Өткен жылы облыс орталығында фермерлік базар ашылған еді. Дәл сондай базар биыл Ақсу қаласында да іске қосылмақ. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен өнімдерді сатып алушылар үшін тиімді алаң болуы тиіс.

 

Бүгінгі таңда аталмыш фермерлік базарға барлық инженерлік желілер тартылып, 40 жұмыс орны құрылды. «Сарыарқа» деп аталатын сауда орны осы жылдың қазан айына жоспарланған. Сонымен қатар, кәсіпкер өнімдерді сақтауға және сұрыптауға арналған ғимарат салуды жоспарлап отыр.

Бұл жобаның жүзеге асу барысы облыс әкімдігінде өткен жиын барысында талқыланды. Аймақ басшысы павлодарлық «JAILAU» үлгісіндегі фермерлік базарлардың әлеуметтік маңыздылығын еске салды.

– Мен фермерлік базарларды ашудың үш негізгі критерийін айқындадым: делдалдарға жол бермеу және ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей өндірушілерден сату, төмендетілген жалдау құны және келісімшарт мерзімі кемінде 15 жыл болу керек, – деді А.Байханов.

Сол сияқты Ақсу қаласында аумағы 176 гектар инвестициялық аймақ құрылмақ. Тиісті жол картасы да қабылданды. Мұнда тамақ және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары іске қосылады. Ақсу әкімдігі және «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуде. Аймақ басшысы инвестициялық аймаққа инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді жылдамдатуды, оны дамыту жөніндегі негізгі іс-шаралардың тізімін екі апта мерзімде ұсынуды тапсырды.

Ал Екібастұз қаласында жоғары сапалы катодты мыс шығару бойынша инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Бұл ретте облыс әкімі Асайын Байханов «Fonet Er-Tai Mining» ЖШС компаниялар тобының басшылығымен кездесті. Мыс концентратын алатын тау-кен кәсіпорнының байыту фабрикасы Екібастұз қаласының ауылдық аймағындағы Әлкей Марғұлан атындағы ауылдың маңында орналасқан. Қазіргі уақытта «Fonet Er-Tai AK MINING» ЖШС «Коджанчад кен көріністері тобының» кен орындарынан катодты мыс өндіретін гидрометаллургиялық зауыт салу» ірі инвестициялық жобасын іске асыруға кірісуде. Инвестиция көлемі – 9,4 млрд теңге. Өндіріс қуаттылығы жылына 5000 тонна катодты мыс құрамақ. Нәтижесінде 300 жұмыс орны ашылады.

Аймақ басшысы инвестормен 2024-2026 жылдары іске асырылатын инвестициялық жобаны іске асырудың барлық кезеңдерін талқылады. Бүгінгі таңда «KEGOC» АҚ-мен электр қуатымен қамтамасыз ететін желілерді салуға келіссөздер жүргізіліп, техникалық шарттар алынып, құжаттаманы рәсімдеу және геологиялық барлау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

– Кәсіпорынды іске қосу елдегі мыс концентратын қайта өңдеуге және жоғары бағамен экспортқа бағдарланған өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл жоба өңірдің басым жобаларының пулына енуі тиіс деп санаймын, – деп қорытындылады А.Байханов.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.