Кезінде ауыл баласына таңсық көрінген түрлі тағамдар бүгінде олардың іргесіне жетіп, аракідік дәмін татып тұру мүмкіндігі молайды. Мәселен, Железин ауылында ашылған, кез келген асханада кездесе бермейтін фастфудтық өнімдер ұсынатын шағын дәмхана бірнеше айдың ішінде тұрғындардың сүйікті орнына айналыпты.

Жүсіпбеков Ержан мен Индира Айтбекова былтыр сәуір айында еліміздің батысындағы Ақтау қаласынан Павлодар облысының Железин ауданына қоныс аударған. Төрт қыздың ата-анасы жаңа қоныста жаңа кәсіппен айналысуды жөн көреді.

– Мемлекеттен бизнес бастауға қайтарымсыз қаржы берілетінін естідік. Өтінім беріп, өткен жылы 1 млн 280 мың теңге көлемінде грант алдым. Бұрын дәмханада көп жыл аспаз болып істеген едім. Сол тәжірибемді кәсіпке айналдыруға бел будым. Қаржылай қолдаудың арқасында шағын дәмхана аштым, – дейді Индира Қараманқызы.

Бұл бизнесті ілгерілетуге Индираның жұбайы мен былтыр мектеп бітірген қызы Құндыз қолғабыс жасайды. Бүгінде бұл дәмханада үлкен де, кіші де сүйсіне жейтін пицца, донер, фри картобы, гриль сынды тағамдар дайындалады. Мемлекеттен алған қайтарымсыз қаржыға кәсіпкер гриль пеші, фритюрница сынды жабдықтар, ас бөлмеге қажетті керек-жарақтарын алған. Алғашында үйден пісіріп, тұтынушыларға ұсынып келген. Жеткізіп беру қызметін де қолға алыпты. Бүгінде железиндік тұрғындар бұл дәмханада кішігірім отырыстар, балалардың туған күндеріне арналған мерекелік дастархан жайып, туыс-туғанымен, достарымен бас қосуды да дәстүрге айналдыруда.

– Фастфудтық өнім-дерді пісіруді, оны сату, жеткізіп беру, дәмхана-мызда меймандарды күту сынды қызметтерді қызым ширатып әкетті. Қазіргі таңда өзі-ақ барлық істі атқаруға қауқарлы екенін көрсетіп отыр. Сондықтан біз бұл бизнесті қызымызға ары қарай дамытуға қалдыруды жөн деп отырмыз, – дейді Индира Айтбекова.

Осылайша, кәсіп ашып, оны дамытудың қыр-сырын түсініп алған отбасы енді бизнесті одан әрі кеңейтпек ниетті. Нақтысы, қызы да грант конкурсына қатысып, өткен жылы 1 млн 320 мың теңге алыпты. Енді бұл қаражатқа Жүсіпбековтер жанұясы ыстық тағамдар пісіріп, кішігірім той-томалақ өткізуге жарайтын дәмхана ашуды жоспарлап отыр.

Өзге өңірден қоныс аударған отбасы қазіргі таңда жаңа мекенге бейімделіп қалған. Индира Айтбекованың айтуынша, олардан бұрын көшіп келген жерлес таныстары Железин ауданындағы мүмкіндіктерді алға тартқан. Сөйтіп, былтыр жыл басында өзі келіп, мән-жайды көріп қайтады. Содан кейін отбасымен қоныс аударыпты. Үлкен қызы Ақтауда тұрмыста, екінші қызы өзімен бірге бизнесті дөңгелетуде. Ал кіші қыздары мектепте оқып жатыр.

– Жаңа қонысқа келіп, баспаналы болдық. Оған қоса, мемлекет іс бастауға жағдай жасады. Грант алып, өз бизнесімізді ашып отырмыз. Әлі кеңейтіп, табысты көбейтпек ойдамыз. Кеңейсек, бірқатар адамды тұрақты жұмыспен қамтитын боламыз. Осы ауданда тұрақтап, болашағымызды жаңа өңірмен байланыстырып жатқан жайымыз бар, – дейді Ақтаудан қоныс аударған ана.

Жалпы, былтыр Железин ауданында мұндай грант 24 азаматқа беріліпті. Аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Қайрат Ибрагимовтің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы қайтарымсыз қаржы алғандардың көбі мал алып, өсірумен айналысуда. Сонымен қатар, қоғамдық тамақтану саласына бет бұрғандар, дәнекерлеу ісін қолға алғандар бар. Айта кетейік, жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға берілетін бұл мемлекеттік гранттарға халықтың төрт санатына жататындар қатыса алады. Олар – арнайы бағдарламамен еңбек күші көп өңірлерден көшіп келгендер, аз қамтылған отбасылар, көпбалалы отбасылар және мүмкіндігі шектеулі жандар.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