Ақтоғай ауданының мәдениет саласының дамуына үлес қосқан азаматтар баршылық. Солардың бірі – Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, баспасөз және мәдениет салаларының ардагері Бәкібай Рамазанов. Биыл ел азаматының дүниеге келгеніне — 75 жыл.

 

Бәкібай Рамазанов Ақтоғай ауданының мәдениет саласына үлкен үлес қосты. Оның бастамасымен мәдениет ошақтары жоқ елді мекендер мен ферма орталықтарына жылжымалы кітап-хана ұйымдастырылып, мәдени қызмет көрсетіле бастаған.

– Бәкібай Рамазанов ізденімпаз, тынымсыз еңбегінің арқасында мәдениет саласының өркендеуіне мол үлесін қосты. 1996 жылдың соңына қарай мәдениет саласында да жекешелендіру, оңтайландыру, жабу, сату басталып, ауданымыздағы 41 кітапхананың 20-сы ресми түрде жабылып, тағы да бірқатар кітапхананы жабуға бел буған кезеңдер еді. Сол қиын-қыстау кезеңдерде қалған кітапханаларды жаппай, сақтап қалып, ағамыздың мәдениетке деген жанашырлығы еш кеткен жоқ, – деп еске алады Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Бибігүл Оспанова.

Бәкібай Рамазанұлы 1949 жылдың 9 қаңтарында Куйбышев ауда-нының (қазіргі Ақтоғай) Жаңа Аттаныс ауылында дүниеге келген. 45 жылдан аса еңбек жолын бір ауданға арнаған. 1966 жылы Куйбышев орта мектебін ойдағыдай бітіріп, еңбек жолын автобазада бастайды. Аудандық газеттер редакциясында радиохабар ұйымдастырушы, редакцияның жауапты хатшысы, партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінде нұсқаушы қызметін атқарды.

– Мәдениет бөлімінің басшысы ретінде де ағамыз ұқыптылықты, жауапкершілікті қатаң талап етіп, бастысы әр адамға қабілетіне қарай тапсырма беріп, тіл табыса білді. 2000 жылы мәдениетті қолдау жылы бірнеше кітапхана қайта жанданып, іске қосылды. Ауыр кезеңдерді бастан кешірген мәдениет саласы өркендеп, жетіле бастады. Қазіргі кезде Ақтоғай орталық кітапхана ғимараты аудан орталығындағы мақтанарлық денгейде екеніне баршаның көзі жетіп отыр, – деді редакция ұжымында көп жылдар еңбек еткен, Бәкібай Рамазанұлының көзін көріп, тәлім алған Бакизат Қаракерейқызы.

Марқұмның ұрпақтары іс-шараны ұйымдастыруға себепкер болған М.Қайырбаев атындағы орта мектепке және Ақтоғай орталық кітапхана ұжымына алғыс білдірді.

Өз тілшіміз.