Кеше Естай атындағы мәдениет сарайының Конституция алаңында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Бірлігіміз жарасқан!» атты думанды мереке өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары жиналған шараға облыс әкімі Асайын Байханов қатысты.

 

Шара Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры әртістерінің театрландырылған қойылымымен ашылып, үлкен концерттік бағдарламаға ұласты. Мерекелік бағдарламада жергілікті мәдени орталықтардың кәсіби әншілері ән шырқап, өнер ұжымдары өз өнерлерін көрсетті.

Мерекелік шара барысында облыстық музейлер мен Павлодар облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған этномәдени бірлестіктердің бірлесуімен көрме ұйымдастырылды. Онда өзге ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына қатысты заттар қойылды.

Сондай-ақ, павлодарлық суретшілердің көрмесі, қазақша күрес, қол күресі секілді қазақтың ұлттық ойындарынан спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Ойынға қатысқан қонақтар ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Бірлік пен татулық, тыныштық пен бейбітшілік күнінде шаһар тұрғындары әр ұлттың әні мен биі, өнерімен кеңінен танысып, тамсанды.

Айта кетейік, 1 мамыр мерекесіне орай облыстың барлық қала, аудан, ауыл орталығында түрлі мерекелік бағдарлама мен спорт сайыстары ұйымдастырылып, жоғары деңгейде аталып өтілді.

Хусайн ГУЛОВ, облыстық «Ситораи Сомон» тәжік этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Жерлестерімді 1 мамыр мерекесімен құттықтаймын. Бүгінде Қазақстан халқының бірлігі – мықты әрі өркен-деген мемлекеттің көрсеткіші. Әрине, бұл біздің елімізде болып жатқан толеранттылық пен мәдениетаралық диалогқа негізделген. Біз өз Отанымызды жақсы көреміз. Оны мақтан тұтамыз. Баршаңызға бейбітшілік, мейірімділік, шыдамдылық, бір-біріңізге деген мейірімді қарым-қатынас және түсіністік тілеймін!

Айдана Боранбаева.