Су – шексіз ресурс емес!

Шіл 9, 2026
Foto Valeriy BUGAYEV

Су – тіршіліктің көзі ғана емес, стратегиялық маңызы бар табиғи ресурс. Сондықтан оны тиімді пайдалану мен қорғау ісі зор жауапкершілікті талап етеді. Осы салада қырық жылдан астам еңбек еткен Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану және су ресурстары басқармасының статистигі Қазымбек Баймағанбетов бұл саланың тұтас ел экономикасындағы маңыздылығына тоқталды.

Қазымбек Баймағанбетов еңбек жолын 1984 жылы Павлодар облыстық су шаруашылығы мекемесінде инженер болып бастаған. Жас маман ретінде тәжірибе жинақтап, кейін басқарма басшысы қызметіне дейін көтерілген. 1990 жылдары Павлодар су шаруашылығы мекемесінде жетекшілік етсе, 2000 жылдан бастап Ертіс бассейндік инспекциясының облыстық бөлімшесінде еңбек етті. Зейнетке шыққанға дейін Семей қаласындағы бөлімшенің жұмысын үйлестірді. Ал 2023 жылдан бері Павлодар қаласында жастарға бағыт-бағдар беру және су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстарға үлес қосып келеді.

Маманның айтуынша, өткен ғасырдың 80–90 жылдары салада инженерлер мен гидротехник мамандар, сондай-ақ қажетті техникалық жабдықтар жеткілікті болған. Бүгінде жағдай өзгерген.

– Қазіргі таңда су шаруашылығы саласында білікті мамандар тапшы. Техникалардың басым бөлігі жекеменшік ұйымдардың қарамағында болғандықтан, біздің міндет – олардың су пайдалану талаптарын сақтауын бақылау. Су ресурстарын ұтымды пайдалану – бүгінгі күннің басты талабы, – дейді Қазымбек Баймағанбетов.

Соңғы жылдары елімізде су шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2023 жылы құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі саланы дамытудың кешенді жоспарын әзірледі. Жоспар аясында Павлодар өңірінде бірнеше гидротехникалық нысанды қалпына келтіру көзделген. Оның ішінде Ертіс–Успенка каналының құрылысын аяқтау, Қаныш Сәтбаев атындағы каналды жаңғырту, гидротехникалық құрылыстарды күрделі тексеруден өткізу және қалпына келтіру жұмыстары бар. Сонымен қатар тұрақты суармалы алқаптар мен лиманды жайылымдардың көлемін ұлғайту жоспарланған.

Өңірдегі су шаруашылығы мамандары жыл сайын Ертіс өзенінен келетін жайылма судың көлемін бақылап отырады. Бұл – ауыл шаруашылығы үшін аса маңызды көрсеткіштердің бірі. Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің арнайы су есептеу құралдарын орнатуы да — заң талаптарының бірі. Бұл пайдаланылған су көлемін нақты есептеп, оны үнемді пайдалануға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ бастапқы су пайдаланушылардың арнайы рұқсат құжаты болуы міндетті. Мұндай құжатсыз су пайдаланған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл көлемі кәсіпорынның санатына және пайдаланылған су мөлшеріне қарай белгіленеді.

Қазымбек Баймағанбетов өзінің еңбек жолындағы ең күрделі кезеңдердің бірі ретінде 2012 жылғы көктемді еске алады. Сол жылы Ертіс өзенінде су деңгейі көтерілмей, жайылмаға су жіберу мәселесі туындаған.

– Сол кезде біз екі таңдаудың алдында тұрдық: жайылымдарды сумен қамтамасыз ету немесе өңірді ауызсусыз қалдырмау. Ертістегі су қоры жеткіліксіз болғандықтан, жайылмаға су жібермеу туралы шешім қабылданды. Әрине, бұл шешімге келіспегендер болды. Алайда уақыт өте келе оның дұрыс қадам болғанына көз жеткіздік. Су — шексіз ресурс емес. Сондықтан оны әрдайым үнемдеп пайдалануымыз қажет, – дейді ол.

Қазымбек Қартайұлының айтуынша, бүгінгі таңда шаруашылықтар су үнемдейтін жаңбырлатып және тамшылатып суару технологияларын кеңінен енгізіп келеді. Бұл су шығынын азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Саладағы тағы бір өзекті мәселе – кадр тапшылығы. Осыған байланысты мамандар жоғары оқу орындарының студенттерімен тұрақты кездесулер өткізіп, су шаруашылығының маңызы мен болашағы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жастар өз жобалары мен жаңа технологиялық идеяларын ұсынып, тәжірибеден өткізгенімен, бұл салаға келетін мамандар саны әлі де жеткіліксіз.

Қырық жылдан астам уақытын су шаруашылығына арнаған Қазымбек Баймағанбетовтің пікірінше, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету –  мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Су ресурстарын тиімді пайдаланумен қорғау – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік.

 

Сара  ӘБДОЛ.