Қазіргі таңда ата-аналар түрлі себептермен балаларын әскери борышын өтеуге жіберуді қаламайды. Жоғары оқу орнын бітірген бозбалалар да қырық күндік әскери дайындық курсынан өтіп, әскери билеттерін қолына алуды жөн көреді. Әскери-техникалық мектепте оқудың артықшылығы неде? Баламалы әскери дайындықтан өтуге қойылатын талаптар қандай? Осы сұрақтардың жауабын білу мақсатында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары – тәрбие, идеологиялық және әскери-патриоттық жұмыстар басқармасының бастығы Алмасбек Бұхарбаевпен сұхбаттасқан едік.

 

–  Алмасбек Асылбекұлы, әскери-техникалық мектепке оқуға түсушілерге қандай талаптар қойылады?

– ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебінің Павлодар облыстық филиалы жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп әскери-техникалық мектебіне түсу үшін кандидаттарды іріктейді. Әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша даярлауға өтеулі негізде мекемеге қабылдау үшін жастар бірнеше критерийлер бойынша іріктеледі. Әскери міндеттілердің денсаулық жағдайы әскери қызметке жарамды болуы, 24-27 жас аралығындағы әскерге шақырылушылар, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды немесе шектеулі жарамды, оның ішінде әскери қызметке шақырудан кейінге қалдырылғандар осы мүмкіндікті пайдалана алады. Ақылы негізде оқыту үшін әскерге шақырылушыларды, әскери міндеттілерді жалдау ерікті негізде жүзеге асырылады. Әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілерді медициналық куәландыру ҚР Қорғаныс министрінің №373 бұйрығымен бекітілген ҚР Қарулы Күштерінде әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес медициналық комиссия жүргізіледі.

–  Әскери-техникалық мектепке түсудің ретін түсіндіріп берсеңіз…

– Үміткерлер әскери оқуға түскен кезде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалына, яғни халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш береді. Онда ҚР азаматының жеке куәлігі және медициналық куәландыру картасы электронды түрде ұсынылады. Оқуға түсу туралы хабарламаны алғаннан кейін екінші деңгейдегі банктерде ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебінің облыстық филиалында оқу ақысын төлейді. Қазіргі таңда оның құны – 305 000 мың теңге. Қазіргі уақытта 117 адам оқуын аяқтап, 24 әскери міндетті мекемеде дайындықтан өтуде. Сондай-ақ, ҚР Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектептің облыстық филиалына әскери дайындалған резервке Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстары өз өкілдерін жібереді. Себебі, бұл өңірлерде жоғарыда аталған мамандықтар бойынша мамандар даярлауға мүмкіндік жоқ.

– Баламалы әскери дайындық курсынан өту үшін қандай құжаттар қажет?

– Азаматтар әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша оқу үшін тиісті құжаттарды тапсыруы тиіс. Нақтылай айтқанда, өтініш, жеке басын куәландыратын құжат, есепке алу-әскери құжат (тіркеу туралы куәлік, әскери билет, уақытша куәлік (әскери билеттің орнына), әскери қызметке жарамдылық санаты туралы медициналық куәландыру картасы, әскери қызметке жарамдылық туралы анықтама, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталығынан соттылығы болмағанын растайтын құжат қажет.

– Қысқа мерзімді әскери дайындық кезінде үміткерлер қандай білім алып шығады?

– Әскери-оқыту резерві бағдарламасы бойынша 40 күндік оқу кезеңінде түлектер «атқыш» және «атқыш-санитар» мамандықтарын игереді. Сондай-ақ, жастар әртүрлі әскери дайындық бағыттарында білім алады. Мәселен, саптық, атыс, тактикалық, мемлекеттік-құқықтық, әскери-топографиялық және байланыстың жаңа түрлері бойынша дағдыларды меңгереді. Осы орайда, әскерге шақырылуға дейінгі жастардың ҚР Қарулы Күштері үшін қажетті әскери-техникалық мамандар тізбесіне кіретін «ВС 1С» санатындағы жүргізуші мамандығын тегін алуға мүмкіндігі барын атап өткім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан –

Торғын ОРАЗАЛЫ.