Көктөбе ауылының тұрғындарын көптен бері толғандырып жүрген мәселенің бірі – жол. Әсіресе, жауын-шашыны мен қарлы бораны түтеген қыс айларында ауылға көлікпен кіріп-шығу үлкен азап. Биыл көкейкесті мәселесі оң шешімін тауып, мекеннің 9 көше жолы жөндеуден өтті.

Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 267 миллион теңге жұмсалды. Бұл сомаға бұрын-соңды асфальт көрмеген ауылдың тоғыз көшесі қайта қалыпқа келтірілді.  Жолдардың жалпы ұзындығы 7464 метрді құрайды. Жұмыстарды «Павлодар жолдары ЖШС» мердігерлік ұйымы атқарды. Жалпы, жұмысқа 12 техника мен 20-ға жуық адам жұмылдырылған. Сондай-ақ, демеушілердің қолдауымен ауыл-дағы мешіттің, Көктөбе орта мектебі және Е.Мұқашев атындағы орта мектебінің алдына асфальт жабыны төселді. Сондай-ақ, биыл Ақшиман-Лекер жолында күрделі жөндеу жұмыс-тары басталды. Тасжол  Май және Баянауыл аудандарын жақындатпақ. Осы жылға бөлінген сома 605 000 мың теңгені құрайды.