Моисеевка ауылындағы шағын мектеп аймағымыздағы апаттық жағдайдағы үш мектептің бірі еді. Биыл бұл жайсыз жағдай жойылып, заманауи білім ордасы оқушылар мен мұғалімдерге есігін айқара ашты.

Ауылдықтар мектеп құрылысынан үміт үзіп, балаларын аудан орталығына тасимыз ба деп алаңдап жүрген еді. Бірақ ауылға шамшырақ боп шағын мектеп бой көтерді. Мағжан Жұмабаевтың есімі берілген мектеп 100 орынға шақталған. Бүгінде елуге тарта өрен осында білім алуда. Мектеп ғимараты алыстан көз тартады. Шағын ауылдың шырайын келтіріп тұр. Іші заманауи технологиялық жабдықтармен, компьютерлік техникамен қамтылған. Жарық әрі кең кабинеттерде білім алған балалар келешекте ел дамуына үлес қосады деген сенім бар.