Мемлекеттік қызметте бағын сынап көргісі келген әрбір жас азамат өңірлік кадрлық резервіне өтуге талпына алады. Алдағы наурыз айының 1-інен бастап құжат қабылдау басталмақ.

Бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Ержан Қарымсақов Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте мәлім етті. Айтуынша, мұндай резерв құру арқылы жас басқарушылардың өңірлік пулын қалыптастырып, өңірлерді дамытуға талантты жастарты тарту көзделіп отыр. Сан сатылы сыннан өткен 10 адам сайланатын лауазымдарды қоспағанда жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады.

Резервке қатысатындарға қойылатын талаптар әзірленген. Өңіріміздің кадр резервіне 10 адамға дейін қабылдау жоспарланып отыр. Олардың жас 35-тен аспауы тиіс. Жоғары білімді әрі еңбек өтілі 3 жылдан кем болмауы қажет. Еңбек өтіліне келетін болсақ, үміткерлер кез келген салада кемі 3 жылдан кем жұмыс істеуі қажет. Яғни, міндетті түрде мемлекеттік қызметте еңбек еткені талап етілмейді. Қазақстанның азаматы болуы шарт.

1-31 наурыз аралығында құжаттар қабылданады. Үміткерлер құжаттарын жобаның арнайы onir.pkrezerv.gov.kz сайтында тапсырады. Өтініш түскеннен кейін департамент бес жұмыс күні ішінде кандидаттың келесі кезеңге өтетіні немесе өтпейтіні туралы шешім шығарады. Құжаттарын тапсырғаннан кейін үміткер өңірді және салалық бағытын таңдайды. Айта кету керек, аймақтарда алғаш рет түзілетін резервке 7 бағыт айқындалыпты. Олар — индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, әлеуметтік сала, экология, цифрландыру. Үміткер бір ғана өңірді және салалық бағытты таңдайды. Содан кейін тестілеу күні мен уақытын таңдау мүмкіндігі ұсынылады.

Өз тілшіміз.