптастырып, оларды әскери өмірдің қыр-сырымен таныстырамыз, – деді Н.Нұрпейіс.

2002-2022 жылдары Ұлттық ұлан қатарында взвод командирінен
бастап, Павлодар қаласындағы №6679 әскери бөлім командирінің орын-басарына дейін қызмет атқарған Нұрлан Нұрпейіс өзінің әскери өміріндегі лейтенанттан бастап подполковникке дейінгі аралықта мыңдаған жас сарбаздарды тәрбиелеп, шыңдап шығарғанын айтты.

– Алғашқы әскери дайындық пәнінің негізгі бағыты әскери өмірге дайындау болса, сабақ барысында оқытушының басты міндеттері негізінде оқушылардың нақты дағдылары қалыптасады. Оның ішінде аса маңыздысы – оқушылардың сенімділігі арта түседі. Себебі «Отан» деп қару ұстап, жас сарбаз болып сап түзеген жасөспірімнің рухы оянып, қайратының қайнар көзі ашылады. Тек ұстаз осы биік сезімді оқушыларға дарыта білуі керек. Мәселен, кабинетіміздегі барлық қару-жарақтардың макеті, оқу-әдістемелік құралдар осы бағытта жұмыс істейді. Колледж қабырғасындағы 1-2-курс студенттердің бір жылдық оқу маусымында өткізілетін Алғашқы әскери дайындық пәнінің жалпы уақыты 96 сағатты құрайды. Оның ішінде 30 сағат далалық оқу-жаттығуға бағытталған. Демек, теория мен практиканы ұштай білеміз. Облыстағы әскери бөлімдермен, әскери-патриоттық клубтардың барлығымен бірлесе жұмыс істеуге де әзірміз. Былтыр оқушыларды «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты №5512 әскери бөліміне 12 рет, №6679 әскери бөліміне 13 рет апарып, далалық оқу-жаттығыларға қатыстық, – деді ұстаз.

Әңгіме барысында әскердегі темірдей тәртіпке үйренген Нұрлан Нұрпейіс бала кезінде ән салғанын еске алып, төбелі өнерден құралақан еместігін айтты. Алдағы уақытта әскери ұстаз ұлттық бағытта ән шырқайтын ансамбль құрмақ.

– Мектепте жоғары сыныптарда әскери оркестр мүшесі болдым. Бала кезімнен шығармашылыққа жақынмын. Домбыра шертіп, ән салғанды ұнатамын. Қазіргі уақытта колледжде оқушылар мен оқытушылардан құралған ансамбль құру жоспарымызда бар. Қазақтың ұлттық аспаптарын серік етіп, биік сахнаны да бағындырмақ ойымыз бар, – деді ол.

А.МҰҚЫШЕВ.