Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, адал азамат болып шығуы керек. Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы қажет», деген болатын. Президенттің тапсырмасы аясында биыл ҚР Оқу-ағарту министрлігі өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықты сіңіруге бағытталған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын құрастырды. Жаңа оқу жылынан бастап аталған бағдарлама аймағымыздағы барлық балабақша, мектеп пен колледждерде оқытылады. Жаңа оқу бағдарламасы несімен ерекшеленеді? Қалай жүзеге асырылады? Осы орайда, Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернаты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлдана Теміржановамен тілдескен болатынбыз.
— Гүлдана Қазболатқызы, жақында Астана қаласында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын меңгеру бойынша арнайы оқудан өтіп келгеніңізді білеміз. Жаңа оқу жылында жүзеге асырылатын бағдарламаның ерекшелігіне тоқталып өтсеңіз…
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында негізгі 6 құндылықты атап өтті. Бұл ретте ҚР Оқу-ағарту министрлігі Әділетті Қазақстан, Адал азамат, Озық ойлы ұлт атты үштағанды әзірледі. Соның аясында Тәуелсіздік және отаншылдық, Жасампаздық және жаңашылдық, Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, Заң және тәртіп, Бірлік және ынтымақ, Әділдік және жауапкершілік атты 6 негізгі құндылықты бекітті. Жаңа оқу жылында балабақша тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары, колледж студенттері оқу бағдарламасында осы құндылықтарды негізге ала отырып білім алатын болады. Жоғарыда аталған құндылықтардың аясында балаларға құқықтық мәдениет және медиа сауаттылық, буллингсіз әлем, тәрбие парадигмасын жаңарту, ұлттық бірегейлік, экологиялық мәдениет және қоғамға қызмет бағыттары – тәрбие үштағанының идеологемалары деп бекітілді. Міне, жаңа оқу жылында осы бағыттар оқу бағдарламасына енгізіліп, ұстаздар қауымы балалардың бойына осы құндылықтарды сіңіретін болады. Аталған бағыттар барлық пәнде қарастырылатынын атап өткен жөн. Бұл ретте ұстаздар қазіргі қоғамның басты мәселелерімен күресу жолында еңбек етеді. Атап айтсақ, вейп, нашақорлық, лудомания, вандализм, діни экстремизм, буллинг, зорлық-зомбылық және ысырапшылдықтың алдын алуда күш біріктіреді. Өзекті тақырыптар балабақшадан бастап оқытылатын болады. Бұл жаңашылдық арқылы адал ұрпақ тәрбиелеу көзделіп отыр.
— Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Ұстаздар қауымы оқу бағдарламасын меңгеріп үлгерді ме?
— ҚР Оқу-ағарту министрлігі Павлодар облысы әкімдігіне арнайы хат жолдады. Онда «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын оқу бағдарламасына енгізу және оны жүзеге асыруда мемлекеттік мекемелерді жұмылдыру мәселесі жазылған.
Аймағымыздағы балабақша тәрбиешілері, мектеп ұстаздары мен колледж оқытушылары жаңа бағдарламаны тыңғылықты меңгеруде. Бұл ретте министрлік әр облыстан тренерлерді дайындады. Әуелі маусым айының 19-21 аралығында Астана қаласына бағдарламаны құрастыру үшін барып келдік. Одан кейін 29 шілде мен 2 тамыз аралығында білім беру басқармаларының басшылары оқытылды. Олар елордада «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын меңгерді. Ал 5-10 тамыз аралығында аймағымыздан тағы 9 адам Астана қаласына барып, арнайы оқудан өтті. Оның қатарында өзім де бармын. Жаңа бағдарлама бойынша аймағымыздың білім беру мекемелері ортақ логотип құрастырды. Өткен аптадағы жағдай бойынша барлық білім ошақтарындағы тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлармен аудандағы білім беру мекемелерінің әдіскерлері оқытылды. Сонымен қатар, қосымша білім берумен айналысатын педагогтар да жаңа бағдарламаны меңгерді. Біз тәрбие ісі жөніндегі 320 орынбасарды оқытсақ, олар өз мектептерінде жалпы саны 6230 сынып жетекшісіне бағдарламаны меңгеруге көмектеседі.
