Набережное ауылында бір мезетте 50-ге жуық науқасты қабылдай алатын дәрігерлік амбулатория ашылды. Осылайша, ел Тәуелсіздігінің қарсаңында ауыл тұрғындары үшін тамаша тарту жасалды.

Жаңа емдеу нысанының ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Николай Дычко бүгінгі таңда Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде елеулі іс-шаралар атқарылып жатқанын тілге тиек етіп, әсіресе денсаулық саласына ден қоюшылық жылдан-жылға артып келе жатқанын ерекше атап өтті.

– Дәрігерлік амбулатория «AMANAT» партиясының жол картасы шеңберінде «Салауатты ұлт» жобасы аясында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мақсатында ашылды. Ауыл тұрғындары санының өсуі мен олардың денсаулық көрсеткішін ескере отырып, медициналық қызметтерді ыңғайлы және қолжетімді ету керек, – деді аудан басшысы.  Жаңа емдеу нысанында дәрігерлік қабылдау кабинеттері, әлеуметтік қызметкер кабинеті, жедел жәрдем бөлімі, егу, проце-дуралық, физиотерапиялық кабинеттер, күндізгі стационар, изолятор және басқа да қажетті үй-жайлар қарастырылған. Дәрігерлік амбулатория кәсіби дәрігер мамандармен, электронды-цифрлық техно-логиялардың барлығымен қамтылды. Енді ауыл тұрғындары қалаға бармай-ақ, қажетті медициналық көмекті ауылдан ала алады.

 

А.МҰҚЫШЕВ.