Ауданда лагерьде жүрген оқушыларға полиция қызметкерлері қызықты экскурсия ұйымдастырды.
Танымдық бағытта өткен шара жедел басқару орталығынан басталды. Аға инспектор, полиция майоры Руслан Бақтыбаев оқушыларға жол жүру ережелері мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезіндегі қолданылатын құралдарды көрсетті. Балалар бронжилет пен касканы киіп көріп, полицей таяқшасын ұстап қызықтады.
Ал кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға инспектор Қуат Сәрсембаев балаларды «Ричи» атты қызметтік итпен таныстырды. Оқушыларға кинология орталығында жұмыс істейтін төрт аяқты сақшының қызметтегі ерлігі баяндалды. Бұдан кейін балаларға қызметтік көліктер көрсетілді.
— Экскурсия өте қызықты болды. Полицейлердің қызметімен танысып, өзімізді бірер сәтке тәртіп сақшысы ретінде сезіндік. Естелік суретке де түстік. «Ричидің» жұмыстағы қырағылығына таң қалдық. Тәртіп сақшыларына танымдық кеш үшін алғыс айтамын, — дейді Ертіс №2 мектебінің 10-сынып оқушысы Бота Есенжан.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.
ЕРТІС АУДАНЫ
