Биыл облыс орталығында атқарылған жұмыс жетерлік. Аймақ жұртының тең жартысы тұратын шаһарда тұрғындарға жайлы жағдай жасау – басты мақсат. Осы тұрғыдан алғанда инфрақұрылымдық жаңашылдықтарға баса мән берілді.

Қалалардағы негізгі мәселе жылумен қамту екені белгілі. Бұл ретте биыл алғаш рет облыс орталығында кварталішілік желілер жаңартылды. Бұған дейін мұндай жоба қолға алынған емес. Алдымен жылу желілерінің 97-98 пайызы ескірген төрт аумақта 12 шақырым жылу желісі салынды. Келесі жылы Усолка шағын ауданындағы құбырлар ауыстырылмақ. Сөйтіп, алты жыл аралығында барлығы 158 шақырым желіні жаңарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, №37 жылу магистралі қайта жаңартудан өтті. Бұл – бұған дейін пәтерлері жылынбай, өз үйлерінде бүрсең қағып отырған тұрғындар үшін қуанышты жайт. Сонымен қатар, алғаш рет облыс орталығындағы барлық 40 балабақшаның ауласына асфальт төселді. Көпқабатты тұрғын үйлердің 100 ауласы мен өткелдерде де асфальт жаңарды. Инфрақұрылымдық жаңарту туралы сөз қозғағанда облыс орталығындағы автобус паркі биыл бірден 110 жаңа автобус- пен толыққанын айтпай кетпеске болмас. Әсіресе, тұрғындардан шағым көп түсетін шағын қоғамдық көліктер ауыстырылды. Айталық, бұрын №111, 152 маршруттарымен сирек әлі лық тола қатынайтын автобустарды №11, 52 бағыттағы үлкен автобустар алмастырды. Сөйтіп, жолаушыларға жайлы жағдай жасалды.