Батыр марапатының көшірмесі табыс етілді

Сәу 23, 2026

Кеңес Одағының батыры Қанаш Қамзин 1944 жылы 15 сәуірде Молдова жерін фашистерден
азат етуде ерлікпен қаза тапқаны белгілі. Бірақ осы күнге дейін батырға тиесілі «Алтын жұлдыз» медалі мен оған қоса берілетін «Ленин» ордені Ресейде қалып отыр. Жуырда өңірімізге белгілі ерлік жолын насихаттаушы «Панфиловшылар» тобы Қанаш Қамзин ауылындағы орта мектепке батырдың марапатының көшірмелерін табыс етті.

Белгілі қоғам қайраткері Жұмабек Қамзин бастаған белсенділер Қ.Қамзин орта мектебінде «Ерлік сағаты» шарасын ұйымдастырып, оған Ақсу қаласының еңбек ардагерлері, құрметті азаматтары, осы өңірден түлеп ұшқан белгілі тұлғалар, мектеп оқушылары, мәртебелі меймандар, өлкетанушылар, алғашқы әскери дайындық пәндерінің мұғалімдері қатысты.

Ең алдымен салтанатты шараға қатысушылар мектептің музейін аралап, ондағы құнды архивтік және фото деректермен, заттармен танысты. Сондай-ақ, батыр туралы деректі фильмді тамашалады. Айта кетелік, 1970 жылдары осы мектептің оқушылары осы ауылдан шыққан батыр Қанаш Қамзиннің мәңгі тыным тапқан жері – Молдованың бауырластар зиратына барып, ұмытылмас әсер алған болатын. Солардың бірі — бүгінде елімізге танымал ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, осы ауылдың түлегі Айман Зейнулина. Ол сол кезде өзінің небары үшінші сыныпта оқитынын, барлығы есінде екенін айтты. Бұл сапар сол кездегі мектеп басшысы, осы ауылдан шыққан екінші батыр, Социалистік Еңбек Ері Мәжен Қабылбековтің ұйымдастыруымен өткен болатын.

Ерлікті насихаттау шарасы осы жолы да жалғасын тапты. Жиналғандар мектеп алдындағы батыр мүсініне гүл шоғын қойды. Одан кейін жергілікті мәдениет үйінде «Ерлік сағаты» бастау алды. Оның ашылу барысында ауыл өнерпаздары майдан әндерін шырқап, шараның мазмұнын арттырды. Осы сахнада мектеп директоры Қанат Шайғазинге батырдың «Алтын жұлдыз» медалі мен «Ленин» орденінің көшірмелері салтанатты түрде табыс етілді. «Панфиловшылар» қозғалысының мүшелері видеофильм көрсетіп, осы кезеңге дейін біздің Әбілқайыр Баймолдин, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Ибраим Сүлейменов сынды батырларымыз ерлік көрсеткен, мәңгілікке топырағын жамылған Псков, Невель, тағы басқа көптеген жерлерде ескерткіш қойып, алаңдарға есімдерін бергізіп, өнегелі тағзым шараларын ұйымдастырған болатын.

«Ерлік сағатының» қонағы — еңбек ардагері Сүйіндік Бекбауов мұндай шаралар жастарға ерекше өнегелі екенін айтып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Мектеп директоры Қанат Шайғазин бұл күннің ерекше тарихи оқиға екенін айтып, батырдың марапатының келуі жастар үшін зор рухты шара екенін жеткізді.

Айта кетелік, Кеңес Одағының батыры, павлодарлық Қанаш Қамзиннің «Алтын жұлдызы» Мәскеуде қалғаны туралы алғаш рет 2015 жылы «Сарыарқа самалы» газеті зерттеу жұмыстары барысында анықтаған болатын. Оны Батырдың келіні, яғни туған бауыры Шора Қамзиннің үйіндегі бәйбішесі Биғайша апамыз айтқан еді. Содан кейін газет редакциясы батыр марапаттарын елге қайтару туралы мәселе көтеріп, облыстық қорғаныс істері департаменті арқылы Ресейдің Орталық архивіне хат жолдап, сұрау салған болатын. Алайда, Ресей Федерациясының заңы бойынша мұндай жәдігер шекарадан тыс жерлерге берілмейді екен. Тек қана батырдың ата-анасына, жұбайына, балаларына ғана табыс етіледі екен. Ата-анасынан жастай жетім қалған батыр небары 21 жасында Алматыдан соғысқа аттанған, яғни үйленбеген, тікелей ұрпағы жоқ. 1966 жылы Батырдың грамотасын туған інісі Шораның тікелей атсалысуымен Мәскеуден жеткізілген болатын. Онда да алдымен педагогикалық білім алған Қанаш Қамзиннің есімін мектепке беру арқылы ғана елге келді.

Газет редакциясының сұрауына жауап берген Ресейдің Подольскідегі орталық архиві осылайша батырдың марапатын беру туралы ұсынысымызды қанағаттандырмады. Егер бұл жоғары марапат елімізге, Павлодар өңірінің Әскери даңқ музейіне әкелген жағдайда қандай үлкен рух, жастарға өнегелі шара болар еді десеңізші. Болашақта бұған да екі ел арасындағы тату-тәтті әріптестік арқасында қол жетіп қалар, кім білсін…

Дегенмен, Жұмабек Қамзин бастаған «Панфиловшылар» тобы «Сарыарқа самалы» газетінің көтерген ұсынысын іліп әкетіп, мүмкіндігінше нағыз орден мен медальға ұқсайтын марапаттар көшірмесін жасатқызып, мектеп мұражайына табыс етті. Бұл да болса, біле білген ұрпаққа үлкен тағылым. Қазіргідей аумалы-төкпелі уақытта бейбіт заманды насихаттау аса қажет.

«Сарыарқа самалы» газетінің редакциясы орта мектептің музейіне Қанаш Қамзин туралы зерттеу барысында жинақталған батырдың жеке фотосуреттері және әскери қорлардан алынған архивтік деректер, газет жарияланымдары мен «Боздақтар» кітабының 4 томын тарту етті.

Айта кетелік, Қанаш Қамзин есімі өзінің туған ауылына тұрғындардың сұрауы бойынша 2023 жылы қайтадан берілді. Бұрын кеңшарға берілген батыр есімі кейінгі кезеңде ауылдарды оңтайландыру нәтижесінде ресми жазу-
дан тыс қалып қойған болатын. Ендігі жерде ауылдастар батыр аталарының рухына тағзым етудің үлгісін көрсетуде.

«Панфиловшылар» тобы осыған дейін Ақтоғай ауданында Серікбай Мүткенов батырдың марапатының көшірмесін табыс етіп, осындай «Ерлік сағатын» өткізген болатын. Ж.Қамзиннің айтуынша, болашақта батырлардың ерлігін насихаттау бойынша осындай шаралар жалғасын таба бермек.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,

Қанаш Қамзин ауылы, Ақсу қаласы.