— Ұстаз ретінде үштаған идеологемасы қазіргі ұрпаққа не береді деп ойлайсыз? Қандай нәтижеге жете аламыз?
— Үштаған идеологемасы ұстаздар қауымына барлық мемлекеттік мекемемен ортақ жұмыс істеуге мүмкіндік береді. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының аты айтып тұрғандай қоғам бала тәрбиесі мәселесінде күш біріктіретін болады. Жаңашылдық осымен құнды. Бұл ретте құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау саласы, әлеуметтік қорғау мекемелері бәрі бірлесіп жұмыс атқаратын болады. Өздеріңіз білесіздер, жоғарыда аталған мекемелер бала қандай да бір оқыс жағдайға тап болғанда ғана жұмысты күшейтеді. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы балаларды оқыс жағдайлардан, жаман әдеттен аулақ болуға үйретуі керек.
Жаңа оқу жылынан бастап әрбір білім беру мекемесінде өнегелі 15 минут деген жоба енгізіледі. Оның аясында ата-аналар өз баласымен кем дегенде 15 минут белгілі бір тақырыпта әңгімелесуі тиіс. Ұстаздар қауымы осы мәселеге ықпалдасуы керек. Бұл ретте ата-анаға баламен қандай тақырыпты қозғау керектігі бойынша жол көрсетуіміз керек. Себебі кейбір ата-аналар баласымен қалай әңгімелесу керектігін білмей жатады. Бұл ретте әр тақырыпта арнайы бағдарлама әзірлеп, ата-ана назарына ұсынамыз. Бұдан бөлек, балалар ұлттық ойындарды жиі ойнайтын болады. Үзіліс кезіндегі қоңыраудың әуені күйге ауысады. Апта сайын Әнұран шырқалады. Әрбір білім ордасы аптаның дәйек сөзін белгілейді. Яғни, кабинетке ұлы тұлғалардың қанатты сөзі орналастырылады. «Балалар, аптаның дәйекті сөзі қандай еді?» деген сұрақтың жауабын ұл-қыздарымыз жатқа айтуы тиіс. Осылайша, оқушылар, студенттер нақыл сөздерді санаға тез тоқитыны сөзсіз. Сондай-ақ, қауіпсіздік сабағы да жүргізілетін болады.
Тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Сондықтан қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл азаматты тәрбиелеу маңызды.
— «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы ел болашағы – бүгінгі ұрпаққа тәлім-тәрбие беруге бағытталып отыр. Жалпы, қазіргі балалардың тәрбиесі туралы не айтасыз?
— Бала өмірге келгенде тәрбиесіз болып тумайды. Оның тәртіпті, білімді болуы қоршаған ортасына байланысты. Қазіргі ұрпақ білімді, оқуға құштар, дарынды, талапты деп сеніммен айта аламын.
Қоғамда қазіргі балаларда бәрі бар деген пікір қалыптасқан. Ол рас. Сондықтан технология қарыштап дамыған заманда бүгінгі ұрпақтың адасып кетуі де заңды. Өйткені оларда адасу қаупі зор. Қоғам болып бірлесіп, баланы дұрыс жолға сала білуіміз керек. Әр бала өсіп келе жатқан жас шыбық тәріздес. Бала тәрбиесіне ата-ана жауапты екені рас. Бірақ барлық мәселені бір отбасыға итере салу дұрыс емес. Әке-шеше де балаларын асырау үшін жұмыс істеуге құқылы. Ал бала уақытының көп бөлігін мектепте өткізеді. Ата-ана баласын дұрыс жолға салу үшінде ұстаздар қауымы да дұрыс бағыт бере білуі тиіс. Сондықтан жаңа бағдарлама да ұлағатты ұстаздар қауымына зор міндет жүктеп тұр. Өзіміздің ұрпақ алдындағы борышымызды толық орындау үшін аянбай еңбек етуден жалықпаймыз. Әріптестерімізді де осыған шақырамын.
— Әңгімеңізге рақмет. Жаңа оқу жылында ұстаздар қауымына сәттілік тілейміз.
Сұхбаттасқан – Айдана ҚУАНЫШЕВА.