Ақсу қаласының ауылдық аймағында еңбек ететін жас мамандар «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасының игілігін көріп келеді. Биыл да жас мамандарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау үшін қомақты қаржы қарастырылды.

Ақсу қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі Лунара Кудикенованың айтуынша, «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы аясында қарастырылған бюджеттік несиенің көлемі – 2 мың айлық есептік көрсеткіш. Бұл дегеніңіз – 7 млн 384 мың теңге. Ол 15 жылға дейінгі мерзімде 0,01 пайыздық жылдық мөлшерлемемен беріледі. Ал көтермеақының көлемі 100 айлық есептік көрсетіш немесе 369 200 теңгеге тең.

– Биыл 13 адамға бюджеттік несие беру қарастырылған. Ол үшін республикалық бюджеттен 95 млн 992 мың теңге бөлінді. Ал 50 адамға көтермеақы ретінде 18 млн 460 мың теңге беру жоспарланған. Бұл сома – жергілікті бюджеттің қаражаты, – дейді сектор меңгерушісі.

Осы жылдың алғашқы тоқсанында көтермеақыны 16 адам алды. Оларға барлығы 5 млн 907 мың теңге берілді. Төлем алғандардың қатарында денсаулық сақтау саласының бір маманы мен білім беру саласының 15 өкілі бар.

С.САҒЫНАЙ.